Қоғам

«Восток» «Спартактан» басым түсті

  «Восток»  «Спартактан» басым түсті

Еліміздегі Бірінші лига клубтарының арасындағы Қазақстан біріншілігінің 21 тур матчында Өскеменнің «Восток» командасы мен Семей қаласының «Спартак» клубы кездесті.
Ойын басталуға екі сағаттай уақыт қалғанда семейлік жанкүйерлер Гагарин бульварының бойымен әжептәуір марш жасап өтті. Дегенмен, өскемен командасы да жерлестерінің қолдауынан кенде қалған жоқ. «Восток» жанкүйерлері бояуы қанық арнайы футболкалар мен бас киімдер дайындап, киіп келіпті. Стадионды толтырған лозунгтер де алаң қожайындарына біршама күш-қуат бергендей.
Төрешінің ысқырығы естіле салысымен «Восток» өз қарсыластарына мығымдығын бірден байқатты. Допты да, жалпы ойын тізгінін де, басымдылықты да қолға алған өскемендіктер қарсылас қақпасына шабуылды үдете берді. Әсіресе оң қанатта Евгений Шмидт әдемі ойын өрнектерін көрсете білді. Бірінші таймның ортасында-ақ алаң иелеріне есеп ашуға мүмкіндік туған еді, алайда, Сабырхан Ибраевтың қақпаға бағыттай соққан добы межеден сәл мүлт кетті.
Екінші таймда Павел Евтеевтің шәкірттері шабуылды тіптен үдете түскен еді. 60-шы минутта Арғымбаев қарсылас қақпасына таяп келді де, қорғаушылардың қақпақылынан шыға алмай қалды. Ал ойынның 84-ші минутын бұл матчтың шарықтау шегі десе де болатын секілді. Шмидт айып алаңынан қақпаға ұзатқан доп семейліктердің команда капитаны Сергей Куцовтың аяғынан өз қақпасына кірді. Есеп – 1:0. Қарсыластардың бұдан кейін қарымта шабуылға шығуға қауқарлары жетпеді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button