Үш негізгі қағидатты ұстанады
Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенттігіне кандидат ретінде республикалық қоғамдық штабқа барып, үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдер жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабының, жастар алаңының жұмысымен танысты.
Штаб құрамына 474 адам енген. Олардың арасында Халықтық коалицияға біріккен ұйымдардың белгілі азаматтары, ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, Парламент депутаттары, жастар, басқа да тұлғалар бар. Еліміздің аудан-қалаларында 226 штаб құрылып, 6 мыңнан астам адам қызмет етеді.
Республикалық штаб мүшелері еліміздегі 200-ден астам елді мекенді аралап шығуды жоспарлап отыр. Республикалық және өңірлік штабтар 52 мыңнан аса іс-шара өткізбек.
Жалпы, үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық коалицияның 7,5 мың белсендісі тартылды. Сондай-ақ 30 мың сенімді өкіл тіркеліп, сайлау күні барлық учаскелерде жұмыс істеу үшін 20 мыңға жуық бақылаушы дайындалды.
Республикалық және өңірлік қоғамдық штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев барлығына сенім артқаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Сайланған жағдайда Президент лауазымындағы жұмысында әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам сынды үш негізгі қағидатты ұстануға ниетті.
– Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамудың даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.