
Кешеден бастап облыстың барлық өңірінде ХҚКО-лар өз жұмысын штаттық режимде қайта бастады. Азаматтарға кезең-кезеңімен барлық қызметтер қолжетімді болады. Айта кету керек, байланыс сапасына байланысты жұмыс барысында кідіріс болуы мүмкін.
– Бүкіл елдегі әріптестеріміз бүгін күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қандай да бір іркілістер туындаса, жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бірлесе отырып барлық қиындықтарды жеңіп, елімізді өркендеу жолына қайтаратынымызға сенімдіміз, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.
Өкінішке қарай, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындап жатқандықтан, барлық өңірде автоХҚКО-лар әзірше жұмыс істемейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз қызметі автоХҚКО-лар жұмысының қайта жанданғаны туралы қосымша хабарлайтын болады. Бұған дейін елдегі төтенше жағдайға байланысты ХҚО-лар жұмысын тоқтатқан болатын.