Вюцкелер қазақшаға судай

Павел мен Оксана Вюцке ата-аналарының қазақ жерінен пана іздеп келгенін айтады. Ерлі-зайыптылардың Анатолий атты ұлы мен Анастасия атты тоғыз жасар қызы бар. Анатолий әскер қатарында.
Семейге жақын Суықбұлақ ауылында тұратын Павел – неміс ұлтының өкілі, Оксана – орыс қызы. 40-шы жылдары жер аударылып келген әкесі Рудольф Адольфович 1907 жылғы болатын. Бұған дейін де үйленіп, балалы-шағалы болған Рудольф ақсақал екінші рет Павелдің анасы Мария Карповнамен отау құрыпты.
– Әкем қиын жылдары қара нанын бөліп берген қазақтарға қайда жүрсе де алғыс айтуын ұмытпаушы еді, – дейді қырықтан асқан Павел, – Әкей де, шешем де осы Суықбұлақтағы әк шығаратын зауытта еңбек еткен. Николай мен Юрийден кейін Лариса екеуіміз дүниеге келіппіз. Ағаларым басқа жақта. Алдымен Лариса өз ауылымыздағы, Серік Тоғызбаевқа тұрмысқа шықты, мен Оксана сұлуды Көкпектінің Тассай ауылынан әкелдім.
Үйленгендері қызық. Тассайдан келген Болат деген досы Оксананың телефонын беріпті. Қойшы әйтеуір, әуе толқынымен келіп, жылт еткен сезім ұшқыны екі жастың отау құруына себепкер болған. Айтпақшы, Павелдің апайы Лариса Тоғызбаева 2013 жылы ұстаздық жетістіктері үшін облыс әкімі қолынан «Приора» машинасын алған.
– Ата-анам Тассайда тұрады. Жастары 70-тен асқан, – дейді Павелдің зайыбы. – Әкем Анатолий Огнев атақты моторист болған. Өзім сақтандыру агенті болғаныммен, негізі, музыкантпын. Суықбұлаққа келін боп түскеніме еш өкінбеймін. Мамыражай өміріме себепкер болған қазақ бауырларыма рақмет. Бір шәугім шайды бөліп ішетін ауылдағы қазақ ағайындарымыз аман болсын!
Әңгіме барысында шырылдап жатқан телефондарына жауап беріп отырған екеуі бір-біріне кім қоңырау шалғанын айтып мәз:
– Миша ғой, – дейді Павел зайыбына қарап. – Баймулинов Мубейн, – десе енді бір сәт: – Батыр дос Сүлейменов көп болды телефон шалмады, – деп қамығады.
Ал Оксана өзінің Гүлназ Букенова, Ләззат Ықыласбаева, Эльвира Беккер сынды қимас достары бар екенін тілге тиек етеді.
Ортамызда осындай жандардың бар екеніне қуанады екенсің. Жай ғана қолдарын қысып, алғыс айтқың келеді шын көңілмен.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.