Шығыс Қазақстан Өнер музейінде суретші әрі педагог Құдаш Дәулетқанұлы Нұрсадықовтың есімімен байланысты екі бірдей көрменің тұсауы кесілді. «Суреттер сөйлейді» атты көрме қылқалам шеберінің 60 жылдық мерейтойына арналса, «Алтай ажары» көрмесіне «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігіне мүше суретшілердің туындылары қойылыпты.
«Суреттер сөйлейді» – Құдаш Дәулетқанұлының алғашқы жеке шығармашылық көрмесі. Құдаш аға мықты суретші болғанымен, мақтануға мүлдем жоқ. Өзінің айтуынша, жеке көрме өткізгенді мүлде ұнатпайды.
– Негізі, «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігі суретшілерінің көрмесін ұйымдастыруды біз жыл басында жоспарлағанбыз. Бірақ музей қызметкерлері сол көрмемен бірге менің де жеке көрмемді «қыстырып» жіберіпті, – деді шараның ашылу салтанатында Құдаш Дәулетқанұлының өзі ақталғандай болып. «Қарапайымдылық, әрине, жақсы, бірақ халық қас талантты тануы керек қой» дедік біз іштей.
Қылқалам шебері Құдаш Дәулетқанұлы – Катонқарағай өңірінің перзенті. Кішкентайынан көргені – көрсе көз тоймайтын көркем табиғат. Сылдыраған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, биік тау мен мөп-мөлдір аспан Құдаштың көңілін бала кезінен-ақ сиқырлап, арбап алған секілді. Айтыңызшы, осындай жерұйықта туып, өнерден қалай жырақ қалуға болады. Табиғаттың сұлулығы ішкі сезімге әсер ететіні сөзсіз. Сен ақын немесе жазушы, я болмаса суретші болуды армандайсың.
Балалық шағы Үштөбе ауылында өткен Құдаш та тым арманшыл еді. Құдаштың жанын анасы жақсы түсінетін. Ұлының өнерге жақын екенін сезген ана сырмаққа ою, бояу таңдарда Құдашымен ақылдасып, кеңесуші еді. 1984 жылы Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген Құдаш 1984-1995 жылдары туған ауылы Үштөбедегі орта мектепте, кейін 1995-2004 жылдары Өскемендегі №44 О.Бөкей атындағы мектепте еңбек етеді. Ал 2004-2007 жылдары Шығыс Қазақстан Өнер музейінің бас қор сақтаушысы, кейіннен музей директорының орынбасары болады. Ал 2008 жылы Құдаш Дәулетқанұлы жеке «Сурет» балалар шығармашылық студиясын ашады. Сондай-ақ «Нұр Орда», Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім болады. Құдаш ағаның өзі де:
– Негізі, мен суретші-мұғаліммін. Қырық жылдай балаларды әсемдікке баулып келе жатырмын. Құдайдың берген қасиетін өзім ғана көрмей, болашақ ұрпаққа да үйреткім, бүлдіршіндерді сурет өнеріне баулығым келеді, – дейді. Қазір Құдаш Дәулетқанұлы мемлекеттік «Арт-спорт» бағдарламасы бойынша балаларға тегін үйірме ашып, сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. Бір жылдың ішінде бірнеше балалар шығармашылығы көрмесін де өткізіп үлгеріпті. Осы күзге қарай «Қазақ ертегілері» атты тағы бір көрмені өткізу жоспарда бар.
Құдаш Дәулетқанұлының суретшілікпен бірге ақындығы да бар көрінеді. Ол – «Арманына жеткен өнерлі Сарбаш» ертегісінің авторы. Осы арада суретшінің жергілікті ақындардың бес жыр жинағын иллюстрациямен безендіргенін де айта кеткіміз келеді.
«Жұмсақ илеу» жанға жайлылық сыйлайды
Қылқалам шеберінің картиналарын тамашалаған адам шынында да демалады. Сізге таныс өмір есігі айқара ашылғандай болады. Мысалы, суретшінің «Анам туралы жарқын елес» картинасы балалық шақта қалған әдемі естелікті көз алдыңызға әкеледі. Картинаға қарап тұрып, өзімнің де анамның пештің жанында күйбеңдеп, тірлік істеп жататыны есіме оралды.
