Қоғам

Виртуалды университеттер бізде де болады

Виртуалды университеттер бізде де болады


Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 кітаптың тұсаукесері өткені белгілі. Қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология мен дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын алғашқы 18 оқулықты халыққа насихаттау жұмыстары қызу жүруде. Осы орайда Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ды Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сарсембаева да бізге пікірін білдірді.

– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бұл уақыт талабынан туындап отырған жоба. Өйткені біздің жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Әлемнің ақыл-ой маржандарымен өздерінің ана тілінде сусындауы қажет. Ал аталған жоба бізге осы мүмкіндікті ұсынып отыр. Жалпы, жоба аясында оқулықтарды аударуда негізінен гуманитарлық ғылымдарға ерекше назар аударылған. Осы сәуір айының өзінде-ақ 18 оқулық 10 мың данамен жарық көрмек. Ол оқулықтардың барлығы еліміздегі жоғары оқу орындарының бәріне тегін таратылып, үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап оқу барысында пайдаланыла бастайды. Жалпы, бұл оқулықтар қалың жұртшылыққа қолжетімді болады. Қазақ тіліне аударылған оқулықтардың барлығы кітап түрінен бөлек, электрондық нұсқада және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы форматында да әзірленеді. Іздеген адам электронды нұсқасын Ұлттық аударма бюросының сайтынан да таба алады. Сонымен қатар көзі тірі оқулық авторларын елімізге шақырып, кездесулер өткізу де жоспарланып отыр.

Жалпы, қазіргі таңда әлемде онлайн білім беру қарқынды дамып жатыр ғой. Бүгінгі күні дамыған елдерде көптеген виртуалды университеттер бар. Жақын болашақта мұндай университеттер Қазақстанда да дамитын болады. Солардың бірін «Қазақстанның ашық университеті» деп атау ұсынылуда.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бізге не береді? Біз әлемнің үздік университеттерінің бағдарламаларында пайдаланылып жүрген оқулықтарды аудару арқылы біздің студенттердің халықаралық стандарттарға негізделген сапалы білім алуына жағдай жасаймыз. Біз бәсекеге қабілетті, санасы ашық мамандарды даярлаймыз. Сондықтан да біз қазақ тіліне аударылған оқулықтар жайында студенттерге әңгімелеп беруге дайынбыз, – дейді Гүлжан Сарсембаева.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button