Қоғам

Ветеринарлар неге тапшы?

 

Облыстағы ветеринария саласында еңбек етіп жүрген мамандардың 40 пайызы зейнеткерлік жасына таяп қалды. Олардың дені аймақтағы шаруа қожалықтары мен мемлекеттік коммуналдық мекемелерде жұмыс істейді.Соған қарамастан бұл салада мамандар тапшылығы сезілуде. Мәселен, бір ғана Шығыс Қазақстан облысына 600-ден астам ветеринар қажет. Ресми дерек көздері осылай дейді.

Жалақы аз, жұмыс ауыр

Өңірде 1,5 миллион қой мен бір миллионға жуық ірі қара өсірілуде. Осыған қарап-ақ аймақта мал дәрігерлеріне сұраныс жоғары екенін аңғаруға болады. Жауапты сала мамандарының айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде облыстағы колледждер мен университетті тәмамдаған 86 ветеринар жұмысқа орналасқан. Сөйтіп, дипломды жас мамандар өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға белсене кірісіп кеткен. Алайда соған қарамастан облыста ветеринарлардың тапшылығы сезілуде. Әсіресе Үржар, Аягөз аудандарына мал дәрігерлері қажет. Сол себептен ауылға барамын, еңбек етемін деген ветеринарларға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да, әкімдік тарапынан да жағдайлар жасалады.

Бүгінде біздің облыста 580 мал дәрігері мен 311 ветеринар-санитар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аудандар мен қалалардағы ветеринарлық бөлімдерде 200-ден астам адам еңбек етеді.

– Жұмыс ауыр. Жалақы аз,сол себептен жастар бұл саланы көп таңдай бермейді, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Рас, біздің елімізде жас мамандар ауылға барып, еңбек етуден қашады. Оған себеп те жетерлік. Біріншіден, баспананың жоқтығы қиындық тудырса, екіншіден, шалғайда жатқан ауылдың мәдени өмірден қалыс қалғандығы сияқты түйткілдер тізіле береді. Ал АҚШ, Канада, Аустралия сынды мемлекеттерде мал дәрігері боламын деген мамандарға барлық жағдай жасалған. Онда ветеринардың ең төменгі табысы 5-6 мың долларды құрайды екен. Ал кейін жұмыс өтіліне байланысты олардың жалақылары 15 мың долларға дейін көтеріледі. Ал бізде ветеринардың айлығы шайлығынан аспайды. Мысалы, өңірдегі ветеринарлық пункттердің меңгерушілерінің ай сайынғы жалақысы 100-150 мың теңгені құрайды. Ал орта санаттағы мамандарға 80 мың теңге төленсе, ветеринар-санитарлар 45-50 мың теңгені қанағат тұтады. Тіпті екпе жұмыстарымен айналысатын мамандар 1,5-2 адамның жүктемесін атқарады. Әрине,бұлонсызда мардымсыз жалақы алып отырған мал дәрігеріне айтарлықтай ауыртпалық салатыны айдан анық.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, еліміздегі колледждер мен университеттерде жыл сайын 500-600 ветеринар даярланады,алайда олардың 30 пайызы ғана мамандық бойынша еңбек етеді. Оның ішінде 3-4 пайызы ауыл-аймақтарда жұмыс істеуге аттанады. Соның салдарынан бұл салада зейнет жасына таяп қалған мамандар көбейген.

– Мал шаруашылығын дамытуға белсене атсалысып, тынбай еңбек етіп жүрген ветеринарларға тиісті жағдай жасалуы тиіс, – дейді Ертай Батхолдин.

Тегін оқуға болады

Жергілікті билік өкілдері тиісті органдарға ауыл-аймақтарға қандай мамандар қажеттігі туралы ресми өтінім жолдаған кезде ветеринарларды көп сұратпайды. Соның салдарынан бұл салада кадр тапшылығы сезілуде. Ұлан ауданындағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі директорының орынбасары Әлия Сұлтанқызы осылай дейді.

– Біздің облыста бұл саланың мамандары жеткіліксіз. Сол себептен шалғайдағы елді мекендерде ветеринар тапшылығы жойылмай отыр, – дейді Әлия Сұлтанқызы.

Айта кетейік, ветеринар мамандығы бойынша тегін білім алуға болады. Оған барлық жағдай жасалған. Мысалы, Саратовкадағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде аталмыш сала мамандары мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылады. Мұнда ветеринар-фельдшер мен ветеринар-техниктер даярланады. Егер болашақ ветеринар сабақты төрт пен беске оқыса, оған ай сайын шәкіртақы төленеді.

– Ветеринар-фельдшер мамандығы бойынша оқу бітірген түлектер арнайы зертханаларға барып, еңбек ете алады. Ал ветеринар-техниктер болса, мал ауруларын емдеу және алдын алу жұмыстарын жүргізеді, –дейді Әлия Сұлтанқызы.