– Біз үйде он бала болдық. Анам солардың тамағын істеп, кірін жуып, бір тынбайтын еді. Қолы үнемі күйе-күйе болып жүретіні есімде, – дейді суретші. Ал сыбызғышы К.Құмақайұлының портретін музейдің тапсырысымен салыпты. Суретшінің «Жұмсақ илеу» картинасы да адамның жанына жайлылық сыйлайды. Мұндағы құмырсқаның илеуіне ойлана көз тігіп отырған жігіт Құдаштың өзінің інісі Серік екен. Айтуынша, үйдегі бауырларының ішіндегі ең бауырмалы да, жанашыры да осы Серік көрінеді.
– Қазіргі балалардың уақыты телефонға телмірумен өтеді ғой. Бала деген бір уақыт далаға шығып таза ауа жұтып, айналадағы тіршілікпен танысуы керек. Қайбір жылы Ресейде бір бала автоматпен қаншама адамды жайратып салды, өйткені ол баланы компьютер тәрбиелеген. Міне, осындай өкінішке ұрынбау үшін балалар табиғатпен етене жақын болуы тиіс деп санаймын, – дейді Қ.Нұрсадықов.
Тағы бір сөзінде суретші:
– Мен қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін, табиғаттың дидарын салғанды жақсы көремін, өйткені ол тақырыпты мен жақсы білемін. Кейде әріптестерім қан майданды, түсі суық батырлардың бейнесін салып жатады. Ал мен ондай тақырыпқа бара алмаймын, себебі өзім білмейтін тақырыпқа жолағым келмейді. Тіпті ол кездегі адамдардың түрін де білмеймін ғой, – дейді Құдаш Дәулетқанұлы ағынан ақтарылып.
Суретшінің «Куленовка жотасы», «Сарқырама», «Жеңіс қуанышы», «Туған жер», «Бақытты балалық», «Өмірге өмір жалғасып», «Жаз», «Көзімнің қарасы», «Бәйшешектер», «Шыңғыстай ауылы», «Жырау», тағы басқа картиналары шыңдалған шеберліктің нәтижесі екені сөзсіз.
Қ.Нұрсадықов бірнеше министрліктің грамоталары және дипломдарымен марапатталған. Республикалық «Тәуелсіздік өнері» конкурсының жүлдегері, 2012 жылы өткен «Менің Қазақстаным» атты дәстүрлі көрменің Гран-при иегері.
«Жаңғырудың» өз жолы бар
– Суретшілік деген қазақтың қанында бар ғой. Сурет өнері дегеніңіз біздің ата-бабаларымыздан қалған. Оның нақты дәлелі – сақ дәуірінен жеткен мұралар. Сол дәуірден қалған алтын әшекей бұйымдарды зерделеп қараңызшы. Ғажап қой! Қанымызда бар осы өнерді жаңғыртайық, бар екенімізді көрсетейік деп 2019 жылы «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігін құрғанбыз. Бір жағынан, ауылдағы талантты жастарды қолдағымыз келді. Қазақ «Жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой. Алыстағы талант иесіне біз қолдау көрсетпесек, кім көрсетеді? Талант шыңдалу үшін біреуден көру керек, үйрену, тәжірибе алмасу қажет. Қазір «Жаңғыру» бірлестігінің құрамында 30 шақты жігіт бар. 2019 жылдан бері бірнеше көрме өткіздік. Музейдің мүмкіндігі болмай жатса, кітапхана залдарын пайдаландық. Табиғат аясына шығып, плэнерлер ұйымдастырдық, – дейді Құдаш Дәулетқанұлы.
«Алтай ажары» көрмесіне қатысушылардың әрқайсының кәсіби білімі бар. Мысалы, Рада Бейсенова Алматы көркемсурет техникумын бітірген. Ал Гүлнар Бекбердинова, Қуаныш Әділбек, Еркебұлан Жәкішев және Ержан Тұрғанбаев – Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің түлектері, Әділет Ниязбеков пен Есбол Нұрсадықов – сәулетші, Данияр Алдабергенов – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Мәди Қайырхан Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері мамандығы бойынша білім алған.
«Алтай ажары» экспозициясын бірлестіктің үш жылдық жұмысының өзіндік нәтижесі деуге болады. Алтайдың таңғажайып алуан табиғатын тамашалағысы келген адам бұл көрмеге міндетті түрде келуі тиіс.
«Суреттер сөйлейді» және «Алтай ажары» экспозициялары 11 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.
Мейрамтай Иманғали