Жаңалықтар

“Востокмашзавод” жалақы берешегін қашан қайтарады?

Соңғы жылдары жұмысы тоқырауға ұшыраған «Востокмашзавод» кәсіпорнының жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты  берешегі артқан. Бұл туралы зауыт қызметкерлерінің жалақы берешегі мәселесі бойынша өткен тікелей эфир барысында айтылды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, кәсіпорынның 420 жұмысшы алдындағы жалақы берешегі 48,73 млн. теңгеге жеткен. Бұл желтоқсан айындағы ғана қарыз. Кәсіпорынның 220 жұмысшысы бүгінде аптасына төрт күннен жалақысының 50 пайызын ала отырып жұмыс істеуде.

Бүгінгі күні зауыт өте қиын қаржылық жағдайда. Биыл аталмыш кәсіпорынның акцияларын «БМЗ Инвест» ЖШС сатып алды. 19 ақпан күні өткен онлайн конференцияда жаңадан келген инвестордың жалақы қарызын беріп, зауыттың кредиторлық қарызын жабатыны, сондай-ақ вагондарға қажетті ірі габаритті құймалар жасайтын 10-шы цехтың жұмысын жандандыруға қаржы бағыттайтыны белгілі болды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сергей Золотаревич.

Соңғы он жыл бойына «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының басқаруында болған «Востокмашзавод» кәсіпорнына біршама қаржы бөлініп, теміржолға қажетті ірі габаритті құймалар құю жолға қойылғанымен, зауытты толық қуатымен іске қосу мүмкін болмаған. Бұл бірінші себеп болса, екіншісі – 60 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан зауыттың соңғы он жылда ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, құрылғылары жаңартылмаған. Осының салдарынан өнімділік 80 пайызға дейін төмендеп кеткен.

Жаңадан келген инвестордың алдында тұрған міндеттер көп. Бірінші кезекте олар өнімдер ассортиментін қайта қарастырады. Кеңестік кезеңде ассортимент саны бес мыңға дейін жеткен. Бүгінгі таңда олардың көбі моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Осыған байланысты тапсырыстардың дефициті пайда болды. Сол себепті зауыт бүгінгі күні толық емес бір аусымда жұмыс істей алатын мүмкіндікке ғана ие. Қараша айының жалақысын 10 қаңтарға дейін бердік. Ал желтоқсан айының жалақысын 10 ақпанға дейін беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда бұған  инвестордың көмегі көптеп тиюде. Зауыттағы өндірістер жабылмайды, ұжымды қысқарту да болмайды, – дейді «Востокмашзавод» зауыты директорының міндетін атқарушы Қанат Қалиев.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button