Қоғам

«Халық қаһарманы» атағы берілді

Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында Шығысқа сүйінішті хабар жетті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайықты ерлік көрсетіп, бірнеше рет атаққа ұсынылса да, өкінішке қарай, белгісіз себептермен ол атақты ала алмаған майдангер, батыр жерлестеріміз – атақты мерген Төлеуғали Насырханұлы Әбдібековке және Александр Александрович Несмияновқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын» делінген Жарлықта.

397 немістің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков майданға сол кездегі Шымкент облысынан шақырылса да, Шығыстың Жарма ауданының тумасы екені белгілі. Ол 8-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясы, 302-ші гвардия атқыштар полкі, 2-ші атқыштар ротасының мергені болды. Екінші жерлесіміз 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы, 690-шы атқыштар полкі, 1-ші атқыштар батальонының командирі ретінде неміс басқыншыларына қарсы соғысқан. Енді, міне, арада сексен жылға тарта уақыт өткенде сол олқылықтың, сол өкініштің орны толтырылып отыр.

Ал республика бойынша бұл жоғары атақ барлығы үш майдангерге берілді.

 Әр ардагерге бір жарым миллион теңгеден

 Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл толса, өңірімізден сол қырғынға қатысып, жеңісті жақындатқан майдангерлердің бүгінде көзі тірілері 42 адам ғана. Өскеменде – 15, Семейде – 9, Риддерде, Глубокое ауданында үшеуден ғана қалған. Өзге аудандарда бір-бірден ғана болса, облыстың бес ауданында мүлдем майдангер қалмаған. Тірілерінің ең жасының өзі 96-дан асып кеткен. Жеңіс күнінің қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, облыс әкімінің бастамасымен солардың барлығына 1,5 миллион теңгеден төлемақы берілді.

Мұның сыртында облыстағы барлық соғыс ардагерлеріне, солардың жесірлеріне, соларға теңестірілгендерге, соғыс кезінде тылда бала жастан бейбіт еңбек майданына белсене араласқандарға толықтай әлеуметтік пакеттер қарастырылған.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, олардың бәрі баспанаға, басқа да тұрмыстық, әлеуметтік қажеттіліктерге ешқандай зәру емес.

 – Өкінішке қарай, облыстағы соғысқа қатысқан азаматтардың қатары жыл санап емес, ай санап кеміп барады. Ең алдымен айтатын мәселе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде соғысқа қатысқан, соғыс мүгедектері, майдан уақытында тылда жұмыс істеген ардагерлеріміз және оларға теңестірілгендердің бірде-біреуі назардан  тыс қалмауы, көңіліне кірбің түспеуі керектігін атап айтты. Қазіргі күні облыста соғысқа қатысқан майдангерлер саны 42 ғана болса, оның 16-сы соғыс мүгедегі. Содан кейін осы соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер – 420 адам, мұның ішінде соғыстан оралмаған майдангерлердің жесірлері де бар. Соғыс кезінде тылда жұмыс істеп, Үкіметтен орден, медаль алғандар саны – 218. Бұған қоса, 10074 адам – соғыс кезінде тылда жеңісті жақындатуға еселі еңбектерімен өлшеусіз үлес қосқан аталарымыз бен апаларымыз. Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімімен жоғарыда айтылған 42 адамға 1,5 миллион теңгеден төлемақы төленетін болды. Президенттің 1 миллион теңгеден кем болмасын дегенін естідіңіздер, өзге облыстар солай беріп жатыр. Ал біздің облыстың әкімі өзі осындай шешім қабылдады, қазір ардагерлеріміз алып жатыр, сол үшін де Даниал Кенжетайұлына ардагерлер атынан үлкен рақметімізді айтамыз, – деді Айтқазы Шерубаев.

Жеңісті жақындатқандарға құрмет осымен шектелмейді. Майдангерлерден бөлек, жаңағы соғыс ардагерлеріне теңестірілген 420, мемлекеттік марапат алған 218 адамға жүз мың теңгеден төленеді. Ал тылда тер төккен 10074 адамға елу мың теңгеден берілмек. Сонда бәрін есептеп келгенде, облыс бюджетінен ардагерлерімізге биыл 700 миллионға тарта қаражат бөлініп отыр.

