Халық «бәріне қарсымын» дей алу керек

Енді сайлау бюллетендерінде «бәріне қарсымын» деген жазу қосылмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу барысында айтты.
– Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!, – дейді ҚР Президенті Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің VII шақырылымының бірінші сессиясы болып жатыр.
Алтай Ғали-Асқар