Халқына адал қас батыр
Семейдегі Көлік колледжінде Қазақстанның Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының батыры, әйгілі партизан, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекі жазушы Қасым Қайсенов туралы «Халқына адал қас батыр – Қасым Қайсенов» атты адалдық сағаты өтті.
Адалдық сағатына 13 ТЭМк тобының студенттері Данияр Абилов, Мерхат Қайратұлы, Елнұр Серікханов, Мирас Саяхатұлылар белсене атсалысты. Қасым Қайсенов Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ кентінде дүниеге келген. Адалдық сағаты облыстық білім басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінінің іс-қимыл жоспарына орай «Саналы ұрпақ» жобасы аясында өткізілді.
– Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, атақты партизан, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің өмірі бізге үлгі, өнеге,- деді студент Серік Алмат, – біз осындай батыр тұлғаларымызды дәріптеуіміз керек.
Адалдық сағаты барысында студенттер Қ.Қайсеновтің өмірбаяны және шығармашылығымен танысты. Соғыс кезіндегі ең қиын кезеңдерді, қарапайым сарбаздардың шексіз батырлығын шынайы сипаттаған көптеген шығармалардың авторы екендігінен хабардар болды. Сондай-ақ шара барысында Қасым Қайсеновтің алғашқы шығармасы 1954 жылы «Жас партизандандар» деген атпен жарық көргенін, сол кезден бастап оның «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Жас партизандар», «Сол жылдары» және басқа да туындылары жарияланғаны және оның шығармалары орыс, украин тілдеріне аударылғаны жайлы да айтылды.
Әдеби композиция барысында балалар жергілікті халықтың патриотизмі, өз Отанына деген махаббаты сипатталған «Партизан жолдары» атты повесімен тереңірек танысып, партизан отрядтарының жасырын ұйымдарға көрсеткен риясыз көмегі, фашизмге қарсы күрескен жау тылындағы халықтың ерлігі туралы деректерге қанық болды. Бұдан кейін қатысушылар «Белгілі жазушы-партизан Қасым Қайсенов» атты слайд пен «Партизан Қайсенов» атты бейнефильмді тамашалады.
Раушан Нұғманбекова,
сурет автордыкі