ҚоғамТОП

Венгрия елшілігінің делегациясы көрмені тамашалады

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде мажар халқының көрнекті ақыны Шандор Петефиге арналған көрме ашылды. Көрмені Венгрия елшілігінің делегациясы келіп тамашалады.

– Венгр мәмілегерлері біздің университетімізге алғаш рет келіп тұр. Сондықтан бұл күн біз үшін өте маңызды. Негізі Аманжолов университеті Венгрияның бірқатар жоғары оқу орындарымен бұрыннан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Ал Шандор Петефи поэзиясының студенттерге берері мол. Ол – аз уақыт ішінде венгр әдебиетіне қомақты үлес қосқан қаламгер. Өз халқының бостандығы үшін басын бәйгеге тіккен тұлға қазақтың күрескер ақыны Махамбет Өтемісұлын еске салады, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона ақын шығармашылығына аз-кем тоқталып, екі елдің туыстығы, мәдениетінің ұқсастығы жөнінде әңгіме өрбітті.

– Шандор Петефи 1848-49 жылдардағы Венгрия азаматтық революциясының жаршысы болған. Ол бостандық пен махаббатты жырлап өтті. Шандор Петефи поэзиясының еуропа мәдениетіне ықпал еткенін әйгілеп тұрған көшпелі көрмені ашу бізге зор мәртебе, – деді елші мырза.

Оқытушылар мен студенттер Петефи өлеңдерін әртүрлі тілде оқыды.

– Көрме қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан, алайда өз халқының әдебиетіне ересен еңбек сіңірген Шандор Петефидің өмірінен сыр шертеді. Оның шығармаларының өзегі – ел мен жерге деген сүйіспеншілік. Қаламгер өмірінің соңына дейін бостандық пен махаббатты жырлап, венгр халқының тарихында өшпес із қалдырды, – деді университеттің сапа және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету департаментінің директоры Динара Сапарова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы аталмыш университетте «Қазақ-Венгр алтайтану зерттеулері: ежелгі заманнан қазіргі заманға дейін» деген атаумен ғылыми семинар өтті. Семинардан кейін екі елдің ғалымдары өңірдегі тарихи орындарға экспедиция жасады. Сонымен қатар қос тараптың арасында студенттер мен оқытушыларға арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы бар.

Осы айдарда

Back to top button