COVID-19 

Вакцина алуға құлшыныс танытып отыр

Облыста коронавирусқа қарсы екпе – «Спутник V» препаратының екінші компонентін осы аптада 445 медицина маманы салғызды. Семейдің қарапайым тұрғындары да коронавирусқа қарсы екпе алуға құлшыныс танытуда. 22 ақпаннан бастап шаһарда ресейлік «Спутник V» препаратының екінші компонентін егу басталған-ды. Емхана басшыларының айтуынша, бірінші компонентін ерікті алған медициналық қызметкерлер тура 21 күннен кейін ешқандай қарсылықсыз екіншісін салғызуға келіп жатыр.         

       – Біздің емханада коронавирусқа қарсы егудің екінші кезеңі басталып кеткеніне бес күн болды. Бірден айта кетейін, бірінші кезеңін алған егілушілер дер кезінде, арнайы белгіленген уақытында келуі – біз үшін үлкен жеңіс. Себебі алғашқы күндері көптеген адамдарда күдік сезімінің болғаны баршаға мәлім, – дейді Семейдегі №1 емхана бас дәрігерінің орынбасары  Гюльнара Есімжанқызы.

Екінші компонентті алғандар алғашқы 30 минутта медициналық мекеменің дәрігерінің динамикалық бақылауында болады, сондай-ақ келесі үш күнде телефон арқылы бақылау жалғастырылады.

Гюльнара Есімжанқызының берген мәліметтеріне сүйенсек, бірінші кезеңмен жоспарланған 225 адам толық қамтылып, ешбір егілушіде аллергиялық реакция тіркелмегендіктен, екінші кезеңнен бүгін 70 адам өткен, жоспарланған 225 адамның қалғаны тиісті белгіленген кестемен толығымен қамтылады.

– Жалпы, коронавирусқа қарсы егу жұмыстары басталғалы көптеген адамдардың көзқарастары да өзгеріп, қызығушылық пайда болғаны – қуантарлық жағдай. Қарапайым тұрғындар арасында ниет білдірушілер көптеп келіп жатыр. Демек, халқымыздың санасында денсаулығын сақтау үшін аурудың алдын алу шараларын толығымен орындау – әр азаматтың жауапкершілігі деген түсінік қалыптасты. Екпенің пайдасы мен зиянсыздығына деген сенімдері ұялаған сияқты, –дейді Гюльнара Есімжанқызы.

Осы емханада екпе алған жедел жәрдем ауруханасы қызметкерлері өздерінің әсерлерімен бөлісті.

– Бүгін екіншісін алдық. Біз күткен, болуы мүмкін бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүрек айнуы сияқты кері әсерлердің ешқайсысы болған жоқ. Қазір өзімізді жақсы сезінеміз. Ешқандай қорқыныш болмағаны дұрыс, – дейді мамандар.

Семейдегі №7 емхана директорының орынбасары Райхан Қуанышбекқызының сөзіне қарағанда, емдеу орнынан осыған дейін екпе алғандар кесте-кесте бойынша келіп, екінші қайтара салғызып жатыр. Перинаталды орталықтың 75 қызметкері дәрінің алғашқы дозасын осы медициналық ұйымда салғызған болатын. Төрт күннің ішінде олардың отызы екінші рет екпе жасатып үлгерді.  Орталықта жұмыс істейтін Елена Гейнц – неонатальді реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінің қызметкері. Ең алдымен, кішкентай пациенттерінің қауіпсіздігі үшін екпе салғызуға тәуекел етіпті.

– Дәл қазір COVID-19 індетін жоятын, ғылыми дәлелденген бірде-бір медикамент жоқ. Тек симптоматикалық препараттармен емдейді. Қызметім жаңа туған нәрестелермен байланысты болғандықтан, ең алдымен, олардың  өміріне жауап беремін.  Коронавирустың таралуын тоқтататын басқа амалдың әзірге жоқтығынан, өзімді, кішкене пациенттерімді және әке-шешемді сақтандыру үшін вакцина  салғызу қажеттігін ұқтым. Бірінші ақпанда және 22 ақпанда екті. Вакцина алған күні тәулік бойы кезекшілікке де шықтым, денсаулығымда нашарлау байқалмады.  Қалаған жерге бару, бұрынғыдай еркін өмір сүру, тіпті бетпердесіз, кеудені кере, еркін дем алу үшін де дәріні еккізу дұрыс деп ойлаймын, – дейді Елена Алексеевна.

Алтай Бегельдинов – Семей медициналық университетінің бірінші курс резиденті, перинатарлық орталықта тәжірибеден өтіп жүр.

– Вакцинаның екінші дозасын алдым. Ағзамда мән беретіндей ерекше өзгерістерді байқамадым. Жағдайым қалыпты. Өзімді жұқпалы індеттен қорғай алғаныма қуаныштымын, – дейді болашақ дәрігер.

№2 емхананың басшысы Надежда Николаевна осы жолы да 210 доза бөлінгенін айтады. Алғашқы аптада 95 маманға екінші қайтара салыну керек болатын.

– Осы  аптада жоспарланған қызметкерлердің барлығы екпе алды. Бірінші компонентті салдырған алты адам медициналық көрсетілімдер бойынша екіншісін әзірге ала алмайтын болды. Олардың біреуінде пневмония, екіншісінде бронхит анықталса, төрт адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған. Өткен жолы бірінші дозадан кейін дене қызуы қатты көтерілгендер болған. Үш күннің ішінде бәрі қалпына келді. Олардың екінші компонентті салғызатын мезгілдері әлі жеткен жоқ. Сол себепті қандай шешім қабылдайтынын әзірге білмейміз, – деп толықтырды  Надежда Николаевна.

Семейлік дәрігерлер қарапайым тұрғындар арасында вакцина салғызуға құлшыныс танытқандардың бар екенін айтқан еді. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері-денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов халықты жаппай вакцинациялаудың мерзімі туралы былай деген болатын.

– Қазіргі уақытта тиісті топтар егіліп жатыр. Біз сәуір айында вакцина өндірісінің ай сайынғы өсімі болады деп есептейміз. Наурыз айында вакцина өндірісі айына 160 мың дозаға, ал сәуірде 600 мың дозаға дейін жеткізіледі. Наурыз айында біз медицина қызметкерлерінен басқа педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлеріне екпе егуді бастаймыз деп ойлаймын. Сәуір айында вакцинаны пайдалануға ниет білдіретін халықтың қалған топтарына біртіндеп көшеміз, – деді Ерлан Қиясов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button