Қоғам

Вакцина салдыру оразаны бұзбай ма?

Мен мұғалім болып жұмыс істеймін. Наурыз айында педагогтарға да коронавирусқа қарсы екпе салу басталады деп ескерткен. Вакцинаның бірінші компонентін алғандар  жиырма бір күннен кейін екінші компонентін еккізеді. Ал ораза айы болса жақындап қалды. Осы орайда мені вакцина салдыру оразаны бұзбай ма деген сұрақ толғандырады?  Ораза ұстауға ниеттеніп жүр едім.

 Гүлдариға Қонысқызы Жарма ауданы.

 Оқырманның сауалына жауап интернет желісінен алынды.  Осы сұраққа орай  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Хасан Аманқұл былай депті:

– Шариғат бойынша оразаны ағзаға табиғи жолдар – ауыз, мұрын, ішек арқылы енген нәрселер бұзады. Ал денеге енген нәрсе, мысалы, коронавирусқа қарсы екпе оразаны бұзбайды. Исламдағы көптеген заманауи ғалымдар инъекция арқылы ағзаға енгізілетін дәрі-дәрмектерді ағзаны сауықтыру үшін энергия ретінде қарастырады. Сол себепті ауруларды емдеу және дерттің алдын алу үшін пенициллин, инсулин, вакцина, анальгетик, антипиретик сияқты препараттар мен дәрумендерді қолданудан да  ораза бұзылмайды. Өйткені бұл инъекциялар  тері асты арқылы бұлшық етке енгізіледі. Алайда тамырға инъекция енгізу мәселесінде ғалымдардың көзқарастары біржақты емес.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Ораза 14 сәуірде басталады. Қадір түні – 9 мамырдан 10 мамырға қараған түн. Ораза айт мерекесі 13 мамырда басталады.

 

Әзірлеген – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button