Қоғам

Веложарыс мәреге жетті

Веложарыс мәреге жетті
Өскеменде 4-12 тамыз аралығында осымен 49 рет өткізіліп отырған дәстүрлі республикалық «Қазақстан оқушысы – 2018» көпкүндік оқушылар веложарысы аяқталды. Жеңімпаздар Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өткен салтанатты жиында марапатталды.
Еліміздің 14 облысынан және Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен қатысқан командалар жарыстың жеті күнінде кезең-кезең бойынша бақтарын сынап, өткен жексенбіде қорытынды сайысқа түсті. Ақтық сайыс бұл күні Өскемендегі 19-ықшам аудандағы Қазыбек би даңғылында өтті. Велосипедшілер жарысына жоғары санатты төреші Бейбіт Искаков бас төрешілік етті.
Сонымен, марапаттау кезінде алдымен барлық жеті кезеңде үздік нәтиже көрсеткен үздік үштіктер марапатталды. Оларға медальдар, арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Командалар арасындағы жеті күнгі қорытынды есеп бойынша үшінші орынды Тараз қаласынан келген оқушылар командасы еншіледі. Екінші жүлделі орын Өзбекстаннан келген оқушыларға бұйырды. Ал бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған жас велошабандоздар алды. Бұдан бөлек, көпкүндік жарыста үздік өнерімен танылған солтүстікқазақстандық спортшы Владимир Мулагалеев «Белсенді шабандоз», Алматы облысынан қатысқан Өркен Сләмжанов «Таудағы шабандоз» арнайы аталымдарының жеңімпаздары атанды.
Ал жекелей есепте үшінші орынды Владимир Мулагалеев (СҚО), екінші орынды Кирилл Вагнер (СҚО), бірінші орынды Никита Казакевичус (БҚО) жеңіп алды. Жеңімпаздың жаттықтырушысы Александр Пирский де (БҚО) арнайы марапатталды.
Жеңімпаздарды бас төреші Бейбіт Искаков, алғашқы кәсіби велоспортшы, Турде Франс, Жиро де Италия, Вуэльта әлемдік жарыстарының қатысушысы, Әлемнің екі дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Ресейдің Омбы қаласынан келген жерлесіміз Николай Головотенко, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Бахытжан Атчанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әйгүл Байжанова, «Қазақстан велоспорт федерациясы» РҚБ өкілі Жандос Балтин, сондай-ақ облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының директоры Әлима Ақылбек және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, трек бойынша Әлем чемпионы Алексей Лялько құттықтады.
– Ең бірінші кезекте айтатыным, жарыстың деңгейі жыл сайын көтеріліп, бәсеке артып келеді. Биыл өте жоғары деңгейде өтті. 17 команда, 100-ден аса спортшы қатысты. Шетелдерден командалар қатысуда. Мәселен, Өзбекстан оқушылары тамаша өнер көрсетті. Жарыс жолдары да әртүрлі болды, таулы да, жазық та, еңіс те, өр де болды. Тек соңғы күні ғана қалада өтті. Ал Солтүстік Қазақстан облысының жеңімпаз атануы лайықты. Себебі Александр Винокуровтай Олимпиада чемпионы шыққан бұл өңірде велоспорт бұрыннан жоғары деңгейде дамыған, жақсы қаржыландырылады. Сондықтан бүгінгі жеңімпаздар арасынан еліміздің жастар құрамасына алатын жастар баршылық, – деді бас төреші Бейбіт Абылқадырұлына.
– Ал жарыс иелерінің ешбір жүлдесіз қалды ғой…
– Шығысқазақстандық команда орта деңгейде өнер көрсетті. Мүмкін таулы жерлердегі қиындықтар, бәсекенің жоғары болғаны әсер еткен шығар. Әйтпесе, бұған дейін көрсеткіштері жақсы болған, тіпті жүлделі орындар да алған.
Әрине, жарыстың аты – жарыс. Бізді ойлантқаны, аймағымыздан сынға түскен оқушылардың тым болмаса әр күнгі кезеңде де бірде-бір орынға ілікпей қалғаны болды. Әйтпесе, облыста велоспортты дамытуға лайықты қолдау да, мүмкіндік те жоқ емес.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button