Қоғам

Үздік пошта бөлімшесі

Өңір тұрғындары арасында газеттерге деген сұраныс артпаса, еш кеміген емес. Бұл ретте пошта қызметкерлерінің де еңбегі зор.

Кезекті газетке жазылу науқаны барысында «Шығыс ақпарат» медиахолдингі аймақта шығарылатын мерзімдік басылымдарға жаздырту жұмысына тікелей қатысатын аудандық пошта байланысы тораптары арасында арнайы байқау өткізді.

Ең үздік пошта бөлімшелерін анықтауға арналған конкурстың қорытындысы бойынша Алтай, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарының пошта байланысы тораптары көш басынан көрінді.

Бірінші орынды жеңіп алған Алтай ауданы пошта бөлімшесінің ұжымына салтанатты түрде микротолқынды пеш табысталды. Екінші орынды иеленген Тарбағатай байланыс торабының қызметкерлеріне электр жылытқыш сыйға тартылды. Ал үшінші орын алған Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылының пошташылары шәйнекке ие болды.

Газетке жазылу науқаны облыстық және аудандық басылымдар сапалы, шынайы әрі тартымды ақпарат таратудың нәтижесінде ғана емес, сонымен қатар «Қазпошта» акционерлік қоғамына қарасты бөлімшелер қызметкерлерінің ерен еңбегі арқасында да қалың оқырманын жоғалтпай келетінін аңғартты.

– Газеттерді бұрыннан бері жаздыртып келеміз. Бұл отбасымыздың игі дәстүріне айналған. Әрине, теледидар мен интернет те бар, бірақ газеттердегі ақпарат барынша сенімді. Сонымен қатар пошташылар газеттерді әрдайым уақытында әкеп тұрады, өз жұмыстарын адал атқарады. Оларға айтар алғысым шексіз! – дейді Алтай ауданының тұрғыны Наталья Снегирева.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button