МерейтойТОП

Хан батыр тойы ел рухын асқақтатты

Даңқты қолбасшы, жекпе-жектің хас шебері, елі мен жерінің бүтіндігі үшін жанын қиған Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына биыл 330 жыл толып отыр.

Тарихты тұлғалар жасайды десек, сол есімдерді ел жадында жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ азаматтық парыз деп түсінуіміз керек. Сананы сергек ұстап, халықтық дүниелерге самарқау қарамайтын Тарбағатай өңірінің тұрғындары бұл жолы да білгендігін көрсетіп, облыс, тіпті республика көлемінде бірінші болып Қабанбай батырдың мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып жіберді. Оның үстіне, бұл өнегелі іс-шаралар Ақжар ауылының 100 жылдығымен, аудан орталығы мәртебесін 25 жылдан соң қайта иелену сәттерімен тұспа-тұс келді. Бір-бірімен үйлесімде астасып жатты.

 5 миллиард теңге бөлінетін болды

Ауылдағы «Қабанбай» саябағында  Көкпекті, Самар, Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Күршім, Ақсуат аудандары және Ақжар, Құйған, Тұғыл, Маңырақ, Жетіарал, Жаңаауыл, Қарасу, Қабанбай ауылдары отызға жуық ақшаңқан киіз үй тігіп, қонақтарды тікесінен тік тұрып күтті, мол дастархан төрінде ақ пейілмен қонақжайлық көрсетті.

Мәдени-спорттық іс-шаралар топтаса келіп «Дарабоз» аталған фестивальдің шымылдығы облыстық драма театрының сахналық қойылымымен түрілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділов аймақ басшысы Даниал Ахметовтің жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

«Ақжардың қайтадан аудан орталығы атануы мен Қабанбай батырдың 330 жылдық тойының қатар келуі батыр ұрпақтарының өңірді өркендету жолындағы істеріне тың серпін береді деп сенеміз. Құрметті тарбағатайлықтар, ардақты ағайын! Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының ыстық сәлемін жеткізе отырып, хабарлағым келетіні: екі күн бұрын Өскеменде «Тарбағатай ауданын кешенді дамыту жоспары» бекітілді. Бүгінгі күнге дейін 700 млн. теңге бөлініп келген болса, қосымша тағы 300 млн. теңгеге қаржыландырылып отыр. Ал келесі жылы осы қаражат бес есе ұлғайтылып, 5 миллиард теңгені құрайтын болады. 2025 жылға дейін осы кешенді жоспар аясында жұмыстар атқарылады. Әзірге ең қажетті деген 48 жоба іске асырылмақ. Оған 7,8 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Ауданның алға қарыштап басуына облыс тарапынан тиісті қолдаулар жалғаса бермек. Бұл ақжолтай жаңалықтармен тойдың аясында бөліскенді жөн санадым. Қадірменді ағайын, батыр бабалар рухы қолдай берсін, дүбірлі той құтты болсын!», – деді облыс әкімінің орынбасары Н.Жұмаділов. Жарқ еткен жақсы жаңалыққа құлақ түрген қалың жұртшылық дүркірей қол соқты, мерекелік көңіл-күйлері одан сайын көтерілді.

Сонымен қатар Самар, Көкпекті және тағы бас аудандардың әкімдерінің құттықтау папкалары мен сый-сияпаттары тойға тәбәрік деп тапсырылып жатты. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Талғат Мәзібаев та төгілтіп сөйлеп, ақжарма лебізін білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Батырларын бағалай білген ел ғана ұлы халық болып саналады», – деген екен бір қолбасшы. Ақжар өңірі елге тұтқа, ұлтқа ұран болған Қабанбай бабамыздың ерлігін әспеттеп, кереметтей қастерлеп жатқанын көріп, өзімнің де кеудемді қуаныш кернеді.

Осыдан отыз жыл бұрын Талдықорған өңірінен басталып, Тарбағатай жерінде жалғасқан 300 жылдығы атап өтілген болатын. Содан бері сол деңгейге жеткен, мәні де, сәні де келіскен той болмағанға ұқсайды. Енді, міне, батыр рухы дәріптеліп, өткен тарихымызға қайта үңіліп жатырмыз.

