\”Восток\” пен \”Спартак\” қашан бірігеді?

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов өткізген брифингте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне аймақ спортын дамытудың жоспары таныстырылып, өткен жартыжылдықтың қорытындылары шығарылды.
Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта спортсүйер қауымды бірқатар жағымды жаңалық күтіп тұр. Оның ішінде әсіресе, футбол және хоккей жанкүйерлерін бейжай қалдырмайтын дүниелер жетерлік. Ең алдымен, Шығыс өңірінде әйгілі «Реал» футбол клубының тәжірибесі бо¬йынша футбол академиясы құры¬лады. Осыған орай Өскеменге «Soxna» компаниясының өкілдері де келген болатын.
– Бұл – испандық, оның ішін¬де мадридтік «Реал» клубы ака¬де¬мия¬сының мамандарын тарту арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде футбол мектептерін құру және дамыту саласына мамандандырылған компания. Осындай академияның бірін Өске¬менде де құру мақсатында жақында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Soxna» компа¬ниясының президенті Алсина Луиспен кездесіп, келіссөздер жүргізгенін білесіздер. Бізде 300 орынға арналған футбол академиясын құруға мүм¬кіндік бар. Егер алғашқы жылы атқарылған шаруалардың тиімділігі байқалса, академияны кеңейту мүмкіндіктері қарастырылатын болады, – деген Елдос Чикенов дене күші мен ойын өрнегі жағынан балаларды іріктеумен шұғылданатын отандық және испандық мамандар құрамы жасақталатынын және академияға арналған арнайы футбол манежі салынатынын жеткізді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы облысымызда жаңа футбол клубы құрылатынын да мәлім етті. Атап айтқанда, өскемендік «Восток» пен семейлік «Спартак» командаларының біріктірілуі нәтижесінде «Алтай» атты жаңа футбол клубы пайда болмақ. Биылғы ел біріншілігі аяқталғаннан кейін, екі клуб біріктіріліп дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағына көшеді.
– Біріктіру барысында клубтың басшылар құрамы, команда құрамасы ауысып, оқу-жаттығу өткізу кестесі түбегейлі өзгертіледі. Ең алдымен, маусым алдындағы жаттығу жиындарын отандық және шетелдік мамандар жүргізетін болады. Біздің ойымызша, екі командаға қарағанда, біріктірілген жаңа клубтың әлеуеті мен мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары. «Алтай» өз жанкүйерлерін жаңа жетістіктерімен қуантатынына, ел біріншілігінде жоғары сатылардан көрініп, УЕФА аясындағы жарыстарға қатысатынына сеніміміз мол, – деді басқарма басшысы.
Алайда, бұл «Восток» футбол клубы жабылады деген сөз емес. Клуб қарамағында құрылып жатқан академия құрамынан жаңа команда жасақталып, жас ойыншылар «Алтай» футбол клубының тәжірибесі бойынша жаттығады деп жоспарлануда.
Жалпы, облысымызда спорт клубтарын біріктіру тәжірибесі табысты жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, осыдан бұрынырақта Семей және Өскемен қалаларының волейбол командалары да бір құрамаға біріктірілген.
Сонымен қатар, келер маусымда хоккей сүйер қауымды да бірталай жағымды жаңалық күтіп тұр. Мәселен, біраз уақыт бұрын атауын өзгерткен өскемендік «Торпедо» командасы облыс басшылығы тарапынан зор қолдауға ие болатыны белгілі болды. Мұны брифинг барысында Елдос Чикенов та ерекше атап өтті.
– Қыркүйектің 4-і күні облыстық драма театрында жаңаланған «Торпедо» хоккей клубының салтанатты таныстырылымы өтеді. Жанкүйерлер назарына ойыншылар құрамы әжептәуір жаңарған, оған қоса, спорттық киімдері де айтарлықтай өзгерген команда ұсынылмақ. Сондай-ақ, команданы бесекеге қабілетті ету мақсатында Ресей мен Қазақстаннан білікті бапкерлер шақыртылып, олармен тиісті келісімшарттар жасалды. Тағы бір ерекше айта кетер жаңалық, биыл «Торпедо» құрамында мұхиттың ар жағынан, Ұлттық хоккей лигасынан келген шетелдік жаңа ойыншы өнер көрсетеді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, брифинг барысында Елдос Чикенов бүгінде облысымыздағы спорт федерацияларының 13-і аккредитациядан өтіп қойғанын, қалғандарын тіркеу жуық арада аяқталатынын айтты. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, енді әр федерацияның міндетті түрде даму жоспары мен арнайы бағдарламасы болуы керек.
Тағы бір айтуға тұрарлық жаңалық, қазір облысымызда аудандар мен қалалардағы спорт мектептерін жергілікті әкімдіктер қарамағына беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қадам атамыш спорттық ұйымдардың жұмысын оңтайландырып, осы арқылы аудан-қалаларда спорттық резерв дайындауды жандандыруға бағытталып отыр.
Елдос Чикеновтың айтуынша, келер жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиадаға біздің облыстан кем дегенде 7-8 спортшы жолдама алуы керек екен. Оның ішінде басты үміт жеңіл атлетшіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға артылуда. Сондай-ақ, дзюдошы Дастан Ықыбаев пен грек-рим күресінің шеберлеріне де зор сенім білдіріліп отыр.
Нұржан Кенжеұлы