Білім

Вундеркиндтер ұстаханасы

Вундеркиндтер ұстаханасы


Шығыс Қазақстанда дарынды балаларды тәрбиелейтін оқу орындар аз емес. Солардың бірі де бірегейі Семейдегі «Білім-инновация» лицейі. Ағымдағы оқу жылында білім ұясының 45 оқушысы облыстық пән олимпиадасына қатысып, соның 35-і жүлделі орындарға іліккен. Тағы 11 бала жаратылыстану және гуманитарлық бағытындағы пәндердің республикалық додасында үздіктер қатарынан көрінді.

Білім сайыстарында олжа салып жүр

Бұл мекеме көпшілікке Қазақ-түрік лицейі ретінде таныс еді. 2017 жылы ребрендинг жасалып, оның атауы «Білім-инновация» лицейі болып өзгертілді. Мұнда 220 бала оқиды қазір. Басты ерекшелігі сол, білім шаңырағында сабақ үш түлде жүргізіледі. Атап айтқанда, жаратылыстану бағытындағы математика, физика, информатика, химия және биология пәндері ағылшынша оқытылады екен. Ал гуманитарлық пәндер қазақ және орыс тілінде үйретілуде. Сол сияқты лицейде түрік тілін меңгеру жолға қойылған.

– Оқушыларды конкурстық негізде қабылдаймыз. Жылда сәуір айында 6-дан, 7-ші сыныпқа қабылдау емтихандарын өткіземіз. Сөйтіп бізде бес жыл оқиды. Ағымдағы жыл шәкірттеріміз үшін жемісті болды. Жаратылыстану пәндерінен Атырауда өткен олимпиадада біздің облыстың құрамасы 17 жүлделі орынға ие болды. Соның 11-ін біздің лицейдің оқушылары алды. Оған қоса Қостанайда өткен қоғамдық-гуманитарлық пәндер олимпиадасында, бір шәкіртіміз қазақ тілінен күміс медальға ие болды. Жалпы айтсақ, 21 оқушымыз республикалық олимпиадаға қатысып, оның 12-сі жүлдегер атанды.
Солардың ішінен төрт баламыз алтын медаль иегері. Бұдан басқа жергілікті білім сайыстарында және де «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бастаған барлық жарыстардан оқушыларымыз бос қайтқан емес. Соңғысы қазақ тілі мен әдебиеттен өткен Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде тағы бір оқушымыз бірінші орын алды, – деген Семейдегі «Білім-инновация» лицейінің директоры Жанбол Ушакбаев, шәкірттерінің шығармашылықтан да кенде емес екендігін айтты.

Жақында Астанада «Білім-инновация» лицейлері арасында көңілді тапқырлар лигасының финалдық ойындары өткен-ді. Республикалық сынға Семей, Алматы, Қызылорда, Жезқазған, Кентау, Орал және Есік қалаларынан жеті команда жиналған. Финалдық кезеңнің тақырыбы «XXI ғасыр жастары» деп таңдалыпты. Жас өрендердің сайысын тамашалауға «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен арнайы келген. Көңілді тапқырлар бәсекесінің нәтижесінде, семейлік лицей-интернаттың «Sbil Gates» командасы топ жарып, ауыспалы кубок пен қаржылай сыйлыққа ие болыпты.

– Облыс атынан барып, лицейдің намысын қорғадық. Оңай болған жоқ. Барлық қатысушылар мықты дайындықпен келген. Қобалжыдық. Әйтсе де өзімізге деген сенім мен еңбектің арқасында жеңіске жеттік. Көрермендердің қошеметіне бөлендік. Осымен тоқтап қалмаймыз деген сенімдемін, – деді лицейдің оқушысы және «Sbil Gates» командасының ойыншысы Бақнұр Ермеков.

Жеңіп алған 400 мың теңгенің сертификатын семейлік өрендер, Назарбаев университеті студентінің еміне жұмсауды жөн санаған.

Түлектері әлемнің әр қиырында оқып жүр

Былтыр лицейді 50-ге жуық оқушы тәмамдаса, соның тоғызы шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түсіпті. Сол секілді тағы оннан астам түлек, Назарбаев университетінің студенті атанған. Ал қалғандары еліміздегі өзге де жетекші білім ордаларының оқу гранттарын жеңіп алған-ды.

– Қазірдің өзінде екі оқушымыз шетелдік университетке түсіп отыр. 11-сыныпты аяқтаған соң бірі АҚШ-қа, екіншісі Польшаға аттанады. Былтыр тағы екі шәкіртіміз халықаралық олимпиадада олжа салды. Тамыз кеңесінде оларға ноутбук табысталды. Қазір қос шәкіртіміз Гонконг пен Оңтүстік Кореяда білім алуда. Лицейіміз төрт жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық мектеп» деген атаққа ие болған, – деген Жанбол Қайырдыұлы, білім шаңырағындағы ұстаздардың да жетістіктері ауыз толтырып айтуға лайықты екенін атап өтті.

