Қоғам

Ұстаз жайлы толғаныс

Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім

«Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,

Бейнеңді қиялымда қыстатқанмын.

Есімде, «Әліппені» жаттатқызып,

Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның…».

      Осылай деп шырқалатын әнді бала күнімізден жаттап, сахнада айтып жүрдік қой. Осынау сазды да тебіреністі әуенді кеңес дәуірінің оқушылары тегіс біліп, қосыла шырқап өскені шындық. Қазіргі уақытта халықтың тілі де, ділі де өзгеріске ұшырап, бұрынғы қасиет тұтқан ұғымдардың кейбірінің мәні жоғалып, қасиет-қадірі азайып кеткені жалған емес. Бүгінгі жастардың   түсінігі бұрынғылардан көп өзгеше екені де рас. Қалай десек те, нағыз ұстаздың орны қашанда бөлек, қадірі әркез жоғары.

Қолға қалам алып, біраз жерді ойша  шиырлап қайтпақ болғанда есіме алдымен түскені –  алғаш мектеп есігін ашқанда анамыздай қарсы алып, тәлім берген, сәби жүрегіне жол тауып, емен-жарқын сырласқан бастауыш кластың мұғалімі еді. Бірінші класқа барғанда бізді таза қазақтар тұратын Қойтаста «орыс апай» оқытты. Бұл Надежда Яковлевна Малдыбаева деген байырғы ұстаз болатын. Надежда апай бүгінде есімі жалпақ жұртқа мәлім қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың туған інісі Құмарбек Малдыбаевтың жолдасы еді. Бір қызығы, ол кісі қазақша сондай таза білетін, бізді де ана тілді құрметтеуге, мүкіссіз таза сөйлеуге баулыды. Бұл сөзімді Қойтас орта мектебінде оқыған, Надежда апайдан тәлім алған әлденеше буын өкілдерінің қуаттайтынына күмәнім жоқ.

Апайдың жолдасы Құмарбек Есжанұлы соғысқа қатысқан майдангер ретінде есімізде қалды. Ағамыздың мініп алып, үнемі шапқылап жүретін ескі мотоциклі бар-тын. «Бұл немістің мотоциклі, Құмарбек Есжанұлы соғыста бір фашистен тартып алыпты», – деген ересек балалардың сөзіне біз имандай сенетінбіз. Ол кісі де ұстаздық етіп, шәкірттерге еңбек сабағынан дәріс берді. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, келбетті адам еді. Сөйтсек, ол да ағасы Жақыпбектің жолын қуып, Харьковте әскери ұшқыштың оқуын оқыған екен. Бірақ соғыс басталып кетіп, оны толықтай бітіруіне кедергі жасаған. Құмарбек ағамыз жаумен жан аямай шайқасып, «Даңқ», «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, 12 медальмен марапатталған нағыз батырдың өзі болыпты.

Ерлі-зайыпты ұстаздарымыз  өте еңбекқор болды, ол кезде бірыңғай мал өсірумен айналысатын Қойтаста бақша салып, түрлі жеміс өсірген де осы Малдыбаевтар болатын. Құмарбек ағай үй жанынан ағатын бұлақты бөгеп, бақшалыққа арық тартты, ал бөгелген суда қаз-үйрек қаптап жүретін. Ол кісінің тіпті жабайы сарыалақаздың балапанын өсіріп, ұшып кетпесін деп қанатын қырқып асырағанын да көзіміз көрді.

Әлгі бөгелген суды балалар «Малдыбайдың суы» деп атап, кешке дейін сол «айдында» шомылатын еді. Әрі-беріден соң лайланып, балшығы бетіне шығып кететін сол судың қызығы жаз бойы басылмайтын.

Біз «Құмарбек ағай апайымызды соғыстан алып келген болар» деген ойда жүрдік, сөйтсек, әңгіменің төркіні басқашалау болып шықты.

–  Мамамның ата-анасы ерлі-зайыпты Головащенколар соғыс кезінде Украинадан эвакуациямен келген екен, – деп түсіндіреді Малдыбаевтардың Күршімде тұратын екінші қызы Рая апайымыз. – Алдымен Целиноград облысындағы Красная Поляна деген жерде тұрып, кейіннен жылжи-жылжи Зайсанға табан тірейді. 11 баласы бар отбасында өскен анамыз дүниеге сол Целиноград жақта келіпті. Ол кісі көзін ашқаннан қазақ балаларымен ойнап, мектепті де қазақ тілінде тәмамдаған көрінеді. Зайсанда Малдыбаевтар мен Головащенколар көрші тұрған екен. Осылайша, жастайдан жүрекпен түсініскен екі жас бертін келе өз алдарына шаңырақ көтеріпті. Сол тұста екеуі де Зайсан педучилищесінде оқып, ұстаздық білім алған екен.

Аласа бойлы Надежда апай домалаңдап шапшаң жүретін еді. Мектеп дәлізінде шулап жүрген көп баланың арасынан ол кісінің таяп қалғанын аңдамай қалып, талай таяқ та жегенбіз. Таяқ болғанда, ол ашуланғанда кішкентай саусағымен самайдан нұқып жіберетін. Онысына өзі бір нәрсені қиратып тастағандай: – Өткен жолы жеген таяқтан еш нәтиже шығармағансың ба? –  деп әжептәуір қоқиланатын еді. Әйтпесе апайымыздың  әжеміздей қамқор болып, бар пейілімен тәлім бергенін қалай ұмытайық?

1970 жылы Малдыбаевтар аудан орталығына көшіп кетті де, біз олармен сирек көрісетін болдық. Ақсақал 1994 жылы дүниеден өтті, апайымыз 1999 жылы қайтыс болды. Балалары «көзің жұмылғанда қайда жерлейік?» деп сұрағанда ол кісі ойланбастан:

–  Қайда жерлемекші едіңдер,  шалымның қасына қоясыңдар! – деп кесіп айтқан екен. Сөйтіп, Надежда Яковлевнаны ел болып жиылып, қазақ зиратына, құдай қосқан қосағының жанына жерледік. Өмір бойы ұлттар достығының айқын үлгісіндей болып келген өнегелі отбасының отанасы бақиға аттанғанда да сол үлгісінен танбай, ұстанған бағытына адалдығын дәлелдеп кетті.

Жаны жайсаң, көпшіл де еңбекқор жандар соңдарында тек жақсы аттарын шығарып жүретін тәрбиелі де білімді ұрпақ қалдырды. Үлкен ұлдары Нұрлыбек атасы мен әкесінің жолын қуып, әскери ұшқыш болды, ұзақ жылдар бойы ұшақ тізгінін ұстап өтті. Үлкен қыздары Галина (марқұм) сол Қойтаста медбике болып, зейнет жасына дейін еңбек етті. Екінші ұлдары Болат көп жылдар Күршімдегі ДЭУ-213 кәсіпорнын басқарды. Раиса Қалғұтыда ширек ғасыр медбике болып еңбектенді. Римма пединститутты, Жанат құрылыс-жол институтын бітіріп, өз салаларының нағыз маманы атанды. Бүгінде Нұрлыбек, Болат, Жанаттар Өскеменде тұрады, Римма Алматыда тірлік кешіп жатыр. Раиса (Рая) апайымыз Күршімде, ел-жұртының ортасында бақуатты өмір сүруде. Қазір олардың барлығы – зейнеткерлер. Ардагер ұстаздардан өрбіген 16 немере мен 36 шөбере ата-әжелерін  мақтан етіп келеді.

Осы айдарда

Back to top button