ҚоғамТОП

“Халифа Алтай” мешітінде де екпе салу пункті ашылды

Алғашқы болып Аманбол имам екпе алды

Коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қоюдың ең тиімді жолы – вакцина салу. Қазір тұрғындар арасында вакцина салдыруға ниет білдіргендердің қарасы көбейіп келеді. Олардың барлығын қамту үшін облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерде екпе салу пункттері ашылып жатыр. Сондай екпе кабинеттерінің бірі Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінде өз жұмысын бастады. 

– Біздің бұл бастамамызды облыстың бас санитарлық дәрігері қолдап, «Халифа Алтай» мешіті мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті арасында меморандумға қол қойылып, мешітте екпе салдыру пунктін аштық. Пандемияны тек вакцинамен ғана тоқтата аламыз. Вакцина салдыру исламның негіздеріне қарсы келмейді. Мен өзім де екпе алдым, барлық қызметкерлеріміз де ерікті түрде салдыруды жөн санап отыр. Бір нәрсені ескерткім келеді, бұл жерде кез келген адам вакцина ала алады. Ұлтына, дініне қарамайды. Біз барлығымыз бауырмыз, – деді «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

Осы мешіттің іс басқарушысы Берік Кәдірұлы екпе пунктін ашудағы басты мақсат халыққа вакцина салдырудың маңызын түсіндіру екенін айтты.

– Ауыр эпидемиологиялық жағдайдан шығудың ең дұрыс жолы екпе алу және оны біздің хақ дініміз – исламның  қолдайтынын білдіргіміз келді. Оның үстіне екпе харам емес, халал заттардан жасалғаны, орзаны да бұзбайтыны туралы пәтуә шықты. Жаңадан ашылған екпе орнында келген адамдар күтіп отыратын, дәрігерлер тексеретін, екпе салатын бөлмелер бар, тоңазытқыш, шокқа қарсы препараттармен толық қамтылған, – деді ол.

Мұнда Ана мен бала орталығының мамандары қызмет көрсететін болады. Дәрігерлер әдеттегідей келген адамның денсаулығын тексеріп, барлық анализді жинайды. Екпеден салдырған адам жарты сағат медицина мамандарының бақылауында болады. Одан кейінгі үш күнде де дәрігер екпе алғандарға хабарласып, хал-жағдайын бақылауда ұстайды. Екпе алғаны туралы дерек міндетті түрде egov.kz жүйесіне тіркеледі.

Мешіттегі екпе кабинетінде ең бірінші екпе салдырған Аманбол Қуатұлы бойында ешқандай қорқыныш болмағанын, ине салған жерді сезбей де қалғанын айтты.

 

– Вакцина салғызуға мемлекеттің өзі қолдау жасап отырған соң, осындай мүмкіндікті барша халық пайдаланғаны дұрыс. Оразаны да бұзбайды.Осы жерде жамағатпен күнделікті қауышып жүргендіктен, өзімізді де, оларды да қауіпті дерттен сақтауға міндеттіміз, – деп нақтылады Аманбол Қуатұлы.

Екпе салдырғандардың тағы бірі Жомарт Рятов былай дейді: – Қазір әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде вакцинаға қарсы пікірлер, «ораза ұстап жүргендердің иммунитеті төмендейді», «оразаны бұзады» деген жалған ақпарат таралып жүр. Соған қатысты еліміздің Бас мүфтиі вакцина денеге салынғандықтан ешқандай да оразаны бұзбайтыны туралы мәлімдеме жасады. Меніңше біз вирусты тоқтата алмасақ та, оның таралуын тежеу өз қолымызда. Сол себепті ерікті түрде екпе салдырдым. Осы күнге дейін екпеден ешқандай асқыну тіркелмегенін, сол себепті қорықпау керектігін айтқым келеді.

Айна Ескенқызы

Суреттер әлеуметтік желіден алынды

Осы айдарда

Back to top button