Қоғам

Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

    Көктемнің әр күнін тиімді пайдалану мақсатында ауылдық округтерде ағаш көшеттерін отырғызу қарқын алды. Мұндай игі іс «Ырғызбай әулие» кесенесінде де жалғасын тапты.

Оған арнайы барған аудан әкімі Асхат Смаилов абаттандыру жұмыстарымен танысты. Кесене басына 250 шырша, 250 терек көшеті отырғызылды. Экологиялық айлыққа мекеме, бөлім қызметкерлері жан-жақты атсалысты. Аудан әкімі ағаш ектім, болдымен іс бітпейтінін, оны уақтылы суару, арамшөптен тазарту, түбін қопсытып-қомдау жұмыстары жүйелі түрде атқарылу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар  аудан әкімі Боғас бекетіндегі Қаракерей Қабанбай бабамыздың ескерткіші орналасқан саябақта болып, шырша, терек көшеттерін отырғызу шарасына қатысты.

Көшет отырғызу жұмыстары барлық ауылдық округте  жаппай қолға алынды. Мәселен, Ойшілік ауылының орталық саябағына тазалық жүргізілді.

Ақжар ауылының көркеюіне өз үлесімізді қосамыз деп Жаңаауыл, Қабанбай, Маңырақ, Тұғыл, Құйған, Жетіарал, Қарасу ауылдық округтерінен адамдар келіп, Қабанбай саябағының қоршауын жаңартып, бояп кетті. Жамбыл, Шәкәрім көшелерінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Құлжабай» тоғанына су жіберілді. Ақжардағы «Тарбағатай аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесі, мәдениет үйі, №2 ауданаралық аурухана ұжымдары жаппай шығып өздеріне тапсырылған аумақты тазалауда белсенділік көрсетті. Өңірге аудан мәртебесінің оралуы ел еңсесін тіктегені осындай ілкімді істерден де аңғарылады.

Ал Қызылкесік ауылында орталық көшеге жол белгілері қойылды. «Еркеназ» балабақшасының, Би Боранбай атындағы орта мектебінің аулаларына шырша мен шынар көшеттері отырғызылды. Маңырақ ауылдық округінде  «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп әрбір азамат экологиялық айлыққа айрықша қатынасты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген Жетіарал ауылдық округі де көгалдандыру шарасынан шет қалмады.

Ақсуат ауылының бірлігі жарасқан Көкжайдақ ықшам ауданының тұрғындары жаппай сенбілік өткізуге уағдаласып, мұнысын ұйымшылдықпен атқарып шықты. Әлеуметтік желіден көргендер «бәрекелді!» десті. Тұғыл ауылына кіреберісіне егілген талдардың қоршаулары боялып, сырланды. «Ауылымызға арық салу жұмыстары да ойдағыдай жүргізілді. Осы жұмыстардың атқарылуына көмектесіп жүрген ауылымыздың беделді ақсақалы  Шаймұрат Мәліков атамызға алғыс айтамыз. Тал егу жұмыстары кезінде басынан бастап жүріп, өз құрылғысымен талдарға су жіберу мақсатында арық салды.

Осындай жастарға үлгі боларлық игі істер көбейіп, ауылымыз жайнай берсін!» деп жазды Тұғыл ауылдық округі әкімдігі Фейсбук  желісіндегі ресми парақшасында. Тұғыл ауылының батыс бөлігі, яғни әскери бөлімшеге дейінгі 3 шақырым жол бойын қоқыстан тазарту жұмыстарына әскери бөлімшенің қызметкерлері, жас сарбаздар және әкімдік қызметкерлері бір кісідей қатысқан.

Расымен, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай.  Мұны жете түсінген Ақсуат тұрғындары ағаш отырғызу акциясына белсене атсалысты. Таң атысымен табиғатты аялауға арналған біркүндікті аудан әкімі бастап, ауыл ақсақалдары, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлер жалғап, Ет комбинаты ықшам ауданы маңындағы жол жиегіне көшеттер отырғызды. Игі шараны ұйымдастырушылар егілген ағаштар ауа тазалығына ықпал етіп қана қоймай, жолдың сәнін аша түсетінін айтты.

Тарбағатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікбек Смағұловтың айтуынша, аудандағы 17 ауылдық округте мекеме аулалары мен көшелерге жүздеген, мыңдаған түп  шырша, қарағаш, қайың, терек, қызылқарағай, үйеңкі, қараағаш, шынар көшеттері мен раушан, петуния секілді гүлдер егу қолға алынған.

Осы айдарда

Back to top button