Wi-Fi тарататын шамдар іске қосылады

Бұл ақылды көшелік шамдар қазірдің өзінде облыс орталығының негізгі көшелерінде орнатылған. Мәселен, қазір Қазақстан көшесін түнгі уақытта самаладай жарқыратып тұр. Жарық берумен қатар Wi-Fi тарату, ұялы байланыс желісін кеңейту секілді бірнеше функцияны да қатар атқарады.
Оны орнатумен айналысқан «LED Solution» компаниясының өкілдері алдағы уақытта да өңірде бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Олар бүгінге дейін Өскемендегі бес орталық көшеге екі айдың ішінде 501 көше шамын орнатқан. Компания мұндай ақылды шамдардарды ойлап тапқан америкалық «Ubicell» компаниясымен бірлесе жұмыс істеуде.
Облыс әкімімен болған кездесуге қатысқан «Ubicell» компаниясының өкілдері де ақылды шамдардың артықшылықтарын және өзге де өздері өндіретін өнімдер топтамасын жиналғандар назарына арнайы слайд арқылы ұсынды. Болашақта өңірмен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
Бұлармен одан әрі жұмыс істеу мәселесі облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен тараптар арасындағы кездесу барысында жан-жақты талқыға салынды.
– Біз жарық диодты шамдарды шығарумен айналысамыз. Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып саналамыз. Бұрын шам ғана шығарсақ, енді «Ubicell» компаниясымен күш біріктіріп, олардың технологиясын қолданып, ақылды шамдар шығарып жатырмыз. Бұл шамдар бұрынғыға қарағанда жарықтығымен, қауіпсіздігімен, ұзақ уақыт жанып тұратындығымен қоса, 60 пайызға дейін үнемділік әкеледі, сонымен қатар дыбыс датчигі, Wi-Fi тарату, қоршаған ортаға мониторинг секілді бірнеше функцияларды қатар атқарады. Тағы бір артықшылығы шамдарға диагностика жасау, өшіру, қосу, мониторинг және бақылау жасау, қажеттілігіне қарай реттеп отыру, бәрі онлайн режимде жүргізіледі. Ең бастысы, қала бюджеті энергия үнемдегіш технологияны қолдана отырып, көп қаржы үнемдейтін болады, – деді шамдарды таныстыру рәсімінде «LED Solution» компаниясының директоры Қаныбек Айтақов.
Сондай-ақ ол облыс басшысына Өскемендегі ақылды көше шамдары орналасқан көшелердің картасын да таныстырып өтті.
– Ең бастысы, компания бәсекеге қабілетті екендігін іс жүзінде көрсетуі тиіс. Себебі, мұндай жобаны облыс бұған дейін де қолға алып, айналысып келеді. Сіздердің айтқандарыңыз да көңілге қонымды. Тағы бір мәрте көзімді жеткізу үшін бүгін түнде қала көшелерін тағы бір аралап көріп шығамын. Байқаймын, Қазақстан көшесі мен Орталық мешіт маңы жарық бола түскендей, – деген облыс әкімі компания өкілдеріне қайырымдылық көмегі ретінде алдымен Орталық мешіттің барлық қабырғалық шамдарын ауыстырып шығуды тапсырды.
Дәурен Аллабергенұлы