Мұнда негізінен 30 педагог қызмет етуде. «Ұстазсыз шәкірт – тұл» демекші, шәкірттің озық ойлы болуы, әуелі мұғалімнің алғырлығына байланысты. Осы ретте ұжым басшысы, қол астындағы мамандардың кәсіби біліктілігін жоғары бағалады. Мәселен Нұрлыбек Ташев, Раушан Иманбаева, Нұрлан Сүйеуов, Әшім Абдиев, Жанна Намазбайқызы секілді өзге де бірқатар мұғалімдерден тәлім алған шәкірттер түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жарқырап алдан көрініп жүр.

Үштік одақтың жұмысы жемісті

Бұл білім ордасындағы тағы бір ерекшелік мұнда ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Жоспарға сәйкес, әрбір ата-ана жылына кемінде екі рет тәрбие сағатын өткізуі міндетті. Лицейдің білім саласындағы жетістіктерінің құпиясы да осында жатса керек. Мектеп, оқушы және ата-ана үштік одағының өзара байланысының нәтижесінде сапалы білімге жол ашылып отыр.

– Қазіргі қоғамдағы проблема неден туындап отыр? Ата-ана мектепті танымайды. Тиісінше мектеп те ата-аналарды жақындатқысы келмейді. Бізде керісінше. Бүкіл мерекелік және өзге де іс-шараларға ата-аналар тартылады. Ата-ана және мектептің ойы бір жерден шықса, оқушы ортасында қалып кетпейді. Сол кезде ғана сапалы білімге қол жеткізуге болады. Жасырын емес, бүгінде оқушылар мұғалім туралы ата-анаға шағымдарын жиі айтып жатады. Ал оның байыбына жетпеген соң, ұстаздың абыройына нұқсан келетіні күмәнсіз. Біз сондай болмасын деп, балалардың жақындарын тәрбиеге көптеп тартамыз, – деген мекеме басшысы лицей-интернаттың акт залы, кітапхана және спортзалы орналасқан оқу ғимараты, кезінде ата-аналардың демеушілігімен тұрғызылғанын да айта кетті.

Шындығында, бұл оқу орнының жетістіктері баршылық. Содан да болар, осында оқуға асыққан жас өркеннің қарасы қалың. Бір өкініштісі оқу корпустары тарлық етуде. Басында айтқанымыздай, мұнда 200-ден аса жас тәлім алса, соның 180-і лицей-интернаттың жатақханасында тұрып, білім алып жатыр. Әсіресе, облыстың аудандарынан келіп оқып жатқан оқушылар саны көп. Сапалы ұрпақты тәрбиелеуді мақсат тұтқан мекеме ұжымы, осы мәселенің шешілуіне зор сеніммен қарап отыр.

Вундеркиндтер ұстаханасы

Жастардың арманы асқақ

Жандос Бәдешов және Расул Мағауин. Бұл Семей білім-инновация лицейінің дарынды оқушылары. Талантты жас өрендер, республикалық білім сайыстарында облыс намысын лайықты қорғап келеді. Бірі қазақ тілі мен әдебиетке құмар болса, енді бірінің физика-математикаға әуестігі басым. 10-сыныпта оқитын Жандос Бәдешов, Қостанайда өткен республикалық пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеттен күміс медальды еншілеген. Сонымен қоса Өскеменде өткізілген Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде топ жарды.

– Бала кезімнен кітап оқуға бейіммін. Халық ауыз әдебиеті, оның ішінде қазақ ертегілеріне ерекше құмарттым. Өзімнің атам Бәдеш – осы қазақ тілі мен әдебиет саласында еңбек еткен адам. Ол Аягөз ауданының Ақтоғай ауылында қазақ мектебін ашқан, – деген Жандос Бәдешов, болашақта тіл маманы болуды қалайтынын айтты.

Ал 9-сыныптың оқушысы Расул Мағауиннің, ғылымдардың атасы – математикаға, сонымен қатар физика және иформатика пәндеріне құлшынысы зор. Ол Атырауда жалауы желбіреген пән олимпиадасында физикадан жеңімпаз атанған екен. Оның алдында Алматыда өткен О.Жәутіков атындағы халықаралық физика-математика бәсекесінде қола жүлдені қанжығасына байлаған.

– Физика пәнінен өткізілетін олимпиадаларға 7-сыныптан бастап қатысып келемін. Ол кезде «Жас физик», «Жас математик» облыстық білім жарыстарын ұтқан едім. Бұдан кейін CTF білім олимпиадасында жүлделі бірінші орынға қолым жетті. Ал 8-сыныпта оқып жүріп, 9-сыныптардың пән жарыстарына барып жүрдім. Сол уақытта облыстық кезеңде үздік шықсам, республикалық турнирде қола медаль иегері болдым. Өзіме күрделі есептерді шығарған ұнайды. Тек математикада ғана емес, физикада да қызық фактілер көп. Ғылыммен тығыз байланысты. Сол себепті бұл пәннен болатын жарыстарға жиі барамын, – дейді Расул Мағауин.

Келешекте инжерлік салаға бет бұруды мақсат еткен Расул, АҚШ-ғы Массачусетс технологиялық университетіне немесе Гарвард секілді іргелі оқу орындарға түсуді көздеуде. Әлбетте ол үшін көп еңбектену қажет екенін екі оқушы да жақсы түсініп отыр, және де осы жолда қос кейіпкеріміз де аянып қалмақ емес. Өйткені Тәуелсіз ел жастарының рухы өр, арманы асқақ.

Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button