Қоғам

Велобәйгенің көрігін сегіз команда қыздырады

Велобәйгенің көрігін сегіз команда қыздырады


Кеше Өскеменде колледж бен мектеп оқушыларының велоспорттан VIII жазғы спартакиадасы шымылдығын түрді. Шайтанарбаның шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктері аптаға жуық уақыт Алтай баурайындағы аламанның көрігін қыздыратын болады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырып отырған спартакиаданың ашылу салтанаты Өскемендегі Комсомол аралында өтті.

– Бүгінгі жарысқа қатысуға еліміздің өңірлерінен келіп отырған спортшыларға шұғылалы Шығыс жеріне қош келдіңіздер дейміз. Бұл спартакиада жастарымыздың шеберліктерін шыңдауға септігін тигізіп ғана қоймай, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтуға, өзара байланыс орнатуға, жаңадан достар табуға көмектеседі. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз. Жүзден жүйрік шыққандар жеңіске жетсін, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Сайрангүл Жұмәділова жарыстың ашылу рәсімінде.

Спорттық шараны ұйымдастырған мамандардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – спортты насихаттау, жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты нығайту, еліміздің болашағынан үміт күттірген жас дарындарды жарыққа шығару, халықаралық байрақты бәсекелерге дайындау.

Осындай биік мұрат-мақсаттарды көздеген спартакиадаға Астана қаласынан Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының өкілі Сергей Горкушенко арнайы келіп, велошабандоздарға ақ тілегін білдірді.

– Баршаңызды мектеп және колледж оқушылары арасындағы VIII жазғы спартакиада бағдарламасына сәйкес өткізіліп отырған велобәйгенің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл спартакиада спорттың 50-ден астам түрінен еліміздің бес қаласында өткізілді. Бүгінгі осы Өскеменде жалауы желбіреген шоссевелоспорты және маунтингбайк бәсекелерімен жазғы спартакиада түйінделеді. Спорттың осы екі түрінен өтетін жарыстың қорытындысы жалпыкомандалық нәтижеге ұпай қосады. Сондықтан велобәйгеде жастарымыз барын салады деп ойлаймын. Велошабандоздарға мықты денсаулық, ақ жол тілеймін, – деп атап өтті мәртебелі мейманымыз Сергей Горкушенко.

Естеріңізге сала кетейміз, шілденің 12-17 аралығында Глубокое ауданы мен Риддер қаласының аумағындағы трассаларда өткізілетін веложарысқа сегіз команда қатысуда. Олар: Астана және Алматы қалаларының, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының ұжымдары.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button