Батыр деген түннің түнегінен, күннің жүрегінен жаратылатын жан екен. Қазақтың ұлан-байтақ жерін қорғап қалған Қабанбай, Дәулетбай батырлардың ерлік даңқы өшпейді, мәңгілік жасайды. Ерасыл бабамыздың тал бесігі – Барқытбел баурайындағы тарихи ауданның қайтадан дербес болып ашылуымен құттықтағым келеді. Бұл халық күткен реформалар еді. Міне, Жаңа Қазақстанның  бастау кезеңінде жүзеге асып жатыр. Жасыратыны жоқ, орталықтан шалғайда жатқан, түрлі факторлар әсерінен тозыңқырап кеткен ауданды қайта түлетуге бетбұрыс жасалғаны елдің ертеңге деген сенімін нығайтып отыр. Ауданға келген жаңа әкім де халықпен тізе қоса отырып, тындырымды шаруалар атқарады деген ойдамыз. Жауапты да, абройлы істе батыр бабамыздың әруағы желеп-жебей бергей!».

 Конференцияда көзқарастарын білдірді

Қабанбай батырдың 330 жылдығы аясында Ақжар мәдениет үйінде «Бабалар ерлігі – ұлтқа мұра, ұрпаққа үлгі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болды. Жиын Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

Әскери  тарихшы Қайрат Қарамаңдаев, «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының президенті, белгілі меценат Қайрат Мусин, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай, филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов, қоғам қайраткері Айбек Кәрімовтер Қаракерей Қабанбай батырдың ерлік жолдары, төл тарихымыздағы алар орны жөнінде келелі пікірлерін ортаға салды.

«Кетбұқа –Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының үйлестірушісі Манарбек Мұхамеджанов: «Күллі қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Қаракерей Қабанбай батырдың есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру – елдігімізді ұмытпаудың, Тәуелсіздігіміздің түп тамырын зердеде ұстаудың қасиетті белгісі. «Қайраусыз өтер қара қылышым-ай! Даңққа жеткізген дарабозым екенсің ғой! Егер биікке бекініп алған жау қамалына қалың қолды көтеріп сен шаппағанда, бүгінгі шайқастың немен бітері неғайбыл еді. Бүгіннен бастап Қабанбай атың хан ұранына айналып, жорықтағы есімің Дарабоз болсын!» – деп құшағына алып, хан Абылай оның  үстіне алтын зерлі тонын жапқанын жұрт жақсы біледі.

Қытайлар да бабамызды «…қазақтың бас, қалқан батыры – Қаракерей Қабанбай» деп атап көрсеткені тарихтан белгілі.

Естеріңізде болса, 1991 жылы қазан айында Қабанбай батырдың 300 жылдығы Ақжар ауылында аса ірі көлемде республикалық деңгейде өткізілген болатын. Міне, 30 жыл өткен соң аруақты баба есімін тағы жаңғыртып жатырмыз. Рух күші деген осы, баба рухы халықтың «ауданымыз қайтып келсе ғой» деп 25 жыл бойы көксеген асыл арманын тарту етіп отыр. Той тойға ұлассын, ағайын! Тек тойдың «шер тарқату үшін» ғана емес, елдің, ауданның болашағының, оның әлеуметтік-экономикалық дамуының, рухани-мәдени өрлеуінің, сайып келгенде, халықтың тұрмыс деңгейінің жеделдете артуына жол нұсқайтын стратегияны белгілеуге жәрдемдесетін тактикалық қадам ретінде қабылдадық.

Кезінде Шыңғыс хан: «Қиыншылықты басынан өткермегеннен қыран шықпайды, азапты басынан өткермегеннің ақылы кірмейді», – депті. Нақыл мүмкін ескірген де шығар, бірақ ой салары сөзсіз. Ел байлығының еселей артатын, мал мен жан, дүние бірлігі емес, ақыл бірлігінің салтанат құратын кезеңі келді.