Биылғы оқу жылында Саратовкадағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде 45 талапкер ветеринар мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Оның ішінде 15-і «Серпін» бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен келеді.

– Біздің студенттер Ұлан, Күршім, Алтай, Шемонайха, Бородулиха сынды бірқатар аудан мен Өскемен қаласына барып, іс-тәжірибеден өтеді. Сөйтіп, теориялық білімдерін практикамен ұштастырады, – дейді Әлия Сұлтанқызы.

Ағымдағы жылы осы колледжді бітірген түлектердің 21-і жұмыс беруші мекемелермен келісімшартқа отырды. Олардың қатарында Төребек Бекболат, Қуанышбек Ержан, Арман Сқақов, Айсұлу Төреxан, Назерке Жайшылықова, Еркебұлан Жаңабай, Ұлжан Сағынтаева сынды бірнеше жас бар.

– «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша ақысыз негізде білім алдым. Биыл оқуымды бітірдім. Одан соң келісімшартқа сәйкес Жарма ауданына барып, еңбек етіп жүрмін. Негізі, қолына диплом алған соң, әр түлектің көкейінде «Енді не істеймін?» деген сауал тұратыны бар. Ал осындай күпті көңілдердің түкпіріндегі бұлыңғыр ойларды сейілтудің бірден-бір жолы–өз мамандығың бойынша жұмысқа орналасу, – дейді Еркебұлан Жаңабай.

Өңірдегі мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен ветеринарлардың мәртебесін көтеру керек,өйткені баяғы сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын көбейту, отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыны өріске толтыру осы мал дәрігерлерінің қолында дейді мамандар.

– Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ветеринарлардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жас мамандарға қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана төрт түліктің өсімі көбейіп, экономикамыз ілгерілейді, – дейді Әлия Сұлтанқызы.

Мамандарға жағдай жасау керек

Ветеринар мамандығы бойынша оқу бітірген жас мамандар көп жағдайда ауыл-аймақтарға барудан бас тартады. Тіпті кейбірі диплом алған соң, басқа салаға қызметке орналасады. Оның себебі біреу ғана: еңбекақы аз және көп жағдайда бұл саланың мамандарына ақысыз демалыс беріледі. Ал бірнеше ай бойы еңбекақы алмаған қызметкердің жауапкершілігі төмендейтіні айдан анық. Соның салдарынан төрт түлік мал түрлі ауруға шалдығады. Ал мұның алдын алу үшін ветеринарлардың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Бұл –облыстық ветеринарлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Есенгелді Ескенұлының пікірі.

– Соңғы жылдары мектепте нашар оқыған оқушылардың дені ветеринар мамандығына оқуға түсетінін байқап жүрмін,өйткені оларға да ел қатарлы білім алып, дипломды маман атану керек. Алайда арасында болашағынан зор үміт күттіретінталапты жастар да бар, – дейді Есенгелді Ескенұлы.

Мал ауруларының алдын алу үшін білікті кадрларды даярлау керек. Оқыту процесі барысында теория мен практиканы ұштастыруға баса назар аудару қажет. Әйтпесе, таңның атысынан кештің батысына дейін аудиторияда отырып, лекция тыңдағаннан еш пайда жоқ. Жауапты сала мамандары осылай дейді.

– Егер төрт түліктің жұқпалы аурулары бір немесе бірнеше шаруа қожалықтарында байқалатын болса, онда бұл басқа да елді мекендердегі мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді. Мәселен, облыстағы бірқатар ауданда сарып ауруы аяқ астынан пайда болғанда, мал ұстаған шаруалар қатты абдырап, шарасыз боп қалды. Соның салдарынан қаншама үйдің малы босқа қырылды.Оған бұл саладағы жұмыстың жүйесіз жүргізіліп отырғаны себеп болып отыр. Бізде мал ауруларының алдын алу шаралары жоспарда тұрғанымен, ғылыми негізде дұрыс жасалмайды, – дейді Есенгелді Ескенұлы.
Мал шаруашылығын дамытамыз десек, төрт түлікті жұқпалы індеттен сақтайтын ветеринар мамандардың еңбекақысын көтеру керек сияқты. Өйткені «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп санайтын біздің халықтың тұрмыс-тіршілігінің әрі қарай өркендеуі тікелей осы саланың мамандарына тіреліп тұр.

– Ветеринар мал ауруларын емдеп қана қоймай, барлық тіршілік иесінің жан-дүниесін зерттеп, зерделей білуі керек. Бұл оның біліктігінен хабар береді, – дейді Есенгелді Ескенұлы.

Бүгінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде жоғары білікті ветеринарлар даярланады. Бұдан бөлек, Семейдегі агробизнес колледжінде де осы сала бойынша білім алуға болады.

– Әр оқу орнының өзіндік жоспары бар. Соған сәйкес білім беріледі. Ең бастысы, білікті кадрлар даярланса болғаны, – дейді Есенгелді Ескенұлы.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button