СпортТОП

Үздіктер қатарынан көрінді

Шығысқазақстандық полицей Қазан қаласында өткен байрақты бәсекеден олжалы оралды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Еске салайық, осыдан бірер күні бұрын Татарстан астанасында Ислам елдері арасында тұңғыш халықаралық хоккей жарысы ұйымдастырылған болатын. Онда Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Оман, Бахрейн, Қазақстан мен Татарстан сияқты елдердің атынан 12 команда қатысқан-ды.

Аталған іс-шара «Ресей – Ислам әлемі»: KazanSummit-2022» халықаралық саммиті аясында ұйымдастырылғанын айтқан жөн.

Бұл додаға еліміздің атынан «Oskemen» командасы қатысып, оның құрамында әуесқойлармен қатар бірнеше кәсіби хоккейші де болды. Олардың арасында облыстық полиция департаментінің қызметкері, полиция майоры Серік Шідеринов те бар еді. Осы ретте жарыс барысында тамаша өнер көрсеткен біздің команда Ислам ойындарының күміс медалін жеңіп алғанын айту керек.

– Хоккеймен бес жасымнан шұғылдана бастадым әрі кезінде осындай таңдау жасағаныма еш өкінбеймін. Мұндай байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрінген кезде табан ет, маңдай тердің өтеуі болатынын түсінеді екенсің. Жалпы, бұл турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп айтуға толық негіз бар. Ойындардың барлығы тартысты өтті. Жарыс барысында өте шебер қарсыластармен ойнауға тура келді. Бірақ біз де қара жаяу емес екенімізді дәлелдей алдық деп есептеймін, – дейді аға инспектор Серік Сағымбайұлы.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button