Қоғам

Ұстаздар династиясын ұлықтады

Мейрамтай Иманғали

Ұстаздардың төл мерекесіне орай  Өскемендегі Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы  «Үздік педагогикалық эссе» облыстық байқауы өтті. Байқауға  облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі оқу орындарының  оқытушылары қатысты.

Байқауға қатысушыларды облыстық техникалық және кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Зәмзәгүл Өтепова құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– 2021 жылы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде  Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі А.Ислямов атындағы кабинет ашылған болатын. Бұл – аталған білім ордасында ашылған төртінші кабинет. Бүгінгі күні бұл кабинетте студенттер өздерінің теориялық білімін тәжірибе жүзінде жетілдіреді. Асқар Ислямов – өзінің  45 жылдық еңбек жолында артына аса құнды мұра қалдырған педагог. Ислямовтар әулетінің  ұстаздық жолдағы еңбек өтілі – 500 жыл. Әулеттің тұңғышы Ермек Асқарқызының өзі  өмірінің 45 жылын педагогика саласына арнапты, – деген Зәмзагүл Өтепова байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал Абай атындағы педагогикалық колледждің  директоры Фархад Сақанұлы өз сөзінде «Үздік педагогикалық эссе» облыстық байқауының негізгі мақсаты тек ұстаз мәртебесін ұлықтау ғана емес,  осы  әулеттің үлгісінде отбасы құндылығын дәріптеу екенін ерекше атап айтты. Айтуынша, алдағы жылы осынау байқауды республикалық    деңгейде өткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ шараның салтанатты ашылу рәсімінде Ислямовтардың педагогикалық әулеті атынан Ермек Асқарқызы  сөз алды.

– Бұл жалғыз  біздің әкемізге ғана емес, бүкіл ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет. Сондықтан да сіздерге басымызды иіп, алғысымызды айтамыз.

Ұстаз  – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны мен жүрегі, ұстаз еңбегі ең қадірлі ең мерейлі және аса жауапты мамандық деп айтқым келеді.  Баланың болашағы сіздердің қолдарыңызда. Баланың  оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны сіздерге байланысты. Сіздердің Қазақстан азаматтарын өз елінің патриоты етіп тәрбиелейтіндеріңізге кәміл сенемін. Шәкірттеріңіз биік шыңдардан көрініп, еңбектеріңіз ақтала берсін, – деген Ермек Асқарқызы дәстүрге айналған Асқар Ислямов атындағы шәкіртақыны табыс етті. Ұлағатты ұстаз атындағы шәкіртақыға колледждің үздік студенті,  халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы  Әди Алиханов ие болды.

– Шығыста қандай да бір танымал педагогикалық династия бар десек,  Құмаш Нұрғалиев, Бітібаев, Ислямовтар әулетімен мақтанамыз. Осындай педагогикалық династиялардың үлгісінде ұстаздарды ұлықтау өте маңызды.  Қазақ педагогикасының атасы Ыбырай Алтынсариннің «Жақсы ұстаз маған бәрінен де қымбат» деген сөзі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ.   Ендеше бүгінгі байқау ұстаз мамандығына деген жұртшылықтың ықыласын, олардың құзіреттілігін арттыруға себепкер болатын шара деп ойлаймын, – дейді әділқазылар алқасының мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚУ орыс және қазақ филологиясы және журналистика факультетінің қауымдастырылған профессоры, филолгия ғылымдарының кандидаты Сәкен Хасенов.

Сара Асқарқызының айтуынша, отбасындағы он баланың сегізі ұстаздық жолды таңдаған екен. Сара Ислямованың өзі де 1977 жылы Өскемен педагогикалық институтын тәмамдаған соң,  Тарбағатай ауданы, Ласты совхозындағы Ленин атындағы орта мектепте еңбек  жолын бастапты.

– Менің ата-анам қазіргі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеттің ең алғашқы түлектері. 1952 жылы институтты бітіріп, Тарбағатай ауданындағы  Абай атындағы орта мектепте ұстаздық етті.  Жалпы, маған әкем туралы айту өте қиын. Өйткені ол кісі өмірден өткенде мен де өмірімнің мағынасынан айырылып қалғандай болдым, – деді Сара Асқарқызы Ислямова бізбен әңгімесінде.

Айтуынша, әкесінің баспа бетін көрген барлық педагогикалық мұрасы, барлық жазбасы Сараның қолынан өтіпті.  «Әкем   бүкіл жазбасын менімен ақылдасып отыратын» дейді ол.

– Институтты бітірген соң,  папамның қол астында жұмыс істедім. Педагогикалық еңбектің не екенін бойыма сіңірген әкем болатын. Мектептің табалдырығын аттадың ба, барлық проблема артта қалуы тиіс. Барлық ақыл-ойың мен сана-сезіміңді балаға арнауға тиіссің. Өйткені баланың өміріне жауаптысың. Сенің айтқан сөзіңде, сенің тұла-бойыңда, тіпті киген  киіміңде тәрбиелік мән  болуы  керек деп  жиі айтатын еді, – дейді Сара Асқарқызы.

Бүгінде ұлағатты ұстаздың ұрпағы тамырын тереңге жіберіп жайқалуда,  28 немересі, 13 шөбересі бар.  Бес шөбересі Корея, Чехия, Ресейде жоғары білім алуда.

Сонымен «Үздік педагогикалық эссе» байқауы басталып, эссе тақырыбы таңдалды.   Байқауға қатысушы 18 оқытушы  «Неліктен қазір балаларға сабақ беру  қиын?» деген тақырыпта эссе жазды.  Эссе тақырыбын Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, тренер Салтанат Ислямованың өзі таңдап алыпты.

– Эссе тақырыбы білім беру министрі бекіткен аттестациядан өтетін мұғалімдерге арналған тақырыптардың ішінен таңдалып алынды. Жалпы 21 ғасырдың талабына сәйкес қазіргі заманда  әрбір мұғалім зерттеуші тұлға ретінде қарастырылған. Екіншіден, әрбір мұғалім өзінің жұмысына сын көзбен қарауы тиіс. «Неге менің сабағыма оқушылар қызықпайды?», «Неге оларға сабақ оқу қиындап кетті?» деген сұрақ негізінде өздерінің әдістемесін, өздерінің білімділігін,  дағдысын зерделей келе өз жұмысына жаңа көзқараспен қарауы тиіс. Сол мақсатта бұл тақырып   таңдап алынды, – дейді Салтанат Ислямова.

Байқау қорытындысы бойынша, жеңімпаз атанған  оқытушылар Шығыс Қазақстан облысының кәсіптік білім беру орталығының  І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және Ислямовтар әулетінің демеушілігімен қаржылай сертификаттарға ие болды.

Осы айдарда

Back to top button