Қоғам

Халық пен биліктің байланысы нығаяды

Айтқазы Шерубаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың ең басты мақсаты – жаңа Қазақстан идеясын қолдау, алға жылжыту, жүзеге асыру. Ол еліміздің болашағы туралы мәселелерді шешуді талқылайтын ең үлкен алаң деп ойлаймын. Бұл ретте Президентіміз айтқандай, билік пен халық бірігіп, елдің болашағы, экономиканың жағдайы туралы келелі ойларымен бөлісетін болады.

Осындай мемлекеттік деңгейдегі маңызды саяси шараның Ұлытауда өткізілуінің мәні тереңде. Ерте заманнан құрылтай ел тағдыры шешілетін тұста шақырылған. Ұлттық құрылтай жаңа Қазақстанды құруға елді жұмылдыру үшін құрылды.

Меніңше, Ұлттық құрылтайдың өзі қазақстандық қоғамның демократиялық қағидалармен өмір сүре бастағанын аңғартады.

25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, Егемендік күні деп белгілеу туралы шешім – көптен бері айтылып жүрген мәселе. Бұдан бөлек, ұлттық тарихтың көптомдығын әзірлеу, еңбекқор жастар тәрбиесін жолға қою – қоғамдық сұраныстан туындаған шешімдер.

Ал Президенттің «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек» деген сөзі – қоғамдағы ең үлкен түйткілдердің біріне тойтарыс беруі.

Осы Құрылтайдан көпшілік көкейіндегі көп түйткілге жауап алды деп ойлаймын.

Алдияр Аубакиров, рухани келісім мәселелері жөніндегі    сараптамалық жұмыс тобының мүшесі:

 – Қасиетті мекен – Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құрудағы алғашқы қадамы референдум болса, екінші қадамы Ұлттық құрылтайды халық арасынан жасақтауы дер едім. Бұған дейін әр жылдары өткен құрылтайлардың өзекті тақырыбы – көші-қон, демография мәселелері болатын.

Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы сол – оның құрамындағы кәсіпкерлік, білім беру мен денсаулық, ғылым, мәдениет пен спорт, әлеумет саласының өкілдері арқылы ауқымды шешімдер қабылданады.

Билік пен халықтың байланысын күшейту маңызды. Сондықтан Президент Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды. Сол арқылы қарапайым халық өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізе алады.

Жаңадан құрылған Ұлттық құрылтайдың құрамына ел мүддесі үшін тер төккен  Асқар Жұмаділдаев, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Әлихан Байменов сияқты азаматтардың енуі жақсылықтың нышаны. 25 қазан – Республика күні болып белгіленуі де халық көңілінен шықты.

Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақ болсын! Өйткені әлемдегі тұрақсыздық жағдайында елдегі ауызбіршіліктің арқасында ғана алға жылжи аламыз. Мемлекет басшысы айтып өткендей, қоғамда түрлі көзқарас болса да, тәуелсіз еліміздің дамуы жолында біртұтас ұлт болып ұйысуымыз қажет.

Олег Чернышов, Шығыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянстың төрағасы:

– Қазақстан Республикасының Президенті жанында Ұлттық құрылтай құрылып, оған ел өмірінің әр саласында қызмет етіп жүрген белгілі мемлекеттік және қоғам өкілдері енді. Жаңа ұйымның барлық қатысушылары жүзден асып жығылады.Жалпы, Құрылтайдың құрылуының өзі Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» туралы айтқан Жолдауының орындалуы деп білемін. Құрылтайда түрлі үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпордақ бірлестіктерінің өкілдері, депутаттар мен басқа да азаматтар өз ұйымдары атынан ұсыныс білдіре алатын мүмкіндік алды. Оның басты ерекшелігі – барлық ұсыныс-пікірлер бұрынғыдай министрліктер мен Президент Әкімшілігі арқылы емес, бірден Мемлекет басшысына тікелей қойылмақ. Бұл еліміздің жаңа демократиялық ел құрудағы негізгі қадамдарының бірі болмақ.

Құрылтай – бұл бірқатар заңдардың және заңнамалық актілердің қабылдануына, сондай-ақ биліктің халыққа қолайлы шешімдер қабылдауына әсер ете алатын үлкен азаматтық институт болып табылмақ.

Гүлнұр Ертуғанқызы, кәсіпкер, Аягөз ауданы:

Ұзақ жылғы үзілістен кейін өтіп отырған бұл Ұлттық құрылтайдың Ұлытау төсінде болуының өзіндік мәні бар секілді. «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғашқы қадамы ең алдымен Жошы хан кесенесінің маңындағы ақбоз үйден  басталуын жақсы ырымға балап жатты жиылған қауым. Биылдан бастап  жүйелі түрде өтетін бұл құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел-жұртты толғандырып жүрген біршама мәселелерге тоқталды.

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтайдың бұл алғашқы отырысы өте мағыналы, мазмұнды болды деп айтуға болады. Халықтың көкейінде жүрген, шешуі күрделі біршама  келелі мәселелер айтылып, тың ойлар ортаға салынды.

 «…Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс, деді Президент. Ұлт бірлігін ұлықтайтын осынау келелі жиыннан  жастардың да алар үлгі-өнегесі көп болғанын  айтқым келеді.

Осы айдарда

Back to top button