Уға тапсырыс берген қай президент?

Улы жыланға шақтырып адам өлтіріп, у жасайтын Ахметті білесіз бе? Білмесеңіз Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» кітабын қолға алыңыз.
«Шертайдың төбесінің құдыққа енді бата бергені де сол еді, кенет ұзақ шыңғырған дауысы естілді. Ахмет бұрынғыша мылтығын кезеп, бұған ежірейе қарап тұр екен. Жібер арқанды деді қатқыл үнмен… Шыңғырған ащы дауыс, енді о дүниеден естілгендей, күңгірлеп төменнен шықты… құдықтың ернеуіне енді жақындап келе жатқан Шертайға ентелеп қарай бергені сол еді… О, сұмдық! Шертай түгілі адам сыйқына жобасы жақындамайтын бір құбыжық көзіне түсті. Қолының саусағы, аяғының башпайы сияқты жерлерінің болмашы нобайы бар… құбыжықты тайқазанға салып болғаннан кейін барып, Байшұбар өксіп жылады…».
Ералы өз басының уға айналарын білген де жоқ. Біздің де басымыз уға айналатын шығар бәлкім. Удың да түрі көп. Тынымбай қай түрін жазды?!
«Жақында мырзамызға бір президент кісі жіберіп, біздің у дәріні сұратыпты. Өте қымбат бағаға-а! Есіңізде болсын ол у дәрі таба алмайтын да… қаражат үнемдейтін де кісі емес… Демек біздің у дәрі-і… деді де Лиза бір ауық Байшұбарға күлімдей қарап, үнсіз отырып қалды…»
Президенке де у керек екен. Не үшін керек болды. Оны шығармадан оқып біліңіз.
«Қызылқұмның құла түзіндегі сексеуіл бұтақтарымен шегенделіп өрілген құдықтың басында қандай майдан болып өткенін ғой олар білмейді…».
Сіз де білмейсіз. Біз там-тұмдап ғана айттық. Толық білгіңіз келсе, «Періштелердің өлімі» кітабындағы «Жыланның уы» хикаятын оқыңыз. Қалған шығармашылығын содан көре жатарсыз.
Қызырбек Дүргінбайұлы