Біздің өлке – ұлы хандықтар мен азулы мемлекеттердің, өркениеттердің мүддесі түйіскен, қарулы қақтығыстар мен жан алысып, жан беріскен талай қанды қырғындар өткен жер. Бұрындары түрік пен монғол жұрты арасындағы текетірес, көшпелілер дәуірі өткен соң орыс пен қытай империясы арасындағы мүдделер қақтығысы түріндегі батыс пен шығыс өркениетінің шарпысуына ауысты. Сол себептен де Тарбағатай өңірінде шекаралық аймақ ретінде басқа жақтармен салыстырғанда тарихи-археологиялық, мәдени-этнографиялық зерттеулер сонша көп жүргізіле қойған жоқ. Ал келешектің қадірін білгендер ғана тарихтың қадірін біледі. Ата-бабадан ел мен жер, мал мен жан ғана емес, тіл мен діл де мұра болып қалады. Сондықтан ауданның жаңа басшылығына руханият саласына баса назар аударып, «шалғы тимеген», сонысы басылмаған ұлы таудың қойнауында тұнған сырды аша түсуді аманаттар едік. «Өз тарихын кім білмейді, Өзгеге жаққан құл білмейді, Жеті атасын кім білмейді, Жетім өскен құл білмейді» деген тегін айтылмаса керек.

Әбілпейіз хан, Байқара би, Би Боранбай, Дәулетбай батыр, Сасан би, Қайырбай би, Құрбан қажы, Бұтабай қажы, Нұғыман болыс, Әбділдәбек болыс, Саты Майлы би, Құт Шаянбай, Кәрібай ақын, Әрімжан ақын сияқты тағы басқа белгілі тұлғалардың мұраларын зерттеп, қағазға түсіру керек. Бұдан басқа қаншама обалар, қорғандар, сәулет ескерткіштері зерттелмей жатыр. Бұл орайда «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қоры, президенті белгілі меценат, ауған соғысының ардагері Қайрат Мусин «Тарбағатай» атты ғылыми-көпшілік кітап шығарған еді. 300-ден астам тиражбен шығарылған кітап, әрине, аздық етті. Оның электронды нұсқасы сақталған. Меніңше, оны толықтырып, екінші басылымын да қайтадан шығаруға болады.

Ауданның жақын болашақтағы дамуының бағдарламасында «рухани-мәдени даму» саласын негізгі бағыттардың бірі етіп алғаны дұрыс. Археологиялық жұмыстар, тарихи зерттеулер, салт-дәстүрлерді орнықтыру аса қажет. Ол отаршылдықтың жұрнағы болып қалған сана-сезімдерден шығуға, енжарлықтан, еліктеушіліктен, терең тамырланып кеткен «өзімшілдік» пиғылынан құтылуға қызмет етеді деген ойдамыз. Ауданымыздың тойы береке-бірлігімізді арттыра түссін дегім келеді».

 “Қабанбай” түйе палуан атанды

Қазақтың тойының әрін кіргізетін – ұлттық сипатты спорт ойындары, әрине. Халықтың ынта-ықыласымен тамашалаған сайыстың бірі республикалық деңгейде ұйымдастырылған қазақ күресі болды. Апайтөс, атанжілік палуандардың айқасы арқаны қоздырып, «Я, әруақ, Абылай, Қабанбай» деп ұрандатқан көрермендердің қолдау дауыстары жиі естілді. 36 палуан ортаның отын шығарды, боз кілемде небір әдіс-айламен таңдай қақтырды.

80 келіге дейінгі салмақта семейлік Айбек Жұматаев қола жүлдеге табан тіреді. Ақтық сында семейлік Мансұр Әлшековпен жолы түйіскен үржарлық Ерсін Сейітқазынов жеңіске жетіп, «Өгіз палуан» атағына ие болды, темір тұлпар тізгіндеді. Мансұр күмісті еншіледі.

80 келіден жоғары ауыр салмақта да сайдың тасындай өрендер болды. Қола жүлдеге таласта Ақсуат ауданының намысын ту еткен Елдар Бейсенбаев Семей қаласынан келген Ерасыл Қайырбековтен айласын асырды.

