Денсаулық сақтауТОП

Уыз сүтінде тектік қасиет бар

№1 Өскемен қалалық емханасына «Ана мен балаға достық қарым-қатынас клиникасы» мәртебесі берілді. Халықаралық мәртебені «Balajan» қоғамдық қоры  тапсырды. Облыстың бас педиатры Гүл Құсайынованың айтуынша, өңірімізде мұндай мәртебеге екі медициналық ұйым Ана мен бала орталығы және Өскеменнің №1 қалалық емханасы ие.

Бұл мәртебе медициналық ұйым босанған әйелдерге нәрестені емізуді үйретеді және соған кеңінен ынталандыруға көмектеседі дегенді білдіреді екен, өйткені бұл ана мен бала үшін өте пайдалы.

Өскемендік медициналық ұйымның қызметкерлері бұл атақты алу үшін маңызды аттестаттаудан өткендерін айтады. Ұлттық сарапшылар барлық қызметкерлер, жүкті және бала емізетін аналар және олардың отбасы мүшелері арасында жасырын сауалнама жүргізген (қатаң құпия және жеке жағдайда), сондай-ақ құжаттармен танысқан, көрнекі ақпараттық материалға шолу жасалған.

– Сарапшылар жүкті әйелдерге арналған мектептің  қызметімен танысу үшін сабақтарымызға қатысып, емізудің әрбір қадамдары ДДҰ/ЮНИСЕФ жаһандық өлшемдеріне сәйкес бағаланды. Шарт бойынша, ұжым әрбір қадамнан кемінде 80 балл жинау керек болатын. Біз осы шарттардың бәрін растадық. Нәтижесінде «Ана мен балаға достық қарым-қатынас клиникасы» мәртебесіне ие болдық, – деп қуаныштарымен бөлісті медициналық ұйым қызметкерлері.

Естеріңізге сала кетейік, 1-7 тамыз аралығында нәрестені емізуді қолдаудың Дүниежүзілік апталығы өткен-ді. Ал біздің ата-бабаларымыз сәбиді анасының емізуінің маңыздылығын ерте кезден білген. Ол жайында атақты Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) келіні Зейнеп Ахметова апамыз былай деп жазған екен: «…Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған…».

– Емізуді қолдау апталығында жас аналарға емізудің артықшылықтары түсіндіріліп, баланы омырауына дұрыс салудың жолдары үйретіледі. Ең бастысы, омырау сүтімен қоректенетін балалар вирустық, ішек ауруларына төзімді келетінін, олардың құлақтары мен тістерінде проблемалар аз болатынын айтып түсіндіреміз, – дейді емхананың ерте даму кабинетінің медбикесі Фарида Елеманова.

Анықтама: Балаға мейірімді аурухана немесе baby-friendly hospital – бұл ДДҰ мен ЮНИСЕФ ауруханаларға омырау сүтімен емізуді қолдағаны үшін берілетін халықаралық мәртебе. Бірінші кезекте, бұл бастама тек перзентханаларға қатысты болды, бірақ 2003 жылы оған әйелдер консультациялары мен балалар емханалары қосылды.

Емізу тәжірибесін қолдау мен ынталандырудың маңыздылығын түсіне отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) 1989 жылы «емізуді қорғау, көтермелеу және қолдау» бірлескен декларациясын жасады, осы құжатта сәтті емізудің 10 қағидасы (қадамдары) алғаш рет анықталып, әзірленді.

Айна Ескенқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button