Қоғам

Ұйымшылдығы тәнті етті

Ауызбіршіліктің алмайтын қамалы, бағындырмас белесі жоқ. Ең бастысы, ниет және іс жүзіне асырсақ деген қалғымастай құлшыныс. Осынау ізгі қасиетті Қарасу ауылының тұрғындары мен тумаларынан анық көрдік. Көрдік те көз сүйсінтіп, көңіл марқайттық. Өзге қала, облыстарда жүрген қарасулықтарды бірер күнге жинап, бір арнаға тоғыстырған туған жерге деген сағыныш, өз ауылдарына деген айнымас патриоттық сезім екендігінде дау жоқ, сірә.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.

Мұның айшықты көрінісі  «Қарасу – алтын бесігім» атты  ауыл күнінің есте қаларлықтай дәрежеде ұйымдастырылуы. Дүркіретіп той өткізіп қана қоймай, ауылға пайдалы іс келтірді.  Ауыл азаматтары, ойдағы-қырдағы жерлестер бірлесе арнайы қорға қаржы жинап, нәтижесінде су жаңа шағын футбол алаңын жасақтап, қолданысқа берді.

Ауылдық округ әкімі Шалқар Мүслімовтің айтуынша, аудандық бюджеттен бөлінген біраз ақшаға стадион ішіне жасанды төсеніш жайылған. Қалған жұмыстардың барлығын азаматтар өз демеушіліктерімен ақша бірігіп атқарып, стадион құрылысын аяқтаған. Көзі тірісінде бұл идеяға бастамашы болған жерлестері Асқар Талғатұлының есімі стадионға берілді. Бұл да ауылдастың рухына тағзым, білгендік.

«Ата-бабаларымызға, Асқар Талғатұлына қатым түсіріліп ас берілді. Сондай-ақ ауданаралық шағын футболдан турнир және қазақ күресі, волейбол, ұлттық спортымыз көкпардан сайыс өткізілді. Қомақты қаржылай жүлделер тігілді. Әнші Шөкенов Нұржанның (Апош Сарбаз) ұйымдастыруымен гала концерт қойылды. Осы іс-шараны ұйымдастыруға бір кісідей ұйытқы болып, қаражаттың жиналуына демеушілік көрсеткен барлық Қарасу ауылының тумалары: аға-бауыр, әпке-қарындастарымызға және де шараның алдындағы дайындық, тазалық  жұмыстарына белсене араласқан барлық жастарға, ауылдастарыма, екі күн дастархан жағында жүрген апай-қарындастарымызға шын көңіліммен, ниетіммен алғыс білдіріп, рақметімді айтамын. Осы іс-шараны ұйымдастыруға Ақсуаттан келіп-кетіп жүріп өз үлесін қосып, жастарға ақылшы бола білген Қажыкенов Бақытжан ағамызға және Өскемен қаласынан әдейілеп келіп батасын беріп, концертіміздің сәнін келтірген күміс көмей Қыдырмолданов Есмұрат ағамызға рақметімізді айтамыз. Сонымен қатар ұйымдастыру шарасында жастарға бастамашыл бола білген Жұмағалиев Әсет, Шөкенов Нұржан бауырларыма, басқа қалада жүрсе де осы іс-шараның өтуіне атсалысқан аға-бауырларыма ерекше алғысымды білдіремін, – дейді ауыл әкімі Шалқар Мүслімов.

«Туған жерге туыңды тік!» деген қағиданы берік ұстанған қарасулықтардың бұл игі ісіне тек ауыл жұртшылығы ғана емес, аудан халқы да дән риза болды. Әлеуметтік желілерден Қарасудағы   «ауыл тойының» фото, бейне үзінділерін қарап,  астына жазылған жағымды, жүрекжарды пікірлерде есеп жоқ. Бәрі шын жүректен алғыстарын жаудырды.

Осы айдарда

Back to top button