Үздіктерді үш төсбелгі күтіп тұр
Үздіктерді үш төсбелгі күтіп тұр
Ерінбей еңбек етіп, абыроймен алға қадам басқан адамға берілген атақ артық болмайды. Өйткені әр істің өтеуі болса, еңбегі де өнімді болмақ. Елімізде ешкімнің еңбегі еш кеткен емес. Оған дәлел – жиі-жиі берілетін төсбелгілер мен марапаттар. Алдағы уақытта осындай марапаттардың қатары тағы да үш төсбелгімен толықпақ.
Қазіргі қоғам сұранысына сай үш төсбелгі бекітіліп отыр. Ең әуелгісі технология тетігін меңгерген ІТ саласының үздіктеріне берілсе, екіншісі бизнестің биігін бағындырмаса да, иін қандырғандарға берілмек. Ал үшіншісі күн тәртібінен түспей келе жатқан тіл саласын зерттеушілерге беріледі. Осылайша биыл елімізде «Үздік цифрландырушы», «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгілері өз үздіктерін күтуде. Бұл шүйіншілі жаңалық Премьер-Министрі сайтында жарияланған Үкімет қаулысында көрсетілген.
Төсбелгілердің өзіндік берілу шарттары мен талаптары бар. Заңды құжатта көрсетілгендей «Үздік цифрландырушы» төсбелгісімен өз саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген, өзіне жүктелген міндеттерді адал және жауапты орындап, осы салада кәсібилік танытқан, 15 жыл және одан көп еңбек сіңірген цифрландыру саласындағы үздік мамандар марапатталады. Арнайы маман ғана емес, аталған төсбелгімен ерекше жағдайларда цифрландыру саласындағы ерекше еңбегі үшін басқа салаларда жұмыс істейтін адамдардың да марапатталуына мүмкіндігі бар.
Ал енді «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің жөні де жолы да бөлек. Әдеттегідей тіл саласынан том-том зерттеу жазғандар ғана ала бермейді. Бұл төсбелгімен гуманитарлық сала өкілдері, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан адамдар мен қазақ тілін оқытуға негізделген IT жобалардың авторлары марапатталады. Сондай-ақ гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға жəне дамытуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары төсбелгі иегері атана алады.
Келесі «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісімен бизнес саласында еңбек еткендер марапатталады. Сауда саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және жауапты орындайтын әрі сауда саласында бастамашыл, кәсіпте шеберлік таныта білгендер бұл төсбелгіге қол жеткізе алады. Алайда марапаттың берілу шарты бойынша сауда саласында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар жұмыскерлерге төсбелгі табысталады.
Жемісті еңбектің жеңісі болғаны жөн. Төсбелгіге татитын еңбегі бар жандар қапы қалмай, құжат тапсыруларына болады.
Алтай Ғали-Асқар