Ақтық бәсекеде Үржар ауданы, Мақаншы ауылынан Саят Шәмшиев Ақсуат ауданынан барған Ерасыл Қажыбаевқа қарсылас атанды. Белдесулерде бет қаратпаған Ерасылдың лақап аты – «Қабанбай» екен. Осындай атты иелене тұрып, намысты қолдан бермеуге бекінген ол Саяттан басым түсті. Шын мықтыға тұсау жоқ деген осы да. «Ерасыл Қажыбаев Қабанбай батырдың 330 жылдығында «Түйе палуан» атанды деген» айбарлы сөз спорт тарихына мәңгілікке жазылып қалды.

Ұлттық спорт түрлері ұлықталды

Той жасауға, қуаныш-шаттықпен бөлісуге келгенде қазекемнің жомарттығына жетер не бар! Қабанбай батыр фестиваліне алты бірдей автокөлік тігілуі – соның айғағы. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, атап өткен де жөн болар. Ақжар ауылының тумасы, Алматы қаласында тұратын кәсіпкер Серік Ақбұзауов «Байжігіт баба» мешітіне судай жаңа автокөлік және мешіттің наиб имамы, қари Мұса Жәлелге Ұмра қажылыққа жолдама сыйлады. Тұғыл ауылының тумасы Қанат Қабдығали «Өгіз палуан» атағын иеленген спортшыға, Ақжар ауылының тумасы Серікхан Қабитханұлы «Түйе палуан» атанғанға автокөлік сыйлады. Тағы бір автокөлікті аламан бәйгеге Дарын Шалғынбаев, сондай-ақ Мақсат Мәзібаев Италия астанасы Римде жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында 55 келі салмақта боз кілемде атой салып, алтын медаль иеленген ақжарлық Дарын Әскербекке автокөлік, бапкері Жандос Сайхановқа теледидар табыс етті. Ал демеушілер Ғани Шаймарданов және Жанболат Қазановтың атынан Дарынға 1 млн. теңгенің сертификаты берілді.

Бұдан бөлек, қаншама шаруа қожалықтар жылқысын, сиырын, қойын, ақшасын беріп, тойдың абыройлы өтуіне барын салды. Аудандағы ауылдық округ әкімдіктерінің ұжымы, түрлі мемлекеттік мекемелер ұйымдастыру, дайындық, қызмет көрсету жұмыстарына белсене атсалысты.

Жаппай көкпар да көпшіліктің ықыласына бөленді. Үржар, Самар, Көкпекті, Ұлан, Ақсуат, Тарбағатай аудандары, Мақаншы, Таврия ауылдық округтері, Шымкент, Талдықорған қаласының көкпаршылары сынға түсті. Әр салымға 50 мың теңгеден берілді. 20 салымға дейін сыйақы және жиырма бірінші салымға автокөлік тағайындалды. Жаппай көкпарда білек күші мен жүрек күші мығым, ештеңеден тайсалмайтын нағыз палуандар додаға түсті.

Ат тұяғын дүбірлеткен аламан бәйге көрерменді тіптен рухтандырып, қиқу салғызды. Облыстың барлық аумағынан келген сәйгүліктердің мүсіні, желмен жарысқан екпіні көпшілікті сүйсінтті. Жүлде қоры да қомақты болды. Бірінші келген ат иесіне автокөлік, екінші келгенге 1 млн. теңге, үшіншіге мотоцикл, төртіншіге 300 мың теңге, бесінші орынға 200 мың теңге берілді. Ақсуат ауданынан үкіленіп әкелінген тұлпар аламанның алдын бермей, мәрені бірінші қиды.

«Дарабоз» фестивалі «Арманы болған азаттық» атты жазба ақындар мүшәйрасымен, «Байжігіт» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің күмбірлі күйлерімен, дәстүрлі және эстрада әншілерінің әуезді әндерімен, мерекелік отшашумен айшықтала түсті. Талайдан дүбірлі тойға сусап келген Тарбағатай жері рухани сілкініс жасап, тұрғындарының көңілі бір марқайып қалды. Ең бастысы, бұл той елді береке-бірлікке ұйыстыра алды.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button