 Ешбір майдангер назардан тыс қалмайды

 – Енді ардагерлеріміз бұл қаражатты қалай, қайдан алады деп уайымдаудың еш қажеті жоқ. Жылдағыдай, өздері зейнетақы алып жүрген жерлері – Қазпошта арқылы барлық төлем жүзеге асырылады. Мұның бәрін қалалар мен аудандардағы әлеуметтік қызметкерлер, ардагерлер ұйымдары бақылап, тексеріп, бізге есебін беріп отырады. Бұған қоса айтарым, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде де ардагерлер назардан тыс қалмады. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Себебі біздің Шығыс Қазақстан ең үлкен, көп ұлт өкілдері қоныстанған өңір екенін Сіздер жақсы білесіздер. Ал жетінші мамыр күні облыстағы барлық әскери құрамдарда «Ашық есік күні» акциясы өткізіледі. Өскемен, Семей, Аягөз және басқа да қалалар мен аудандардағы бұл шараларға мүмкіндігінше соғыс, тыл ардагерлері қатыстырылады, бірде-бір ардагер назардан тыс қалмайды, – деді Айтқазы Сейітұлы.

Еске салайық, мамыр айынан бері облыстың барлық мектептерінде ардагерлерге арналған отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру мақсатындағы арнайы сабақтар өткізілуде. Сонымен бірге өңірдегі әр мектептегі әр оқушы майдангерлерге арнап өз шығармашылықтары бойынша ашық хаттар әзірлеуде. Бұл байқау онлайн өтуде. Іріктеуден өткендер облыстық байқауға қатысады. Қорытындысы мамырдың соңында шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Қазір жер-жерде ардагерлер ұйымдары ансамбльдерінің байқаулары өтіп жатыр. Ал облыс орталығында 5 мамырда гала-концерт ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылады. Бұл байқаулар Жеңістің 77 жылдығына және республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толу құрметіне орай өткізілуде. Бұған тек ардагерлердің өздері ғана қатысып жатыр.

 – Биыл жылдағыдай «Мәңгілік полк» шеруі өткізілмейді, тек онлайн режимде ғана өтеді. Қазір республика, облыс бойынша басталып кетті. Мәселен, Шемонайха ауданында «Қаһармандар» деген атпен өтіп жатыр. Сол арқылы облыс тұрғындары өз әкелері мен шешелерінің, аталары мен апаларының соғыстағы ерліктері, алған марапаттары, соғыстан кейінгі өмірлері, қанша баласы мен немересі бары туралы жұртшылықпен бөлісе, пікірлерін қалдыра алады. Оның бәріне рұқсат. Мұның да қорытындысы шығарылады. Тағы бір айтарым, облыста 175-тен артық соғыс ардагерлеріне, майданда қаза тапқандарға арналған ескерткіштер, обелисктер бар. Солардың барлығы жөнделіп, маңайы тазартылып, ретке келтірілді. 9 мамырда гүл шоқтарын қоюға, мерекелік шаралар өткізуге дайын. Осылардың бәріне қызу атсалысқан мектеп оқушыларына, ауылдар мен қалалар әкімдіктеріне, жастар ұйымдарына, студенттерге алғыс айтамыз. Ардагерлерге тұрмыстық көмек көрсету тек 9 мамырда ғана емес, жыл көлемінде көрсетіледі. Жастар мен оқушылар қыста олардың ауласының қарын күрейді, қорасын, ауласын тазалап, отын, суын тасып береді. Бұл ешқандай жоспар, тапсырмасыз жыл сайын дәстүрге айналған шаруа, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 9 мамыр күні Стрелканы бетке аламыз

 Ал 9 мамырға келетін болсақ, 9 мамырға дейін облыс әкімі бастап, барлық қала-аудан әкімдері соғыс ардагерлерінің үйіне барып, жағдайымен танысып, мерекемен құттықтап қайтады. Бұл шаралар 7, 8 мамыр күндері облыс басшысының қатысуымен Өскемен және Семей қалаларында өткізіледі. 9 мамырда облыс орталығында негізгі шаралардың бәрі таңертең ертемен Үлбі мен Ертістің түйіскен тұсы – Стрелка мөлтек ауданындағы Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған монумент басында өтпек.

Бұл жерде облыс, қала әкімдерінің, кәсіпорындар басшыларының, майдангерлердің, ардагерлер ұйымдарының, жастардың қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімдері, «Өз шырағыңды жақ» акциясы, майдангерлерге арналған «солдат ботқасы» іс-шаралары, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, соңы түнгі ондар шамасында мерекелік отшашуға ұласады.

