Ұшқыштарға сақал-мұрт өсіруге болмайды

«Сөздің көркі – мақал, жігіттің көркі – сақал» деген қанатты сөзді естіп өскен қазақ халқы үшін сақал қоюдың мәні зор. Қоғамның бір тобы сақал-мұрт ер адамға көрік береді десе, енді бірі мүлдем қарсы. Алайда кейбір мамандық иелеріне сақал қоюға тыйым салынған. Оларды айтпай-ақ түсініп отырған боларсыздар. Солардың бірі – ұшқыштар. Ер адамдар бұрын сақалда бактериялар болады деген пікірмен келісіп, бас тартқан-ды. Бірақ не түрлі үлгіде сақал қойып, тіпті оларға ерекше күтім жасайтындар да жоқ емес. Ал ұшқыштар мен әскери қызметкерлерде ондай мүмкіндік болмай тұр, неге?
ХХ ғасырдың басында әскери қызметкерлер мен ұшқыштарға химиялық қаруға байланысты сақал қоюға тыйым салына бастаған. Газ тұтқыш бас киім киер кезде де кедергі келтіреді деген тәртіп бар.
Ал ұшқыштарға ұстара неге дос болып кетті деп ойлайсыз? Әдемі көріну үшін? Жо-жоқ, қателесесіз. Оның бәрі жолаушылардың амандығы үшін. Өйткені ұшқыштар әуеде кислоттық маска тағады. Сақал-мұрт маска тағарда кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ психолог мамандар сақал-мұртсыз адамдардың үлкен сенімге ие екенін айтады.
Қысқасы еңбек демалысында болмаса, жұмыс бабына қарай ұшқыштар ұстарамен жүруге мәжбүр.
Балауса Мэлсқызы