Вишневская биыл да бабында

Швецияның Эстерсунд қаласында өтіп жатқан биатлоннан Әлем кубогының бірінші кезеңінде Қазақстанның атынан сынға түсіп жатқан Галина Вишневская мен Максим Браунның жұбы қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, семейлік Галина Вишневская мен павлодарлық Максим Браун аралас эстафета мен супермикст сайыстарында сынға түсіп, соның екіншісінде үздік үштікке енді. Бұл жарыста мәре сызығын бірінші болып австриялық биатлоншылар Лиза Тереза Хаузер мен Симон Эдер кесіп өтсе, Германия спортшылары Ванесса Хинц пен Эрик Лессер екінші орынға тұрақтады. Ал біздің жұп атақты француз биатлоншылары Мари Дорен-Абер мен Мартен Фуркадтың өзін артта қалдырды. Француздар мәреге төртінші болып жетті.
Бұл Қазақстан биатлонының тарихындағы әлем кубогының эстафетасында алған тұңғыш медаль. Бұған дейін отандастарымыз мұндай биік белесті бағындырып көрмеген еді. Естеріңізге салайық, былтырғы дәл осындай жарыста ел намысын шығысқазақстандық спортшылар қорғаған болатын. Сол кезде Вишневскаяға риддерлік Ян Савицкий әріптес атанып, спортшыларымыз бесінші орынға табан тіреген.
Өкінішке қарай, супермиксттен кейінгі аралас эстафета сайысында Владислав Витенко, Антон Пантов, Дарья Климина мен біздің Ольга Полторанинаның төрттігі қарсыластардың негізгі тобынан көп уақытқа қалып қоюына байланысты жарыстан шеттетілді.
Айта кетер жайт, Эстерсундтағы кезең 3 желтоқсанда аяқталады, ал 7-10 желтоқсан аралығында Әлем кубогі Австрияның Хохфильценінде жалғасын таппақ.
Сәрсен Қабылым