– Біздің мерекедегі ең үлкен тілегіміз – осы соғысқа қатысқан аталар мен апаларымыздың амандығы. Солардың ерліктері мен еңбектеріне мың да бір тағзым етеміз. Олардың барлығы да кейінгі ұрпақ үшін, балаларымыз бен немерелеріміз үшін тәрбие мен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Біз ұйымның жұмысымен қалалар мен аудандарда жиі боламыз ғой. Жақында Тарбағатайда, Зайсанда, Катонқарағай, Ұлан жақта болып келдік, енді тағы да бармақпыз. Сонда байқағаным, бірде-бір ардагер өзінің жеке мәселесін айтқан емес, бәрінің айтатыны елдің, ауылдың, мектептің, денсаулық сақтаудың жайы. «Жол неге нашар, интернет неге жоқ, мал суаратын су неге жоқ, көпір неге салынбайды?» деп мәселе айтады. Біз бұған қуанамыз. Облыс әкіміне айтқандарын бәрін жеткіздік. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын дейміз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

 Батыр жерлестеріміздің құжаттары астанада жатыр

 Осы ретте тағы бір астын сызып тұрып айта кететін мәселе, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей бастамасымен, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен көтерілген соғыста ерен ерлік көрсетіп, Кеңес Одағы Батыры атағына бірнеше рет ұсынылса да, белгісіз себептермен ол атақты бүгінге дейін ала алмаған батыр жерлестеріміздің тағдыры болатын.

Айтқазы Шерубаевтың келтірген мәліметтерін алға тартар болсақ, ондай майдангерлеріміздің саны біздің облыста 15. Солардың төртеуінің ғана туыстары табылмаған. Алайда осыдан екі жыл бұрын, 2020 жылы көктемде барлығының құжаттары түгенделіп, хатталып, бекітілген ережесіне сай «Халық қаһарманы» атағын алу үшін елордаға, республикалық ономастикалық комиссияға жолданған болатын. Алайда содан бері еш хабар болмай келген еді. Қуаныштысы, осы мақала газетке хатталып жатқанда, астанамыздан Президент Жарлығымен жерлесіміз Александр Александрович Несмияновқа «Халық қаһарманы» атағы берілгендігі туралы сүйінішті хабар келді. Бұл атақ басқа батырларымызға да жұғысты болса игі!   

– Бұл мәселе тұрақты назарымызда. Біраз уақыттан бері жағымды жаңалық тосып жүрміз. Бұйырса, оң шешімін табады деген үміттеміз, – деді бұл сұраққа қатысты ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бұйырса, ақжолтай хабар Шығысқа тағы да жетіп, батырларымыздың саны көбейе жатар. Төменде сол батырларымыздың есімі көрсетілген тізімді жариялап отырмыз.

Жыл да жер-ана жасыл желекке бөленіп, мамыражай мамырда тойланатын Жеңіс мерекесі құтты болсын!!!   

 Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен оны алмаған шығысқазақстандық жауынгерлердің тізімі:

 1. Капитан

АЙЖАҚСЫНОВ Ысқақбай Айжақсынұлы

 Семей облысы, Көкпекті аудандық әскери комиссариаты. 82-ші Ярцев Қызылтулы дивизиясының 795-ші артиллериялық полкінің саяси бөлімі бойынша дивизон командирінің орынбасары. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған (19.07.1944 ж.). 04.07.1944 ж. №21744 Марапаттау парағы.

  1. Аға сержант

Ақылжанов Бажан

 Үржар АӘК, Семей облысы.

263-ші Сиваш атқыштар дивизиясының 316-шы жеке барлау ротасы, 2-ші взводы командирінің көмекшісі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (28.05.1944 ж). 12.05.1944 ж. №2315 Марапаттау қағазы.

  1. Капитан

ГУТОВ Виктор Александрович 

Киров АӘК, Өскемен қаласы.

186-шы атқыштар дивизиясы 238-ші атқыштар полкінің 2-ші атқыштар батальоны командирінің орынбасары. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (18.07.1945 ж). Марапаттау қағазы 08.07.1944 ж.

Екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. III дәрежелі Суворов орденімен марапатталған (01.08.1945 ж). Марапаттау қағазы 15.05.1945 ж. 

  1. Гвардия лейтенанты

ГУТОВСКИЙ Виктор Иванович 

Зайсан АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

 1-ші гвардиялық армиялық инженерлік батальоны 14-ші инженерлік ротасының 1-ші взвод командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (01.10.1944 ж.). 30.07.1944 ж. №26834 марапаттау қағазы.

Екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (20.03.1945 ж). Марапаттау қағазы 04.02.1945 ж.

 5. Гвардия ефрейторы

Жарылғасынов Қабікен

 Тарбағатай АӘК

Шығыс Қазақстан облысы.

121-ші жеке гвардиялық саперлік Сандомир батальоны сапері. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (31.01.1945 ж). Марапаттау қағазы 28.01.1945 ж.

  1. Гвардия кіші сержанты

Жылқайдаров Зайнел 

Жарма АӘК Семей облысы.

 121-гвардиялық Гомель Қызыл Тулы Суворов дивизиясы орденінің 242-ші гвардиялық атқыштар полкінің пулемет ротасы командирінің орынбасары. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Б.Хмельницкий» орденімен марапатталған (11.04.1945 ж). Марапаттау қағазы 29.01.1945 ж. 

  1. Гвардия кіші лейтенанты

ИБРАГИМОВ Сүлейман

Үржар аудандық ӘК, Семей облысы.

22-ші гвардиялық танкінің 3-ші батальонының взвод командирі. «Кутузов», «Богдан Хмельницкий» бригадалары. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (08.06.1945 ж). Марапаттау қағазы 15.05.1945 ж.

  1. Аға лейтенант

ҚОЗЫБАЕВ Бейсембек

Өскемен АӘК Семей облысы.

1 атқыштар ротасы, 100-ші атқыштар полкінің 52-ші атқыштар дивизиясының командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (13.04.1944 ж). Марапаттау қағазы 27.03.1944 ж. 

  1. Капитан

КУДАГЕЛЬДИНОВ Котурбай 

Тарбағатай АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

301 атқыштар дивизиясының 8 атқыштар ротасы, 1050 атқыштар полкінің командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (03.04.1945 ж). Марапаттау қағазы 10.03.1945 ж.

  1. Гвардия лейтенанты

Мадьяров Мухамеди

Көкпекті АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

Ленин, Суворов орденді Харьков дивизиясының 15-ші гвардиялық атқыштар полкі, 47-ші гвардиялық атқыштар ротасы взводының командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (08.02.1945 ж). Марапаттау қағазы 25.01.1945 ж. 

  1. Капитан, содан кейін майор

НЕСМИЯНОВ Александр

Александрович

Зырян АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

 2-ші гвардиялық армияның Қызыл тулы 126-шы атқыштар дивизиясының 690-шы атқыштар полкі 1-ші атқыштар батальонының командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «III дәрежелі Кутузов» орденімен марапатталған (31.12.1943 ж). Марапаттау қағазы 07.11.1943 ж.

Екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (11.05.1944 ж). Марапаттау қағазы 20.04.1944 ж.

Үшінші рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. «Александр Невский» орденімен марапатталған (28.10.1944 ж). Марапаттау қағазы 14.10.1944 ж.

  1. Гвардия аға сержанты

Нуранов Владимир

Долобайұлы 

Абай АӘК, Семей облысы.

51-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 156-шы гвардиялық атқыштар полкінің танкіге қарсы мылтық нысана көздеушісі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (16.07.1944 ж). Марапаттау қағазы 27.06.44 ж.

  1. Гвардия лейтенанты

Сәрсекеев Ғадылбек

Зайсан АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

Богдан Хмельницкий дивизиясының 57-ші гвардиялық Новобугский атқыштар ордені 170-ші гвардиялық атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Ленин» орденімен марапатталған (24.03.1945 ж). Марапаттау қағазы 02.08.1944 ж.

  1. Аға лейтенант

Сейтқазинов Қанапия

Киров АӘК, Шығыс Қазақстан облысы.

3-ші атқыштар батальоны, 414-ші атқыштар полкі, 81-ші Калинкович атқыштар дивизиясы, 3-ші гвардиялық армия, 1 Украина майданы командирінің орынбасары. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (17.11.1944 ж). Марапаттау қағазы 09.09.1944 ж. 

  1. Қызыләскер

ТРУСОВ Амаргазы

Көкпекті АӘК, Семей облысы.

Құрыштесуші. ПТР Артиллериялық батальонның 108-ші бөлімшесі. Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған (20.01.1944 ж). 1943 жылғы 25 қарашадағы марапаттау қағазы

А.Шерубаев,

 «Ардагерлер ұйымы»

РҚБ ШҚОФ төрағасы

Қ.Қайырқанов,    

ШҚО қорғаныс істері

 жөніндегі департамент бастығы                      

Осы айдарда

Back to top button