«Васильев» өткелінің оң жағалауы абаттандырылады

Катонқарағай ауданында туризмге тікелей қатысы бар жолдардың инфрақұрылымына көңіл бөліне бастады. Бір ғана «Васильев» өткелінің маңайын абаттандыру үшін 12 млн. теңге қаржы жұмсамақ.
Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің айтуынша, паром өткелінің оң жағалауы Катонқарағай ауданының аумағына кірсе, сол жағалау Көкпекті ауданына тиесілі. Катонқарағайлықтар тек өздеріне тиесілі аумақты ретке келтірмекші. Ол үшін аудан бюджетінен бес миллион теңге қарастырылған. Бұл жобаны қолға алған кәсіпкер Жәнібек Елеусізов өз қалтасынан қосымша жеті миллион теңге шығармақ. Ол қаржыға жағалаудың сыртқы көрінісі абаттандырылып, аяқ суытып, ас-су ішуге қолайлы орын жасалуы мүмкін.
-Қонақ өзі түскен үйді төрден бұрын табалдырығынан бастап сынайды. Ал біздің табалдырық – осы өткел. Сондықтан қонақтардың иесіз елге келмегенін көрсету үшін табалдырығымызды бекемдеп жатырмыз. Жағалау қоқыстан тазартылып, жайлы дәретхана орнатылады, – дейді аудан әкімі.
Соңғы 4-5 жыл көлемінде «Васильев» өткелінің келбеті көңілге кірбің ұялататындай күйге жеткені шындық. Бұрын Көкпекті ауданына қарасты сол жағалауда бірнеше дәмханалар мен қымызхана жұмыс істеген. Кейін олар да жабылып тынды. Жабылып қалған дәмханалар, жәшіктен асып төгіліп жатқан қоқыстар, қисайған дәретхана… Осының бәрі сырт көзге «Осы тұстан әрі қарай өркениет жоқ» деген белгі беріп тұратын. Катонқарағайлықтар осы шаруаны кеш болса да, қолға алыпты.
Есжан Ботақара