VR-киіз үй
Биылғы Барыс жылы «Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында айтқан еді. Сондай-ақ Президент бүгінгі жас ұрпақтың заманауи технология тетігін меңгеріп, жаһандық жаңашылдық үрдісіне қарай бейімделуі керектігін баса айтқан еді. Осы бағытта жұмыс істеуді қолға алған Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкерлері VR-киіз үйі арқылы оқырманды қызықты әлемге саяхаттатуда.
Кітапхана қазіргі таңда руханияттың қайнар бұлағы іспетті. Рухани шаңырақта әртүрлі бағыттағы үйірмелер топтамасы бар. Солардың бірі осы – VR-киіз үйі. Заманауи технологиямен жабдықталған киіз үйдің ішінде отырып әлемнің түкпір-түкпіріне саяхат жасап келуге болады. Сонымен қатар оқыған кітабыңыздағы кейіпкерлермен де осы киіз үйдің ішінде жолығуға болады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге ерекше тиімді.
– Кітапханамыз заман талабына сай жабдықталған. VR-киіз үйі ашылған сәттен бастап қызығушылар көп болды. Алғашында бізде тек VR көзілдірік болды. Кейін арнайы бағдарламамен түрлі көріністер жасай бастадық. Көріністерді жасау үшін энциклопедияларды оқу керек болды. Біздің мақсатымыз – оқырманға оқыған кітаптарындағы кейіпкерлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Осылайша, жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту, – дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башайқызы.
Қазіргі таңда кітапхана қызметкерлерлі жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларындағы кейіпкерлерді технология тетігіне салып, оқырманның ойынан шығатындай етіп бейнелеп шыққан.
– Біз Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғанын бейнеледік. Сонымен қоса кербұғы мен қамшыгер де бар. Суреттегі киіз үйдің ішіне тегін онлайн саяхат жасауға болады, – дейді Таңнұр Башайқызы.
Биыл балалар жылы болғандықтан бір уақыт телефонға телмірген балаларды кітапханаға апарып, тегін виртуалды әлемге саяхат жасатып қайтуға болады.
Алтай Ғали-Асқар