Қоғам

Ұстаздан жоғары атақ жоқ

Иә, ұстаздан жоғары атақ жоқ, себебі ұстаз барлық мамандық иелерін, ең алдымен, жақсы бір азамат болуға тәрбиелейді. Мүмкін, ұстаздың ең басты міндеті де сол болғандықтан шығар. «Білім мен тәрбие егіз. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деген екен өз заманында ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби. Сол себепті адамның дәрігер немесе ғарышкер болуы, ең алдымен, оның мұғалімінен алған тәлім-тәрбиесіне байланысты болады.     

Менің анам – ұстаз. «Өзгені аялап, уақытын өзгеден аямай» қалтқысыз еңбек етіп жүрген жан. Мені де қоса тәрбиелеп отырады. Өмірден алынған мысалдарды көптеп келтіреді. «Балам, бес саусақ бірдей емес, сондықтан өмірге де сондай көзқараспен қара», – дейді маған. Әрине, мен анамның айтқандарын бұлжытпай орындаймын, себебі мен үшін ол, біріншіден, ана болса, екіншіден, ұлы есімге ие ұстаз.

Алғаш рет қолыма қалам ұстатқызып, әліппені жаттатқызған ұстазымның жөні бір басқа. Мектеп табалдырығын аттағандағы Ләззат Шайханқызының әрбір сөзі күні бүгінге дейін жадымда. Алғашқы ұстазым екінші анамдай оңым мен солымды танытқызды. Әркез ұстазыммен бірге білімнің шартарабына  сапар шеккенде, мен үшін дүниенің есігі айқара ашылғандай болатын. Бұл да ұстаз ұлылығы емей, немене!?

Ал қазіргі ұстазымның есімі – Анар Ахметқызы. Алғаш көргенде ұстазым мені жылы жүзбен қарсы алды. Ұстазымның әрбір сөзі, мейірімге толы жанары бізді тез жақындастырды. Бәріміз лезде бір үйдің баласындай болып, бұрыннан танитындай тез арада бір-бірімізге бауыр басып  кеттік. Бұл сезім қандай құдіретке, қандай күшке ие? Бұл – ұстаз ұлылығы. Бұл сезім «Ұстаздан жоғары атақ жоқ» деген ойдың тағы бір көрінісі емес пе?

Тағы бір айтпақ болғаным, менің білім қуып, дарынды балаларға арналған оқу орнына келгенім мысал бола алады. Мен бұл оқу орны туралы әңгімелерге жақсы қанық болдым. Бұл киелі шаңырақта ұзақ жылдар бойы ұстаздардың ұстазы, дана да дара ұстаз Қанипа Бітібаева ұзақ жылдар бойы оқушыларға дәріс беріп, оларды білім нәрімен сусындатқан. Сондықтан болар, бүгінде бұл мектептің атағы жер жарып, аты аңызға айналған. Бұл мысал «Ұстаздан артық атақ жоқ» деген ойдың дәлелі емес пе?!

Сәл кейінірек шегінсек… 1991 жыл. Ұлағатты ұстаз Қанипа Омарғалиқызы осы жылдың қара күзінде бір топ қазақстандық делегация құрамында Американың Аризона штатындағы Туссон қаласында болып, ондағы білім беру жүйесінің біздікіне мүлдем ұқсамайтындығына таңғалады. Сол жолғы сапарынан қазақтың дара ұстазы ерекше әсер алып қайтады. Ол қандай әсер дейсіз ғой? Ол туралы Қанипа Омарғалиқызы: «Ғажап! Нағыз еркіндігің сонда көрінеді. Шынайы тәуелсіздік, шынайы демократияның не екендігін сол жерден көрдік. Нағыз еркіндіктегі адамның ойлау, пайымдауы да қапастағы жандардан әлдеқайда озық болатынына сол жолы көзім жетті. Биік адамгершілік пен гуманизмнің тұтастығын да сонда жолықтырдым», – деген екен.

Еркін ойлау демекші, бойындағы бар білімінің осынау бір «алтын дәнін» 46 жылдық ұстаздық еткен ғұмырының 36 жылын өткізген қасиетті Жамбыл атындағы қара шаңырақ төрінде жүріп себуге тырысты ғой. Және қалай дейсіз ғой? Қажырлы әрі өлшеусіз еңбек, төгілген маңдай тер, үкілеген үміт, шәкірт алғысы, әріптестері алдындағы бедел, атақ-абырой. Бәрі-бәрі болды саналы ғұмырында.

Осынау бір қасиетті қара шаңырақтың қабырғасында білім алып жүрген кездерімде ерекше байқағаным – гимназия оқушыларының өз ойларын еркін жеткізе білетіндігі, шығармашылық қабілеттерінің ерекше байқалуы, шыңдала түсуге деген құлшыныстары және мұғалімдердің оқушыларының сол қабілеттерінің даралануына оңтайлы сәттерді тудыра білуі. Ол дегеніміз, жоғарыда айтылғандай, «оқушының құралға емес, диалог барысында мақсатқа айналуы тиіс» деген неміс ойшылы Иммануил  Канттың пікірінің нақты дәлелі емес пе?

Болашақ мамандығымды таңдарда мен ұзақ толғандым. Мені сол кездері бірнеше мамандық түрлері қызықтырды. Атап айтсам, мұғалім мамандығы, тіс дәрігері және заңгер мамандығы, тағысын тағылар. Сол үшін болашақ мамандығым жөнінде мен ата-анаммен жиі ақылдасып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдайтын болдым.  Анам маған әр мамандықтың қыр-сырын, артықшылығын, олардың қаншалықты сұранысқа ие екенін айтып түсіндірді.

Ойымдағы мамандықтардың ішінен маған қатты ұнағаны мұғалім мамандығы болды. Соның ішінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы. Оның үш түрлі себебі бар. Біріншісі: маған кішкентай бүлдіршіндерге сабақ берген өте ұнайды. Екіншісі: менің үлкен отбасымда ұстаздық ететін туыс әпкелерім, ағаларым көп. Мен кішкентай күнімнен соларға еліктеп өсіп келемін. Үшіншісі: маған ұстаздық еткен пән мұғалімдерінің тәрбиеге бай әрбір сөздері, ұстаздық келбеттері маған ой салатын. Мен сондай кездерде  өзімді ұстаз апайларым мен ағайлардың орнына қойып, болашақ мамандығымды елестетемін.

Иә, ұстаздан жоғары атақ жоқ. Шәкірті ұстаздан озып, ұстаз үмітін ақтап жатса, еңбегінің жанып, үкілеген үмітінің ақталғаны емес пе? Ұстаз үшін ең жоғары атақ, ең үлкен тағзым осы ғой.

Ұлпан Қуанғанқызы, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің

 ІІ курс студенті

Осы айдарда

Back to top button