Экономикалық қылмыс

Ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан, ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Қазақстан Республикасы Қаржы Мониторингі агенттігінің облыс бойынша Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан, құрамында 5 адамы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергеуді аяқтады.

Тексеру барысында, ұйымдасқан топтың басшылары 2018-2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атына 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталды. Шындығында кәсіпорындар ұйымдасқан қылмыстық топ бақылауында болып, олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан.

– Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында кәсіпорындардың тіркелу орындары мен фигуранттардың мекенжайларына тінту жүргізу барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары және 9 миллион теңге ақша қаражаты алынды, – дейді департаменттің аға тергеушісі Лейла Искакова.

Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР Қылмыстық кодексінің 262 бабы, 1-тармағы және 216 бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.

Жалпы, өткен жылы аталған департамент осындай қылмыспен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Back to top button