Қоғам

Виктордың тылсым әлемі

 Мейрамтай Иманғали

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде семейлік суретші Виктор Шмидттің «Тылсым дүние» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл – Виктордың осы музейде өтіп отырған үшінші жеке көрмесі. Алғашқы көрмесі 2007 жылы, одан кейінгісі 2016 жылы өтіпті. 

Музей мамандары автордың “Тылсым дүние” атты жаңа көрмесі белгілі бір дәрежеде алдыңғы көрмелерді тақырыптық тұрғыда толықтыра түсетінін айтады.

Қылқалам шеберінің картиналары өзге суретшілердің дүниелеріне мүлдем ұқсамайды.  Оның картиналары сізге таныс та бейтаныс өзге бір әлемнің есігін ашқандай болады. Бір қарағанда, суретші картиналары сізге мағынасыз болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ сол мағынасыздық сізді үлкен бір ойға итермелейді.  Ой көзімен қарасаңыз, түрлі символдық бейнелер мен геометриялық фигуралардың өзінің айтар ойы бар екенін байқайсыз. Автор не айтқысы келгенін санаменен түйсінесіз.  

Қалай десек те, Виктордың өз картиналарында адамның жан дүниесіндегі түрлі құбылыстарды бейнелеуге тырысқаны анық. Түптеп келгенде, Шмидттің әр композициясы мағынасыз әлемге қашу емес, керісінше – адамдар, олардың эмоциялары. Тек  геометриялық фигуралармен берілген сол   оқиғаларды оқи алуыңыз керек. Кейде Виктор Федоровичтің картиналарының атауының өзі «сөйлейді». Ол «Ең бастысы –ертегіден қорықпау», «Екі жолдың өмірі», «Терезе» туындыларынан көрінеді. Суретшіні оның пластикалық формаларын адамдардың қаншалықты түсіне алатыны қызықтырады.  Сондықтан да  болар бұл вернисаж сұхбат түрінде өтті. Көрермендердің әрқайсысы суретші шығармалары туралы өз ойларын ортаға салды.

Суретшінің картинасына қарап отырып,  өзге бір әлемге қадам басқандай әсерде қалады екенсің. Суретші картиналарында бір құпия, жұмбақ бар. Сондықтан да   қарапайым адамға суретші шығармалары ашылмаған әлдебір арал секілді көрінуі әбден мүмкін.  Суретшінің жан дүниесі терең. Маған көрме ұнады, дейді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Л.Мырзағалиева.

Көрмені 19 қазанға дейін тамашалауға болады.  

 

Осы айдарда

Back to top button