Вакцинаның екінші компонентін егу басталады
Облыста коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесінің бірінші компонентін салу аяқталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, өңірге 1300 доза екпе жеткізілген болатын.
Вакцинациялау Өскемен мен Семей қалаларының алты емханасында бірінші ақпаннан жүргізілді. Бүгінгі таңда барлық доза егілді.
Ресейлік препарат екі компоненттен тұрады. Оның біріншісі антиденелерді жеткілікті мөлшерде қалыптастыра алмайды. Жиырма бір күннен кейін салынған екінші компоненттен кейін ғана ағзада COVID-19 вирусына тұрақты иммунитет қалыптасады. Өңірде 22 ақпаннан екпенің екінші компоненті салына бастайды. Препарат дүйсенбіге дейін түсу керек.
– Облысқа вакцинаның екінші компонентінің тағы 1300 дозасы жеткізілуі тиіс. Ол препараттың бірінші компонентін еккізген медиктерге ғана салынады. Осы уақыт аралығында екпе салғызғандардың арасында кері әсер берген ауыр жағдайлар тіркелген жоқ. Препараттың нұсқаулығында көрсетілген жергілікті жанама әсерлердің жеңіл түрлері ғана байқалды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Ведомствода аудандар мен басқа денсаулық сақтау ұйымдарында, педагогтар арасында вакцинаны салу қашан басталатыны әзірге белгісіз екенін ескертті.
Дәрігерлер коронавирус індетінен сақтайтын, оның таралуына тосқауыл қоятын бірден бір әдіс – халықты жаппай егу екенін жалықпай қайталауда. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мәтел де бекер айтылмаса керек. Мамандар COVID-19 науқастарының 20% – ында аурудың белгілері ұзақ уақыт сақталады деп ескертуде. Нақты деректер жоқ, бірақ дәрігерлер тәжірибеге сүйене отырып, үш айдан бастап одан да ұзақ уақытқа дейін сақталатынын байқаған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының профессоры Сәуле Қасенова барлығы инфекция ағымының ауырлығына байланысты екенін айтты.
–Бізде нақты мәліметтер жоқ, бірақ біз COVID-19-дан кейінгі әртүрлі көріністер үш айдан бастап сақталатынын білеміз, ауыр науқастарда екі жылға дейін созылуы мүмкін. Коронавирустың жиі кездесетін асқынулары мен белгілерінің бірі – тұрақты жөтел, пациенттер ұзақ, құрғақ жөтел туралы айтады. Келесі белгі – ентігу, соншалықты айқын әлсіздік, адам бұрын оңай және тез атқаратын қарапайым функцияларды орындай алмайды, біреуде КВИ көрінісі бас ауруымен, бас айналуымен, келесі адамда жүрегінде немесе кеудесінде ауырсынудың пайда болуымен білінеді. Кейбір адамдар ұйқысының бұзылғанына немесе шым-шытырық түстер көретініне, есте сақтау қабілетінің төмендегеніне шағынады. Өкінішке қарай, бұлар – КВИ індетінің салдары. Инфекциядан кейін қалпына келтіру мен оңалтудың әртүрлі әдістері бар. Вирус бір жылдан бері бар және біз тәжірибе жинақтаудамыз. Асқынуларды емдеуге болады. Тек онымен айналысу керек, – деген пікірін жеткізді дәрігер.
ДДҰ ұсыныстарына сүйене отырып, Сәуле Қасенова КВИ-ге шалдыққан барлық адамдарға өздерінің емдеуші дәрігерлерімен үнемі байланыста болуға кеңес берді.
Айна Ескенқызы