Қоғам

Xалықтық ойындар нағыз мықтыларды анықтады

Xалықтық ойындар нағыз мықтыларды анықтады

Кеше Өскемендегі Жекпе-жек сарайында облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен ХХ халықтық спорт ойындары аяқталды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арналған дәстүрлі жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Олег Чугунков, осы ойындардың хатшысы Владимир Геллерт, «Алтай» волейбол клубының жетекшісі Досжан Уалханов және басқа да лауазым иелері марапаттады.
– Барлық жарысқа қатысушыларды мерейтойлық халықтық ойындарда жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Бұл ойындарда жеңімпаздар болғанмен, жеңілген ешкім жоқ. Халықтық ойындарды өткізудегі мақсатымыз – адамдарды салауатты өмірге насихаттай отырып сол арқылы достыққа, бірлікке үндеу. Елдің ішіндегі нағыз таланттарды жарыққа шығару. Осы орайда діттеген ойымыз орындалды деуге негіз бар, – деп атап өткен Олег Чугунков жарысқа қатысушы барлық аудан-қалалардың командаларына естелік медальдар табыстады.
Сонымен қатар жабылу салтанатында футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, көкпар сияқты спорт түрлерінен жеңімпаздар марапатталды. Бір айта кетерлігі, биыл жалпыкомандалық жүлделер болған жоқ.

«Водопадтың» шабысы-ай…

Xалықтық ойындар нағыз мықтыларды анықтады

Халықтық ойындардың шарықтау шегі ол – аламан бәйге. Қарақұрым жұртты төбеге жинап, көмбеге көз тіктіріп қоятын құдыретіңіз осы аламан ғой. Оны айтамыз, мәре сызығын ең соңғы ат кесіп өткенше аяқтарынан тік тұрып қолдау көрсететін, қиқулап дем беретін көрерменнің жанкешті жанкүйерлігі де 25 шақырымдық ат жарысында анық байқалмай ма. Бұл жолы да дәл сол қалпынан айныған жоқ. Ұзындығы екі жарым шақырым болатын шеңберді жүйріктер он айналғанша орындарында тиянақтап отыра алмаған көпшілік бәйгенің алды көрінгенде тіпті арқаланып, тұс-тұстан «бас камшыны!», «жібер басын!», «бәрекелді, жарайсың!» деген қолпаштарын үдете түспесе бәсеңсітпеді. Жүздің ішінен жүйрігі қара үзіп шығатын, мыңнан тұлпар танылатын аламанда Семей қаласының «Водопад» дейтін сәйгүлігі көмбеге жеке дара келді. Шабандозы – Медет Ахметов, аттың иесі – Саят Ықыласов.
– Аламанға атты әкеліп қоса салмайды ғой. Алдын ала баптап, дайындайды. Жемшөбі бар, басқасы бар, біраз шығын кетеді. Шабандоз бала машықтануы керек дегендей. Осының бәрі үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді. Бүгін сол еңбегіміздің өтеуіндей үкілеп қосқан атымыз бірінші келді. Қуаныштан аузыма сөз түспей тұр, – деп ағынан жарылды семейлік «Водопад» атты тұлпардың иесі Саят Ықыласов.
Екінші болып мәреден катонқарағайлық «Сұңқар» атты қылқұйрық өтті. Шабандозы – Мират Әуелбек, аттың иесі – Самат Иматаев. Үздік үштікті күршімдік Ерік Сексенбаевтың «Милан» атты тұлпары түйіндеді. Шабандозы – Ілияс Кәрімов.
Айтпақшы, сөреден шыққан бетте суырылып алға озған күршімдік «Милан» соңғы шақырымдар қалғанға дейін алдына қара салмай келе жатқан. Тіпті алғашқы айналымдарда тым ұзап кеткен негізгі топтан. Бірақ онымен қосарлана шапқан ат екінші айналымнан соң шеңберден шығып кетті. Сөйтсек, бұл да бір жүйріктерді жарыс жолынан тайдырудың айла-тәсілі екен.
Оны қойшы, бәйгенің алдында келе жатқан «Таугүл» дейтін абайлық аттың көмбеге қол созым жер қалғанда аяғын сындырып алып құлауы, шабандоз баланың жығылған сәйгүлігінің басын құшақтап жылауы осының бәрін көріп отырған қалың қауымның ет жүрегін елжіретіп, аянышын туғызды. «Әттеген-ай, жануарға обал болды ғой, бала мертігіп қалған жоқ па екен?» деген қариялардың қапалы сөздері естіліп жатты.
Жалпы, Меновное атшабары бәйге сайын бір атты «жұтады». Атшабарға жауапты орындардың не істеп жүргенін қайдам, екі апта бұрын Ұлан ауданының халықтық ойындарында дәл осы жерде 15 шақырымдық бәйгеде тағы бір қамбар ата түлігі мерт болған. Былтырғы халықтық ойындарда да бір қылқұйрықтың демі осы атшабарда үзілген-ді.
Аламанды қалт жібермей қызықтаған атсүйер қауым көкпардың ақтық ойындарына да мол жиналды. Аудандар арасынан бірінші орын үшін Тарбағатай мен Көкпекті командалары таласты. Қатарында талай додада олжа салып, қанжығасы майланып жүрген көкпаршылары бар тарбағатайлық «Тұлпар» командасы тағы да биіктен көрінді. Көкпектілік жігіттерді 3:0 есебімен ойсырата ұтқан олар халық ойындарда ат спортының бұл түрінен 14-ші мәрте чемпион атанды. Ал қалалар арасында финалда Өскемен мен Семей көкпаршылары кездесті. Шеберлігі, деңгейі жағынан бір-біріне шамалас қос қарсылас ойынның негізгі уақытында есеп аша алмады. Тіпті алғашқы салымның авторына демеушілер тіккен ақшалай сыйақы да көмектеспеді. Облыс орталығында тұратын азаматтардың бірі «Алғашқы салым салған өскемендік көкпаршыға 10 мың теңге беремін» деп хабарласа, артынша Семейдің атымтай азаматтарының біреуі шығып: «Бірінші салыммен көзге түскен ойыншыға 100 мың теңге беремін» деп жар салды. Алайда ойынның негізгі уақытында салым салынбаған соң демеушілердің сыйақысы ешкімге бұйырмады. Тек қосымша уақытта семейліктер көзге түсіп, жеңісті жұлып әкетті.

