Ветеринарлық дәрілерді арзандатудың амалы жасалмақ
Өскеменде ветеринарлық дәрі-дәрмектер шығарып жатқан отандық және шетелдік өндірушілердің форумы өтті. Аймақтың мал шаруашылығын сапалы, арзан дәрі-дәрмекпен қамтуға арналған форумға еліміздегі, шетелдегі ветеринарлық дәрі-дәрмектер компанияларының өкілдері, ветеринарлық қызмет саласы мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандары қатысты.
Қазақстан экономикасының негізгі саласы саналатын мал шаруашылығын ветеринарлық дәрі-дәрмектермен қамту мәселесін елімізде алғаш рет көтерген бұл форум мал ауруларының алдын алмайынша, аталған саланы дамыту мүмкін еместігін тағы да еске салған маңызды жиын болды. Мал өсірмес бұрын оның саулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін бәрі білгенмен, ол талаптың тиянақты орындалып жатқаны шамалы.
-Бүгінгі күні әлемдік нарықта ветеринарлық дәрі- дәрмектер, залалсыздандырушы құралдар мен вакциналардың аса көп, алуан түрі бар. Малдың жұқпалы ауруларымен күресуге бағытталған осы дәрі-дәрмектердің қайсысы бізге тиімді, олардың сапасы қандай, бағасы қолжетімді ме? Шетелдік ветеринарлық дәрі-дәрмектер өндіруші компаниялардың өкілдері мен дистрибьютерлері, қатысып отырған бұл форумды осындай сауалдарға жауап тауып, облыстағы мал шаруашылықтарын заманауи ветеринарлық дәрі-дәрмектермен қамту үшін, ішкі нарықты сапалы, арзан ветеринарлық дәрілермен толтыру үшін өткізіп отырмыз, -деді форумда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев.
Форумда Испания, Канада, Египет, Бразилия, Қытай елдеріндегі ветеринарлық дәрі-дәрмектер өндіруші компаниялардың өкілдері мал дәрігерлері мен ветеринарлық дәріханалар, шаруа қожалықтары иелерін, кәсіпкерлерді соңғы кезде шыққан инновациялық жаңа өнімдерімен таныстырып, олардың тиімділігі туралы әңгімелеп берді.
Бүгінде облыста адамдарды емдеуге арналған дәрілермен бірге мал емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің де бағасы күйіп тұр. Малының саулығын ойлаған ауыл жұрты, шаруашылық иелері ол дәрілерді екі ортадағы делдалдардан, алыпсатарлардан екі-үш есе қымбат бағаға сатып алуда. Әрі-бері тасымалдау кезінде тиісті талаптар сақталмайтын дәрі-дәрмектердің сапасы да күмән тудырып жатыр.
-Мысалы, қазір біздің облыстың мал шаруашылығындағылар псараптоз ауруына қарсы қолданылатын кішкентай ғана дәрінің бір дозасының өзін ішкі нарықтан 15 теңгеден сатып алуда, ал қытайлық өнім өндіруші компания оны бізге тікелей 6 теңгеден ұсынып отыр. Дилерлік, дистрибьютерлік компаниялармен басқа дәрі-дәрмектер бойынша да өзара тиімді осындай келісімшарттар жасасамыз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ешбір елде біздегідей мал ауруын әркім өз бетінше емдемейді, бәрі өндіруші кәсіпорындардың өкілдерімен жұмыс істейді, оның нәтижесі де үлкен, – дейді ветеринария басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев.
Шаруашылықтарды табылған дәрімен емес, сапалы, арзан екпелермен, дәрілермен, соның ішінде тиімділігі жоғары инновациялық дәрмектермен қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта ветеринария басқармасы облыстағы ветеринарлық дәріханалар негізінде шетелдік өндіруші компаниялардың аймақтық дилерлік орталықтарын ашпақ. Бұл мал иелерінің арзан дәрілер алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қандай дәрінің тиімділігі жоғары екендігі, дәрілердің әсері туралы өндірушілерден тікелей ақпарат алып, өзара байланыста жұмыс істеуіне, мал емдеу жүйесін дұрыс ұйымдастыруға жағдай туғызады.
Форум қорытындысында аймақтағы бірнеше ветеринарлық дәріхана мен мал шаруашылығы құрылымдары шетелдік, отандық компаниялармен сапалы, заманауи ветеринарлық дәрі-дәрмектерді арзан бағамен сатып алуға орай екіжақты меморандум қабылдады.
Жанаргүл Мұқатай