Қоғам

ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ БОЛУҒА ЛАЙЫҚ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Шығысқазақстандық шағын кәсіпорын Қазақстанға шеттен ағылып жатқан импортты алмастыратын өзгеше өнімдерді өндіріп жатыр. Елдегі кәсіпорындар осы бір өскемендік кішкентай өндіріс орны сияқты барынша автоматтандырылып, еңбек өнімділігін арттырып, кәсіби білікті мамандарын, соның ішінде  ұлттық кадрларды қалыптастырып, ашық бәсекелесе алса, экономикамыз дамып, халқымыздың тұрмысы тіптен жайнай түсер еді.

 Өскемендегі «SP Jet» ЖШС кәсіпорны тау-кен өндірісі құралдарының қосалқы бөлшектеріне қажетті тығыздаушы жабдықтарды шығарумен айналысады. Шағын кәсіпорынның австралиялық «SKF Economos» технологиясымен өндіріліп жатқан өнімдері жазда Өскеменде өткен «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсының «Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» аталымында бірінші орынға лайықты деп бағаланған болатын.

Аймақ кәсіпкерлері палатасының директоры Қайрат Мамырбаев елде жоқ ерекше өнімдерді өндіріп жатқан осы кәсіпорында болып,  «SP Jet» ЖШС директоры Александр Строкатовпен өндірістің болашағы турасында әңгімелесті.

Жеті жылдан бері еліміздің тау-кен өндірісі құрал-жабдықтарына қажетті қосалқы бөлшектер құрамаларын шығарумен айналысып отырған кәсіпорын 2018 жылдан бастап қазақстандық кеніштерге гидравликалық, пневматикалық тығыздаушы құралдар бөлшектерін де жеткізіп келеді.  CTX 510 Ecoline, DMH500M и SEAL JET NG060  тәрізді шетелдік бесаспап станоктарды қолданып жатқан кәсіпорын өзінің өнім түрлерін барынша көбейтіп отыр.

Кәсіпорынның өндірістік цехтарында шығарылатын өнімдер зауыт жанындағы  «Центр гидравлики» деп аталатын арнайы дүкенде сатылып жатыр. Серіктестік басшысы шетелден сатылып алынған құрал-жабдықтарда жұмыс істеудің жай- жапсарын шетелдік мамандардың өздері келіп, үйретіп кеткенін айтты.

Қазіргі күні   «SP Jet» кәсіпорнында  еңбек етіп жатқан 30 маманның бәрі де өз істерінің шебері. Ұжымның кез келген күрделі тапсырысты  сапалы орындап шығатынына әлдеқашан көздері жеткен тапсырыс берушілер өскемендік зауытты сенімді серіктестеріне айналдырған.

Бұл шағын кәсіпорында еңбек өнімділігіне ерекше көңіл бөлінген. Еңбек өнімділігінің жоғары болуы өндірісті ғана емес, ел экономикасын дамытудың бірден-бір жолы. Кәсіпорын басшысы Александр Строкатов өнім түрлерін ұлғайтып, сапасын арттыру үшін құрал-жабдықтарды да үнемі жаңалап, өнімділігі жоғары түрлерімен толықтырып жатқанын айтты. Жуықта еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың біріне қатысып,  75 млн теңгеге шетелдік CTX 510 Ecoline станогын сатып алған. Енді осындай озық технологиямен өнім шығаратын  құралмен жұмыс істей алатындай маман даярлау мәселесі тұр. Ұжым басшысы қазір мамандарды жаңа технологияларға оқыту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

– Егер  қарапайым токарьлық станоктарда күрделі детальдарды жасауға кем дегенде екі күн кететін болса, жаңа технологиямен жұмыс істейтін жаңа станокта бұл өнімдер өте жылдам істеледі. Жаңа станок бір мезгілде кесіп, жонып, егеп, сүргілеп, барлық жұмысты бастан-аяқ атқарып шығады. Бірақ осы ғажайып технологияны терең меңгеріп, мұқият қадағалап отыру қажет. Ол үшін бағдарламаны жаңартып, жаңа өндіріс желісін жолға қою керек. Мұның бәрі біздің жұмысшыларды үйрететін арнайы мамандарды қажет етеді, – дейді директор.

Бірер жыл бұрын елімізде «Аға сеньорлар» жобасы қолға алынып, шетелдік мамандар Қазақстанға арнайы келіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне консалтингілік кеңестер беріп, мамандарын жаңа технологияларға үйретіп, кәсіпкерлерге аталған жоба арқылы үлкен қолдау көрсетілген болатын.

– Қазіргі күні бұл жоба аяқталып бітті. Бірақ біз «SP Jet» кәсіпорнына ресейлік мамандарды шақырып, бағдарламаны жаңартуға, мамандарды оқытуға, жаңа станокпен жұмыс істеуді үйретуге көмектесудің басқа жолдарын іздестіреміз. Еуропалық даму және қайта құру банкі көрсетіп отырған осы іспеттес бағдарламаға қатысудың да мүмкіндіктерін қарастырамыз, – деді кәсіпкер өтінішіне орай аймақ кәсіпкерлері палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

«SP Jet» ЖШС облыстағы  «Казцинк», «ФИК «Алел», «Казахмыс» компанияларына, басқа да кен байыту, кен өндіру кәсіпорындарына тапсырыстары бойынша түрлі қосалқы бөлшектер шығарып, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.

–  Бізде тауарларымыздың сапасына жауап беретін  СТ KZ сертификатының болғаны көп жағдайда көмектесіп отыр. Қазақстандағы бұл сертификат түрі Ресейде де үлкен сенімге ие. Қазіргі күні ресейліктермен де келісімшартқа отырып жатырмыз, енді біздің өнімдер көршілес елге экспортталады. Біздің өнімдер «Казцинк», «Қазақмыс» сияқты ірі компанияларда өндірістік сынақтан өтіп, осы сертификатты алған. Ресейлік кен байыту, кен өндіру кәсіпорындарына мұндай өндірістік сынақтар жүргізудің қажеті жоқ енді. Өнімдердің СТ KZ сертификатының сапасына сай екені өндірісте дәлелденген,– дейді Александр Строкатов.

Шілдеде өткен облыстың үздік тауарлары көрме конкурсында аймақтағы «Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» аталымы бойынша бірінші орынға ие болған «SP Jet» ЖШС жыл аяғында үздіктердің үздігі болу үшін бақ сынамақ. «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсына қатыспақ. Облыста, Қазақстанда кездеспейтін өнімді шығарып отырған өскемендік шағын кәсіпорынның бәсекелестері жоқтың қасында. Осындай бірегей кәсіпорын ұжымы өз әлеуетін сақтап, өндірістерін ары қарай дамыта түсуді алдыға мақсат етіп қойып отыр.

Осы айдарда

Back to top button