Қоғам

Велобәйге орта тұсынан асты

Велобәйге орта тұсынан асты


Өткен демалыс күндері Өскемендегі Комсомол аралында басталған «Қазақстан үміті-2017» велобәйгесі экваторына келіп жетті. Жарыстың алғашқы төрт күнінде жас велошабандоздар үш топтық және бір жекелей сында өзара мықтыны анықтады.

Велобәйгенің ұйымдастырушылары хабарлағандай, алғашқы жарыс күні спортшылар Өскеменнің іргесіндегі Шешек асуынан Ұлан ауданының Бестерек ауылына дейін жетіп, кері қайтты. Бұл кезеңнің ұзақтығы 80 шақырымды құрады. Бұдан соң велошабандоздар Шешек асуы – Бозанбай ауылы (Ұлан ауданы) – Шешек асуы бағытындағы 100 шақырымдық жолды артқа тастады. Үшінші жарыс күні веложарысқа қатысушылар тағы 100 шақырымдық жолды еңсерді. Тек бұл жолы олар Глубокое ауданының аумағымен (Ушанов кенті – Северный кенті – Ушанов кенті) жүріп өтті.

Кеше бір күндік демалыстан кейін спортшылар қайтадан жарыс жолына шықты. Аталған кезеңде велошабандоздар жекелей сында өзара мықтыны анықтады. Солнечный кенті – Бобровка ауылы – Солнечный кенті бағытындағы бұл жолдың ұзақтығы 20 шақырымды құрады.

Алда әлі үш кезең бар. Оның екеуі Ұлан ауданында, ал соңғысы Өскеменде ұйымдастырылмақ. Велокөпкүндіктің жетінші, ақтық кезеңінде спортшылар облыс орталығындағы Қ.Сәтпаев және К.Маркс даңғылдарының жолдарымен жүріп өтпек (50 шақырымдық критериум жарысы, 15 шілде, басталуы сағат 10.00).
Айта кетейік, осымен үшінші рет өткізіліп отырған жарысқа еліміздің бірнеше облысынан, сондай-ақ, Ресейдің Омбы, Новосібір қалаларынан келген ұзын саны 41 жас спортшы қатысуда. Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық денешынықтыру ғылыми-тәжірибелік орталығы, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен өткізіліп келетін велобәйгенің биылғы жарысына ресейлік қонақтардан бөлек, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Өскемен, Семей қалаларының құрама командалары қатысуда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button