Қоғам

Халықаралық байқауға барады

Алматыда өткен «Karaoke cup Kazakhstan» ән байқауында жеңіске жеткен катонқарағайлық жас әнші Норвегияда караокедан өтетін әлем чемпионатына аттанады.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жас өнерпаз, Ерболовтар әншілер әулетінің кенжесі – Мирас 11, 12 маусым күндері Алматы қаласында өткен «Karaoke cup Kazakhstan» ән байқауына қатысып, еліміздің ірі қалаларынан шыққан 40 қатысушының арасынан дара шыққан. Осылайша, ол байқаудың бас жүлдесі – Норвегия астанасы Осло қаласында караокедан өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Жас әнші мамыр айында Өскемен қаласында өткен аймақтық іріктеуден 13 қатысушы арасынан суырылып шығып, Алматыға Grand-финалға жолдама алған. Аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы талапты әншіге қаржылай қолдау білдірген. Мирас байқауда The Police тобының «Every breath you take» және Joe Cocker-дің «My father’s son» хиттерін орындап, әсем әуенмен тыңдаушыларды таңғалдырған.

Мирас бүгінде аудандық мәдениет үйінің әртісі және ауылдық лицейде денешынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Сөйтіп, ол аудан тұрғындарын өнерімен сусындатып қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеуде де айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп жүрген жас, өнерлі, әрі білікті маман.

Нұрай Мұқашева,
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button