Қоғам

Уәйіс өз көшесіне келді

Уәйіс өз көшесіне келді


Осыдан біраз жыл бұрын аудан орталығындағы Павлодар көшесінің жергілікті тұрғындардың күш салуымен өңірімізден шыққан біртуар азамат, Тамашаның» тарланы Уәйіс Сұлтанғазиннің атына берілгені туралы жазғанбыз. Уәйістің мектепте бірге оқыған жанашыр досы М.Құнапиянов көшенің ресми құжатталуына, көңілдегідей асфальтталуына көп еңбек сіңірген еді. Жақында тағы да сол Мұхаметбек ағамыздың тынымсыз шапқылауының нәтижесінде көшенің басына әйгілі әртістің бейнесі кескінделген ескерткіш тақта орнатылды. Бұл күнде осы шағын ескерткіш ары өткен, бері өткен көпшіліктің көз тоқтатып, қошемет көрсететін қадірлі орнына айналып үлгерді. Өйткен Уәйістің өнерінен теледидар көретін жұрттың жақсы хабардар екенін бәріміз де білеміз.

-Ес білгелі бірге өскен абзал азаматтың есімін есте қалдыру жолында аз жүгірген жоқпын, – деп сыр бөліседі Мұхаметбек қария. – Бірақ мұның өзі оңай болмады. Қаншама есікті қағып, қаншама қаражат жұмсағанымды былай қойғанда, осы ескерткіш тұрған екі шаршы метр жерді алып, рәсімдеудің өзі әжептәуір қиындық туғызды. Қағаз жүзінде 2011 жылы берілген көшені ресми түрде үш жылдан соң әрең рәсімдедік. Кейбір ауылдастарымыздың не нәрсеге селсоқ, жүрдім-бардым қарайтыны жаныңды күйдіреді. Дегенмен осы көшеде тұратын Ж.Нұрымов, М.Бекбауов, С.Қисанов, Т.Байдолдин сияқты белсенді азаматтардың ықыласпен қолдап, қолғабыс жасауының арқасында осынау сауапты шараны жүзеге асырдық. Өз басыма ештеңенің қажеті жоқ, мұның барлығы ауданымыздың мақтанышы болған замандасымыз елеусіз қалмасын деген ойдан туған талпыныс қой.

Сөйтіп, бүгінде Уәйіс ағамыз атына арнап берілген көшеге өр жақтан көз тастап, өткен жанның назарын өзіне аударып тұр. Мұның өзін Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғырудың» айқын бір көрінісі деп тануға әбден болады.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button