Қоғам

Ұстаз болудың басты формуласы – іздену

  «Мұғалім – мектептің жаны» деген екен алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, ұстаздық ұлы қасиет. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған  жандарға қандай мақтау мен мадақ айтсақ та артық етпес. Осы орайда біз Үлкен Нарын ауылдық лицейінің жоғары санатты  физика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагогика саласында  қырық жылға таяу қызмет етіп келе жатқан ардақты ұстаз Гаухар Садықованы әңгімемізге арқау етпекпіз.

МЕНІ ІЗБАСАРЫ РЕТІНДЕ КӨРДІ

Гаухар Қайролдақызы береке-бірлігі ұйысқан  Берел ауылында,  көпбалалы отбасында  дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдарының қатарынан еді. Әкесі Қайролда «Өрел» совхозында көп жыл бойы  алдыңғы қатарлы механизаторлардың бірі болса, анасы Клара үй шаруасындағы  жан  болған-ды.

– Әкеміз бен анамыздан  екі ұл, алты қыз тарайды.  Менің алдымда бір ағам,  менен кейін бес сіңілім мен бір бауырым бар. Қазір жетеуміз, үйдегі ең кенже сіңлім мезгілсіз дүниеден озып кетті.

Гаухар Қайролдақызы Берелдегі сегіз жылдық мектепті бітіріп, 9-10-сыныпты көршілес Өрел ауылынан оқиды. Бұл 1980 жыл болатын. Осы жылы Өскемендегі педагогикалық институтқа оқуға түсіп,  физика және математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша  бес жыл жоғары білім алады.

– Негізі мен мектепте қазақ әдебиеті мен химияны ұнаттым. Физика мен математика мұғалімі мамандығын игеруге маған сол кездегі  сынып жетекшім Тәбарак ағамыз ықпал етті. Ол  маған: «Физика мен математиканы таңда, менің ізбасарым боласың, саған деген үмітім зор» деп кесіп айтқан соң, ақылына құлақ астым. Осылайша, ұстазымыздың бізге артқан зор сенімі мен үмітін қайткен күнде де ақтап шығу үшін оқуымызды жақсы оқып, институттағы берген білімді санамыз бен бойымызға барынша сіңірдік. Сөйтіп, оқу бітіріп, қайтадан ауданға жолдамамен келіп, осындағы Парамоновка ауылындағы орта мектепке жұмысқа орналастым, – дейді Гаухар Садықова.

Парамоновкада Гаухар Қайролдақызы 18 жыл еңбек етеді. Осында құдай қосқан өмірлік жары Бекболатпен танысып, шаңырақ көтеріп, өмірге екі қыз әкеліп, оларды ешкімнен кем етпей ел қатарлы өсіріп, тәрбие берді.  Бүгінде өкінішке қарай  Парамоновка ауылы да, ондағы  мектеп те  жабылып қалды. Себеп біреу, мектепте бала саны аз, ауылда жұмыс орны жоқ, жұмыс болмаған соң тұрғындар жаппай қалалық жерге немесе аудан орталығына қарай көше бастады. Сөйтіп, бір кездері тұрмысы шалқып тұрған ауыл аудан картасынан ізім-қайым жоғалды.

– Парамоновка деген атауы ұнады маған. Сөйтіп, осы ауылды таңдап бардым. Қыздарымның әкесі, шаңырақтың ұйтқысы болған отағамыз осыдан 10 жыл бұрын дүние салды. Ол да қарапайым еңбек адамы болатын. Жас кезінде совхозда механизатор боп еңбек етті. Отбасында  жақсы әке, адал жар, жора-жолдастарының арасында қимас дос боп есте қалды.

2003 жылы Парамоновкадағы мектептен Үлкен Нарындағы ауылдық лицейге ауыстым. Сол уақыттан бері осы білім беру ошағында тапжылмастан 19 жыл еңбек етіп келемін, – дейді ұлағатты ұстаз.

Бүгінгі таңда Гаухар Қайролдақызы  Үлкен Нарын ауылдық лицейінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Бұл қызметті абыроймен атқарып жүргеніне биыл 13 жыл болды. Гаухар Садықованың қатардағы қарапайым мұғалімнен мектеп басшысының орынбасарына дейінгі жеткен  биігі  көп жылдар бойындағы еңбектің, өз мамандығына деген кіршіксіз таза махаббаты мен адалдығы, жоғары жауапкершілігі  деп түсіну керек.

– Мұғалім болу оңай шаруа емес. Егер оны  біреулер жеңіл-желпі жұмыс деп санап, оған үстіртін қараса,  қатты қателескендігі. Ұстаз боламын деп ұмтылып жүрген жастарға менің айтар ақылым, әуелі, бұл кәсіпті бар жан-тәніңмен сүйіңдер, жүректерің қалап тұрсын. Жүректерің қалаған мамандыққа ғана барыңдар. Екіншіден, мұғалімдікті таңдаған екенсіңдер, онда осы қызметтің ең шыңына жетуге тырысу керек. Ол үшін кәсіби шеберліктеріңді ұстаздыққа аяқ басқан күннен бастап шыңдап, күн сайын жетілдіріп отырыңдар. Әркім өз мамандығының хас шебері болмай, айтарлықтай нәтижеге жете алмайды. Бір сөзбен айтанда, мұғалім үнемі ізденіс үстінде  жүруі керек.  Не өсесің, не өшесің… Міне, мамандықты игерудегі  басты формула осы. Мен өзім ұстаздық жолда 40 жылға таяу жүрсем де әлі күнге дейін өзімді-өзім жетілдіріп, өзімді-өзім қамшылап отырамын. Себебі, мен алдымда отырған шәкірттеріме жауаптымын. Олардың саналы әрі білімді азамат болып шығуы менің кәсіби білімділігіме байланысты. Осыны ұмытпауымыз қажет, –  деп кейінгілеріге ақыл-кеңесін айтады   Гаухар Қайролдақызы.

ЕҢ ЖАС ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ

Гаухар Қайролдақызының  екі қызы да аналарының жолын қуып, бүгінде ұстаздықта талмай еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, үлкен қызы Гүлшат Өскемендегі гуманитарлық колледжде, кейіннен жоғары  оқу орнында білім алып, қазіргі таңда Өскемендегі №24 мектепте бастауыш сынып мұғалімі  болып жұмыс істесе, кенже қызы Самал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технология және энергетика факультетінде инженер мамандығын  ойдағыдай бітірген соң, өз саласы бойынша оқуын магистратурада жалғастырады.  Оны тәмамдаған соң, ғылымға бет бұрып, 2019 жылы Алматыдан докторлық диссертациясын сәтті  қорғап шығады. Небары 30 жасында ғылым докторы атанады. Ауданымыздан шыққан арулардың ішіндегі ең жас ғылым докторы деуге болады. Бүгінгі таңда Самал елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде аға оқытушы болып жемісті еңбек етуде.

Гаухар Садықова мен қыздарының ұстаздық жолы мінеки, осылай өрбіп келеді. Шәкірттерінің жүрегінде із қалдыратындай Гаухар Қайролдақызындай ұстаздар көбейе түссе екен деген тілек қана бізде.

Тимур Смағұлов

Осы айдарда

Back to top button