Жарыстың көрігін Әлем чемпиондары қыздырды

Сонымен қатар бұл күні қазақ күресінің шеберлері бозкілемде атой салып, білекке сенген мықтылар қол күрестірді. Шыжыған күннің ыстығына қарамай ашық аспан астында белдескен балуандар өнерін жанкүйерлер тапжылмай тамашалады. Аудан-қалалардан келген сайдың тасындай саңлақтар да барын салды.
Кейінгі жылдары елімізде, оның ішінде өңірімізде қарқынды дамыған қол күрестіру сайысы көпшілік көрермен күткендей аса тартысты жағдайда өтті. Тартысты болатын себебі, сынға түскен спортшылар ішінде халықаралық, әлемдік жарыстарда топ жарған жастар болды. Айталық, Әлем чемпионы, өскемендік Рустам Маликов, жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері семейлік Архат Тыныбаев, жастар арасында Азия және Әлем чемпионы атанған ұландық Ораз Басаров сынды талантты ұлдар бәсеке көрігін қыздырды. Рустам Маликов 70 келіге дейінгі салмақта халықтық ойындардың чемпионы атанса, 60 келіге дейінгі салмақта Архат Тыныбаев екінші, Ораз Басаров үшінші орындарды иеленді. Глубокое ауданының намысын қорғаған Артем Аубакиров 90 келі салмақта чемпион атанып қана қоймай, қол күресінен спорт шебері деген атаққа қол жеткізді.
Волейболдан ерлер арасындағы ақтық кездесулер аса тартысты өтті. Спортшылардың өнерін тамашалаған жанкүйерлер облыс орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің үлкен залын лық толтырды. Бір айта кетерлігі, биыл аудандар мен қалалардың командалары екі топқа бөлініп бақ сынады. Аудандар арасында қола жүлдені халықтық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпазы Тарбағатай ауданының командасы иеленді. Ал бірінші орын үшін Күршім мен Көкпекті аудандары таласты. Алғашқы екі сетте басым түскен көкпектілік жігіттер үшінші сетте сәл босаңсып, ұпай жоғалтқанмен шешуші сәтте мықтылықтарын дәлелдеді. Қорытынды есеп – 3:1. Сөйтіп Көкпекті ауданының волейбол командасы кейінгі он жылда тұңғыш рет халықтық ойындарда топ жарды.
– Ақтық сайыстарға шыққан командалардың бәрі өте мықты, ешқайсысы осал емес. Әсіресе, күршімдік волейболшылардың шеберлігін атап өтуге болады. Дегенмен біздің жігіттердің жеңіске деген құлшыныстары, шеберліктері ойын тағдырын шешіп кетті. Соның арқасында кейінгі он жылда қол жеткізе алмай келе жатқан бірінші орынды иелендік, – дейді Көкпекті ауданының волейбол командасының капитаны Әділет Такенов.
Бұл күндері футболсүйер қауым «Восток» стадионына барып, кезекті халықтық ойындар аясында өткен футбол турнирінің де куәсі бола алды. Турнирге қатысқан командалар әдеттегідей қалалық және аудандық болып екі топқа бөлінді. Қалалық командалар жарысында жылдағыдай бас жүлдеге Өскемен мен Семей шаћарларының аяқдопшылары таласты. Екі қала арасындағы шешуші кездесуде қарсыластарына қарағанда сәл сәттірек ойнаған өскемендік футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың бас жүлдесіне ие болды. Ал жүлделі үшінші орынға Риддер қаласының командасы көтерілді.
Ал аудандар арасындағы бәсеке бұдан да тартысты өтті. Бұл жолы ақтық ойынға Абай және Аягөз аудандарының аяқдопшылары жолдама алды. Негізгі уақытта мықтыны анықтай алмаған қарсыластарға ойын соңындағы лотореяға – пенальти сериясына жүгінуге тура келді. Онда абайлық футболшылардың жолы болды, есеп 3:1. Дәл осындай жағдай үшінші орын үшін болған кездесуде де қайталанды. Мұнда да негізгі уақытта жеңіске жете алмаған Бесқарағай мен Үржар аудандарының командалары жеңімпазды 11-метрліктер сериясында анықтады. Аса тартысты өрбіген бұл серия 6:5 есебімен бесқарағайлықтардың пайдасына аяқталды.
Облыс әкімінің жүлдесі үшін ХХ халықтық спорт ойындары аясында Өскемендегі Жекпе-жек сарайында дзюдошылар мен еркін күрес шеберлерінің бәсекелері өтсе, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ұзындыққа секіруден, қашықтыққа жүгіруден және басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Биылғы мерейтойлық ойындарға екі мыңнан астам талапкер қатысып, спорттың 17 түрінен жүлделерді сарапқа салды. Аталған сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің барлығы лайықты марапатқа ие болды. Ең бастысы, олардың көрсеткіштері мен нәтижелеріне қарап нағыз чемпиондар ауылда жүргенін ұғындық.

Серік Әбілхан,
Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button