Вандалдар мемлекеттік рәміздерге қол сала бастады
Өскеменнің төбесінен төніп тұрған «Қазақстан» шоқысы вандалдардың «сүйікті» орнына айналған сияқты. «Өскемен тәртіп» мекемесінің өкілдері Әнұран мәтіні жазылған тақтайшаны екінші жыл қатарынан бұзақылар қиратып кеткенін айтады.
Дабылды әлеуметтік желі қолданушылары қаққан болатын. Бұзақылардың бұл ісіне күйінген жұрттың жанайқайы қала әкімдігінің құлағына да жетсе керек. Жауынды күнге қарамай, басына құрылысшыларды жіберіпті. Мемлекеттік рәміздердің мүшкіл халін көзбен көру үшін шоқыға шыққан болатынбыз. Саудың асын ішіп, аурудың ісі жасайтын, моральдық тұрғыдан мешеу қалған жандардың арамызда әлі деп көп екенін «Қазақстан» шоқысы сыртқы көрінісімен айтып тұр. Айқұш-ұйқыш шимай, сынған орындық, талқандалған тақтатас, шашылған қоқыс көңілді құлазытып-ақ тастады. Ішімізден мемлекеттік Тудың адам қолы жетпестей биікте тұрғанына шүкірлік еттік. Әнұранның тақтасын талқандағандар Туды тілгілеуден де тайынбайтын сияқты. Алғашында бұл шоқының басына ішкі істер қызметінің бекеті орнатылған болатын. Елдің көзі үйренген соң ол бекет жұмысын тоқтатқан. Сақшылардың кетуі мұң екен, вандалдар белсеніп шыға келді. Онсыз да толасссыз желге мүжіліп, маусымнан маусымға әрең жетіп жүрген мемлекеттік рәміздер монументіне
вандалдардың әрекеті жығылған үстіне жұдырық болып тиюде.
«Қазақстанды» қалпына келтіруге жауаптанған құрылысшыларды сөзге тарттық.
-Қазір нысанның басында төрт адам жүр. Материалдар толық әкелінген соң сегіз адам жұмыс істейтін болады. Біздің міндет Әнұран тақтастын жаңалап, монументтің жел мүжіген тұстарын жөндеу. Соқпаққа төселген тақталар қопарыла бастапты. Оны да жөндейміз. 20 мамырға дейін уақыт берілді. Бірақ ауа райы жұмысқа қолбайлау болып тұр, – дейді «А Строй» ЖШС директоры Айжігіт Айжанов.
Жөндеу жұмыстарына қаражат «Өскемен тәртіп» мекемесі арқылы бөлініп отыр. Мекеме директоры Тамара Рахымжанова Әнұран мәтіні жазылған тақтаны екінші жыл ауыстырып отырғандарын айтады.
-Жел жағадан алғанда, вандалдар балаққа жармасып қоймай тұр. Былтыр ғана Әнұран тақтасын жаңалаған болатынбыз. Биыл тағы қиратып кеткен. Әзірге 2,8 млн теңгенің келісімшартын бекіттік. Қалған жұмыстарға ақша бөлу мәселесін қалалық мәслихат шешеді. 4 шілдедегі Мемлекеттік рәміздер күніне дейін барлық олқылық жойылады, – дейді ол.
Вандализм дейтін дерттің әзірге емі табылмай тұр. Сақшылар бекетін қайта орнатпаса, оларға сана мен ардың күзеті тосқауыл бола алмайтын сияқты.
Есімжан Нақтыбайұлы