Виртуалды көрмеде ұлт көсемі туралы деректер көп
Абай атындағы әмбебап кітапханасы semeylib.kz веб-сайтында «Ұлт көсемі – Әлихан» тақырыбында ғаламтор пайдаланушыларына виртуалды көрме ұсынды.
Кітапхана қорында алаштың аяулы да ардақты перзенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның шығармалары және оның өнегелі өмірі мен қайраткерлік болмысы, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы атқарған ерен еңбегі мен саяси салиқалы ой-тұжырымдары жайында материалдар мол.
Виртуалды көрмеден ғаламтор пайдаланушылары кітапхананың сирек қорында сақталған Ә.Бөкейханның өз қаламынан туған төл туындылары және ол туралы мәлімет берер дерек көздер, өмірі мен шығармашылығына арналған басылымдар, сондай-ақ, мультимедиялық туындыларымен таныса алады. Жалпы кітапхана қорында мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген 30-ға тарта мақаласының толық мәтіні және Әлихан Бөкейханға арналған арнау өлеңдер, қайраткердің түрлі фотосуреттері мен ол туралы бейнежазбалар сақталған.
Виртуалды көрмеден 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысымен әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Ә.Бөкейхан есімі ақталғаннан кейін 1990 жылдардан бастап мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген, бүгінде кітапхананың қорында сақталған 17 мақаланың толық мәтінін оқуға болады.
Ә.Бөкейханның «Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің запискилерінің» 1905 жылғы II басылымдарында және 1907 жылғы III басылымында жарық көрген 3 ғылыми еңбегі күні бүгінге дейін кітапхананың сирек қорында сақталған. Үлкен Орда сұлтаны Сүйік Абылайхановқа қатысты және Ақмола уезі, Қоржынкөл болысына қарасты Слеті өзені бойындағы обалар жайында жазған ғылыми еңбектері мен Абай дүние салғаннан кейін Абай шығармашылығын жұртшылыққа таныстыру мақсатында жазған қазанамасының толық мәтінін «Сирек құжаттар» бөлімшесінен өздерінің тасымалдағыш құралдарына жазып алуға да мүмкіндік бар.
Қыр баласы деген атпен «Қазақ» газетінің бетінде 1913-1914 жылдары жарық көрген, кейіннен «Ақиқат», «Шәкәрім» журналдарының бетінде қайта басылған қаламгердің үш мақаласының толық мәтінін оқи алады.
Ғаламтор пайдаланушы қауымға жол тартып отырған «Ұлт көсемі – Әлихан» тақырыбындағы виртуалды көрме Ә.Бөкейханның шығармашылығына қызығушылық танытқан пайдаланушыларға қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген сенімдеміз. Көрмеге орналастырылған материалдар алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырылатын болады. Бұл біздің Әлихан Бөкейхан шығармашылығын жас ұрпаққа танытуда қосар үлесіміз болмақ.
Гүлмира Аязбаева
Семей.