Қоғам

Үйлердің дайындығын тексерді

Жылыту маусымы қарсаңында құтқарушылар профилактикалық сипаттағы жұмыстарды күшейтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, бүгінде өңірде халықтың әлеуметтік осал топтары тұрып жатқан пешпен жылытылатын 3 174 үй бар екен.

Газетіміздің өткен сандарында тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында мамандар үйлерді аралап жүргенін хабарлаған болатынбыз. Бүгінде бұл жұмыс толықтай аяқталыпты. Тексеру барысында пеш жағу және электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 1 802 үй анықталды. Аталмыш үй иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ облыс аумағындағы жалпы жеке тұрғын үй секторында  да осындай тексерістер саны артты. Бүгінге дейін мамандармен 17 мыңнан астам аула тексеріліпті. Рейд барысында 4 182 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталған.

«Казцинк» ЖШС-мен жасалған меморандумға сай, аталған компания 2 140 улы газ датчигімен қамтамасыз етті. Дәл осындай датчиктердің 200-ін Катонқарағай ауданының әкімдігі де сатып әперді. Барлық датчик қалалар мен аудандарға үлестірілді. Суық  түскенше дейін олар орнатылып қоюы тиіс»,  деп хабарлайды ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button