Қоғам

Велошабандоздармен бірге жарыс жолына шықты

Велошабандоздармен бірге  жарыс жолына шықты


Облыс әкімі Даниал Ахметов «Қазақстан оқушысы-2017» веложарысына қатысушылармен бірге Шешек асуында велосипед теуіп қайтты. Аталмыш сайысқа қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында оқушылармен бірге 25 шакырымды жүріп өткен аймақ басшысы велошабандоздарға алдағы додаларда сәттілік тіледі.

– Бұрын мұндай веложарыстарға жиі қатысатынмын. Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын веложарыстың Шығыс өңірінде өткізілуінің өзі үлкен мәртебе. «Қазақстан оқушысы-2017» веложарысына қатысушылардың ішінен еліміздің атын әлемге әйгілі ететін болашақ чемпиондар шығатынына сенемін, – дей келе, облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда велошабандоздарға арналған мамандандырылған мектеп ашу жағын қарастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, аталмыш веложарысқа велотректен Азия чемпионы Алексей Лялько арнайы қонақ ретінде қатысты. Ал Өзбекстан Республикасынан келген велошабандоздардың жаттықтырушысы Исмаилджан Каримовтың айтуынша, бұл жарыста оның 11 шәкірті жеке және топтық сайыста бақ сынап көрмек.
– Шығыс Қазақстанның табиғаты мен климаты мұндай веложарыстарды өткізуге өте қолайлы. Мысалы, Өзбекстанда ауа райының құбылмалығына байланысты кейде балалардың жаттығуларын кейінге шегеруге тура келіп жатады. Ал мұнда бәрі керісінше, – дейді Исмаилджан Каримов.

«Қазақстан оқушысы-2017» атты дәстүрлі веложарыс осымен 48-ші рет өткізіліп отырғанын айту керек. Биылғы жарысқа Өзбекстан мен еліміздің әр аймағынан келген 16 команда, 134 велошабандоз қатысуда.

Велошабандоздармен бірге  жарыс жолына шықты

Аталмыш жарысты Қазақстанның велоспорт федерациясы, Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы, облыс әкімдігі мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Қырық сегіз жылдық тарихы бар веложарысты өткізудегі мақсат республиканың велоспорт құрамасына спортшыларды іріктеу, аталмыш спорт түрін дәріптеу, сондай-ақ, халықаралық спорттық байланысты нығайту болып табылады. Республика алаңында өткен веложарыстың салтанатты ашылуына Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев, веложарыстың бас төрешісі Рашид Кәкімов және тағы басқалар қатысты. Облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Абжапаров барша қатысушыларды құттықтап, бұл жарыстың «шағын велосипед академиясы» деп аталуында үлкен мән бар екенін, Олимпиада чемпионы атанған Александр Винокуров, Андрей Кивилев, Марат Сатыбалдиев, Николай Макаров, Игорь Потенко сынды айтулы спорт шеберлерінің осы жарыстан шыңдалып шыққанын атап өтті. Ал веложарыстың бас төрешісі Рашид Кәкімов барлық велошабандоздарға сәттілік тіледі.

– Табиғаты көз тартар осынау өңірде бұл жарыс 17-ші рет өткелі тұр. Сол себепті барша жиналған қауымды, сайысқа қатысушыларды, жанкүйерлерді осынау доданың басталуымен құттықтаймын. Бүгінгі веложарысқа Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары мен Өзбекстан Республикасы спортшылары қатысуда. Жалпы, бұл жарыста 2001-2004 жылғы оқушылар бақ сынасатын болады. «Қазақстан оқушысы-2017» веложарысының қорытындысы бойынша үздік велошабандоздар «Белсенді велошабандоз» және «Тау шабандозы» аталымдарымен марапатталды. Аталмыш жарысқа біздің спортшылар ақпан айынан бастап дайындық жұмыстарын бастап кеткен болатын. Бір қуантарлығы сол, соңғы үш жылдың көлемінде біздің велошабандоздардың кәсіби көрсеткіштері біршама өскен, – дей келе, ол болашақта шығысқазақстандық велошабандоздардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Жарыс жылдағыдай Өскемен қаласының маңындағы тасжолда өтеді. 6-13 тамыз аралығын қамтитын велобәйге кезінде барлық қатысушы жеке және топтық сайыста өзара кіл мықтыны анықтамақ.

Велошабандоздармен бірге  жарыс жолына шықты

– Мен бұл спорт түрімен бала кезімнен айналысып келемін. Жасым – 14-те. Үлкен додаларға енді-енді қатыса бастадым. Жеңіс тұғырынан көрінуге бар күш-жігерімді саламын. Арманым – Олимпиада чемпионы атану, – дейді өскемендік Дарья Тюлькина.

Өзбекстанның Ташкент қаласынан келген 9-сынып оқушысы Ботиржон Исматовтың да алға қойған мақсаты – Шығыс Қазақстанның жолдарымен жақсы деңгейде жүріп өтіп, Әлем чемпионатының іріктеуіне өту. Ал өскемендік Ерасыл Темірғалиев үшін бұл жолдар таңсық емес. Себебі, ол мұндай жарыстарға осымен бірнеше мәрте қатысқан.

– Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің намысын қорғап, биік тұғырлардан көрінгім келеді, – дейді ол.

Алдағы бір апта көлемінде велошабандоздар Глубокое, Ұлан аудандарының жолдарымен жүйткіп, бақтарын сынамақ. Сайыстың жабылу салтанаты 13 тамыз күні Өскеменнің Республика алаңында өтеді деп жоспарлануда.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button